Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Банкке «сауынды сиыр» болуға келіспесең…

09.10.2021, 11:00 472

HALYQLINE.KZ Кредит алдың екен, оны өзің төле! Төлеуге шамаң келмей ме, алма! Әрі-беріден соң банктен несие аларда оның сұрауы боларын білдің! Банкке «сауынды сиыр» болуға көндің! Процентіне келістің! Алда-жалда төлей алмасаң, түбі не болатынын ұқтың!

Банктің мақсаты — саған қаржылай қолдау көрсету емес, сенен пайда табу екенін түсіндің!

Енді сен кредитіңді төлей алмағаның үшін неге сот орындаушы таяқ жейді? Әлде, сол таяқ жеген сот орындаушы сені қарыз алуға мәжбүрлеп пе еді? Ескертпестен үйіңе жетіп барды ма? Банк жүйесін сол ойлап тапты ма екен? Шешімді, заңды сол шығарды ма?

Ақшаны сен алдың, қарыз – сенікі, жауапкершілік те – сенің мойныңда.

Енді далада қалғалы тұрғанда байғұс сот орындаушының не кінәсі бар? Ол – жай ғана міндетін атқаратын қызметкер.

Қызық ше, сен кредит аласың, қажетіңе пайдаланасың. Ал төлей алмасаң, бүкіл ашуыңды оған төгесің. «Қарға ашуын тырнадан алады» деген.

Бүкіл әлемде сот орындаушыларды осылай ұрып-соға беретін болса, қалай саналы қоғам қалыптасады?
Біреуді ұрғанша, өз басыңды ұрмайсың ба, «неткен мисыз едім. Экономикалық санам дамымай қалған, қаржылық сауаттылығым төмен. Банкке барған, келісімшартқа қол қойған өзім кінәлі, жоғары процентіне келіспеуім керек еді. Сотқа жеткізбей, бір амалын қарастырсамшы! Какой привет, такой ответ» деуіме мүмкіндік болды» деп ше…

Банкке «сауынды сиыр» болуға келіспесең, ешкім мәжбүрлемейді. Келістің екен, сауатты түрде күресетін жүйкең мықты болсын! Оның үстіне олардың «көрпені өзіне қарай көбірек тартатынын» түсінесің!

Сот орындаушыны ұрып-соққаннан, боқтағаннан ештеңе өнбейді. Сенің құр ашуың жүйеге көк тиын.

Шапағат Сердалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: