Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балаларға арналған контент неге жұтаң?

09.03.2023, 11:20 564

Күнде үйде кішкентай ұлыммен бірге «Balapan» телеарнасын көріп отырып, осы сауалға үнемі жауап іздеймін. Бұл арнада бала қызығып көретін мультфильмдер, қазақ тіліндегі қысқаметражды көркем фильмдер жоқ емес. Бірақ… ұлым оның бірін көріп алған соң, орыстілді арналардан «Өрт сөндіруші Сэм» («Пожарный Сэм») атты мультфильмді тағатсыздана күтіп, қызығып көреді. Баланың күнделікті талғамына сай келетін, адамды жақсылыққа жетелейтін, ізгілік пен мейірбандықты дәріптейтін басқа тілдегі мультфильмді бала түгілі үлкендер де тапжылмай отырып, біткенше көреміз.

Отандық телеарналарда балалар мен ата-аналары бірге отырып, тамашалайтын туындылар бар. Бірақ… олардың дені ойын-сауыққа, арзан күлкіге, баланың көңіл күйін уақытша көтеруге ғана лайықталған сияқты көрінеді. Бала үлкендерден нені көрсе, соны қайталайды. Сол сияқты, көгілдір экраннан, кітап пен журналдан нені оқыса, соған еліктейді. Психикасы солай. Осы тұрғыдан алсақ, біздің балаларға ұсынып жүрген контентіміз жұтаң екеніне көз жеткізесің. Неге бұлай? Мәселені өзімізше талдап көрейік.

Қазақша мазмұндағы дүниелерді көретін кішкентай көрерменнің сұранысы, талғамы қандай? Әлбетте, қызықты оқиғаларға құрылған мультфильмдер, қысқаметражды кинолар. «Balapan»-дағы «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көріп жүргені рас. Бірақ, олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қояды. Кішкентай көрермендер де қайталап көре береді. Біраз уақыттан кейін, одан жалығып, басқа тілдегі телеарналарға ауысады. Мысалы, шетел тілінен аударылған «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызықты. Себебі, баланың психикасына қарай жалықтырмайтын, өзіне тартып алатын оқиғалардан құралған. Яғни, балалар аудиториясының сұранысына нағыз келетін дүниені әлемдік нарыққа шығарған.

Қазіргі балаларды қандай нәрселер қызықтырады дегенге келейік. Сөздің шындығы сол, бүгінгі балалар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ емес. Интернет біздің өмірімізге дендеп енгеннен бері, жаңа медианы танып-білетін, соның игіліктерін толық пайдалана алатын заманауи ақпарат алу форматтарын меңгерген буын өсіп келеді. Қазір кез келген жастағы баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін басып, өзіне қызықты дүниелерді тауып алады. Өкініштісі сол, интернетте мемлекеттік тілдегі туындылар өте аз. Сол себептен ата-аналар балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты ең танымал мультфильмдерді қосып береді. Мысалы, YouTube-та «Маша и медведь»-ті 2 миллиард адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше, қазақ тіліндегі мұндай өнім жоқ. Телеарналарда да, интернетте де қазақ тіліндегі балалар контенті жұтаң деп отырғанымыз осыдан.

Еліміздегі 6-74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылардың үлесі 78,2 пайызды құрайды. Интернет жылдам ақпарат тарататындықтан оны тұтынушылардың үлесі осынша өсіп отыр. Мұны жай ғана нәрсе деп қабылдамауымыз керек. Интернеттегі баланың психикасына кері әсерін тигізетін сайттардың кесірінен қаншама баланың өміріне үлкен қауіп төнуде. Кибербулинг тақырыбы бұл жерде өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жерде әлеуметтік желілерден келіп жатқан қауіп-қатерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Бір ғана YouTube пен Whats App-та қаншама зиянды, қауіпті ақпарат бар. Олардың бәрі баланы зорлыққа, агрессияға, қырып-жоюға үндейді.

Демек,  біздің  алдымыздағы  ең  үлкен  мәселе – балалар  аудиториясын терең зерттеп, ақпарат тұтынуға қатысты мониторинг жасалып отыруы керек. Бұл міндетті медиа саласында ашық, тәуелсіз зерттеулер жүргізетін үкіметтік емес институттарға жүктеуге болады. Алайда, ондай институттар бар ма бізде? Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі статистикалық мәлімет берумен ғана шектелетінін ескерсек, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты мәселенің әлі ешкімді ойландырмайтынына  көз  жеткіземіз.

Өткен жылы Мәжіліс балаларды буллингтен қорғайтын заң қабылдады. Бірақ… сол заңның толық жұмыс істеуі үшін әрбір ата-ана құқықтық жағынан сауатты болып, заңның орындалуына үлес қосуы керек. Балалардың әлеуметтік желілерге, виртуалды ойындарға тәуелділігі деген мәселе тағы бар. Отандық сарапшы-мамандардың зерттеуіне сүйенсек, қазіргі кезде ата-аналардың 49,7 пайызының белгілі бір себептермен (жұмыстан қолы босамайды, үйдегі шаруадан бос уақыты жоқ және т.б.) балаларымен үнемі уақытын өткізуге мүмкіндігі жоқ. Яғни, ондай отбасылардың балалары күні бойғы уақытын өзі жоспарлайды, өзі өткізеді. Ондай ата-аналар баланың қауіпсіздігі үшін қажетті қарапайым қағидаларды да ұстанбайды. Мысалы, теледидар көріп отырған балаға ата-аналар бақылауы деген бағдарламаны қосуға болады. Бұл бағдарлама соңғы үлгідегі барлық теледидар модельдерінде бар. Ол арқылы күдікті контентті, қажетсіз қосымшаларды бұғаттап тастауға мүмкіндік бар. Тіпті, баланың экранның алдында қанша сағат отыратынын шектейтін тетіктерін де қосуыңызға болады. Бәлкім, бұлардың балалар контентіне қатысы жоқ деп ойлайтын шығарсыз. Алайда, мазмұн деген нәрсеге баланың не көретіні, не тыңдайтыны, не қабылдайтыны бәрі маңызды.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Сіз  не  дейсіз?

Үкілай  БЕСТАЙ,  журналист:

– Балаларымыз бүкіл видеоны орысша көреді. Қазақтілді отбасында өсіп жатса да, тілі орысша шығып жатыр. Неге? YouTube-те қазақша әрі қызықты контент жоқ. Балаларды қызықтыратын видео тек басқа тілде. Фейсбуктен оқып жүргенімдей, бұл өте көп отбасының проблемасына айналды. Кейбір ата-ана онша мән бермей жүрген шығар, бірақ бұл – үлкен проблема. Айтамыз да, қоямыз. Енді әрекет ету керек. Үкімет араласпаса, қолдау болмаса, бұл ұсыныс та далада қалуы мүмкін. Тұтас орыстілді ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан, оған қарсы күрес ретінде 10 бастама көтеріп отырмын.

1. Бүлдіршіндерді қызықтыратын музыкалық, балаларға арналған қазақша әнмен көркемделген танымдық видеолар керек.

2. Балаларды тәрбиелеп жатқан (мойындау керек) осы видео жазбаларды дайындайтын арнайы бір студия ашылуы тиіс.

3. Қазақтілді аниматорлар көбеюі керек. Ойын арқылы тіл үйрену оңайырақ.

4. Қуыршақ театрының әртістері музыкалық, қызықты қойылымдарын YouTube арнасына шығарса, балаларды баулитын видео контент жасаса дұрыс болады.

5. Балаларға арналған қызықты, жеңіл сценарийлер жазылса. Байқау арқылы үздік жазбалар таңдалып, қысқа видео-жазбалар болса.

6. Ойыншық сататын дүкендер мен ойын-сауық алаңдары YouTube-ке шығатын актерлер немесе ата-аналар арқылы жарнама жасап, өнімдерін сата алатын еді. Балалар негізінен осындай видео жазбаларды қарайды.

7. Бүлдіршіндер  ғана  емес,  бүкіл  бала  видео  подкасттарды орысша  көреді. Бұл деген бүкіл ұрпақты өз тілінен айырып жатыр. Қазақша  ойлай  алмайтын буын өсіп келеді. Қазақтілді вайнер-ютюберлерді  дайындау  керек.

8. Осы  ұсыныстарды  билік басына жеткізіп, арнайы жұмыс тобы құрылып, бала тәрбиесіне қазір мән беруіміз керек. «Балаға планшет берме, компьютер қаратпа» деп шектейтін заман емес, қарасын. Тек шектеулі уақыт және өз тілінде қарауы тиіс. Тілі қазақша шығып, өз тілінде ойлауы қажет.

9. Елдегі  кинотеатрлар  қазақша  мультфильмдердің көрсетілімін  көбейтуі керек. Соңғы анимация – «Мұзды  өлкенің» көрсетілімі  күніне  көп дегенде 2  рет  қана, орысшасы әр сағат сайын өтіп  жатыр. Кейбір  кинотеатрлар  мүлде  қазақша көрсеткен  жоқ. Барлық  мультфильм  қазақша   дыбысталуы тиіс.

10. Бұл  мәселе  тек  ана  тілінің  болашағын  ойлайтындар мен баланың  келешегіне  алаңдайтындар  үшін  ғана емес, күллі қазақстандықтар  басымдық  беруі  керек  жағдай.

Бэлла  ОРЫНБЕТОВА, 

«El.kz»  интернет  жобасының  редакторы:

– Біз аудиторияға арнап емес, өз потенциалымызды көрсету үшін, яғни, сайтты, эфирді, басылым беттерін толтыру үшін қызмет ететін сияқтымыз. Мысалы, балалардың танымына бейімделген контент не үшін керек? Қазір дүниетанымы толығымен интернетте қалыптасқан, жаңа медиа форматында өскен буын жетіліп келеді. Бала құлақ, мұрын, машина деген сөздерді айтудан бұрын смартфонның, планшеттің блогын шығаруды және өзіне керекті контентті қосып үйренуі мүмкін. Олар достық, махаббат, адамгершілік, Отан деген  ұғымдарды  интернетте  берілген  контент  негізінде  қорытып, ой түйеді.

Пікірлер:
  • Сәлеметсізбе! Дәл осы жағдай бізді де алаңдатып казіргі уақытта балалардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып қазақша тәрбиелеу мақсатында “Shanyrak” атты балаларға арған ютуб жоба бастадық. Бұл жобаның басталғанына 1жылға жақын уақыт болды, 1 жылдың ішінде қаралым саны 20 миллионға жетті.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: