Бәрі қоғамдық көлікте басталды. Автобустың соңғы қатарында отырып, бәрінің автобус жүргізушісіне «тоқта» дегенінде жан-жағыма жалтақтадым. Қарасам, 2 немесе 3-сынып оқушысы болса керек, сөмкесінің ауырлығынан, аялдамада автобусқа кірген адамның көптігінен, есік жабыла бере шалқасынан құлап жатыр екен. Абырой болғанда жарақат алмады. Егер сол жерде бір жағдай болса, онда оқушылардың ауыр сөмкесі жайлы айтылып жүрген әңгіменің бәрі ақиқатқа айналар еді. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ біздегі биліктің айтқанын іске айналдыруына жазатайым оқиға ғана септеседі. Әйтпесе «төрдегілердің» тірлік бастауы қиын. Әлқисса…
Көптен бері көтерілгенімен, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе – бұл. Бастауыш сынып оқушыларының ауыр сөмкесін көрсең, жаның ашиды, бірақ «біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді» демекші, өзгенікін өзінікіндей көрмейтіндер мәселеге нүкте қоя алмай жүр.
Айтпақшы, ауыр сөмкенің салмағын білесіз бе? Сөзімізге тұздық болу үшін орта мектепте оқитын 2-сынып оқушысының «дорбасын» таразыға ілдік. Төрт келіге тарта кітапты көтеретін бүлдіршінге ауыр салмақ – бұл. Оқу жылының басында денсаулық сақтау министрлігіндегілер оқушылардың ауыр сөмке асынатынын ескеріп, осы тұрғыда денсаулықты күтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Десе де, мәселенің шешімін табу тек ата-ана мен медицина қызметкерлерінің қолында ғана емес. Мектеп те балалардың денсаулығына тікелей жауапты. Осы тұста Қызылорда қалалық білім бөлімінің бас маманы Қанат Әбдіқадіров оқушылар денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығымен «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларының 74-тармағына сәйкес қанша салмақтағы сөмкені арқалауы керек екенін айтты.
– Енді күн сайынғы оқу cөмкесінің салмағы 1-3-сынып оқушылары үшін 1,5-2 келі, 4-5-сынып білім алушылары үшін 2-2,5 келі, 6-7-сыныптың білім алушылары үшін 3-3,5 келіден аспауы тиіс, – деді.
Ал остеопат Гүлнар Ағатаева өз тәжірибесінде балалардың ауыр сөмкелерінің денсаулыққа тигізер зиянын жиі көретінін айтып, дабыл қақты.
– Мектепте оқитын балалардан кифоз, арқадағы сколиоз диагнозымен келетіндер бар. Балалар арқалары қисайып, бастары алға кеткен, дұрыс, түзу тұра алмайтын жағдайға жеткенде ата-аналар алып келеді. Бел омыртқаға жүк екі жақтан тең түспегеннен, салмақ ауып кеткеннен сколиоз, арқа бел омыртқасы қисая бастайды. Балалар шаршаңқы болады, тіпті ашушаң кезге көп ұшырауы мүмкін. Сонымен қоса, ақпаратты қабылдауы өте қиын болады. Балалардың сөмкесі стандартқа сай болу керек, – деп атап өтті.
Бұл бүгін көтерілген мәселе емес. Бұған дейін тиісті министрлік өкілдерінен бөлек, Мемлекет басшысы да осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, мәселені шешу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Президент «Балалар оқулыққа толы ауыр сөмке тасуға мәжбүр деген шағымдар көптеп түседі. Бұл балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан оқу материалдарын цифрлы форматқа ауыстыруды жеделдету қажет деп санаймын» деді. Осы тапсырманы іске асыру бойынша сол кездегі Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мамандарға тапсырма бергенімен, бүгінге дейін шешімін таппады. Бір күндері оқулықтарды электронды оқу құралына көшіреміз деп жалаулаған ақпарат бұқараның талқысына түссе де, нақты келісімге келу мүмкін болмады.
Бірнеше жыл бұрын сол кездегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастауыш сынып оқушыларының ауыр сөмке мәселесін шешудің «инновациялық жолын» ұсынған еді. Ол 1-сынып оқушылары сабақты кітаппен емес, планшетпен өтуі керек деген пікірін білдірді. Бұл идеяны ҚР бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов та қолдап, білім саласына осындай «жаңашылдық қажет» деген болатын. Ұсыныс Үкімет отырысына жолданды, алайда қоғамда бұл жаңалық түрлі пікірге ұшырады.
Министрлердің айтуынша, планшеттер ауыр сөмкелерден құтылудың тиімді тәсілі болар еді. Бағдат Мусин бұл мәселені көтере отырып, кітаптардың оқушыларға физикалық ауыртпалық түсіретінін, олардың омыртқа ауруларына шалдығу қаупін арттыратынын алға тартты. Ол планшеттердің тек оқу материалдары үшін шектелген бағдарламалармен жұмыс істейтінін, оқушылардың кітап немесе планшет арасында таңдау еркіндігі болатынын да атап өткен. Қазірде бұл ұсыныс жаңа министр келгелі саябырсыды ма, әйтеуір осыған байланысты үн қатқан ешкім жоқ.
Бұл идея теорияда тамаша көрінгенімен, іс жүзінде қоғамның үлкен қарсылығына тап болды. Ата-аналар балаларды гаджеттерге тәуелді етудің қауіптілігін айтып дабыл қақты, ал қоғам белсенділері мұның білім сапасына кері әсер ететінін ескертті. Планшетке қарсы шыққандар оқушылардың көру қабілеті нашарлап, гаджетке тәуелділік пен әлеуметтік мәселелердің артуына әкелетінін баса айтты.
Қызығы, сол кездегі ұсынысты қолдаған министрлердің барлығы қазір өз қызметтерінен босатылған. Ал планшетке қатысты мәселе де, ауыр сөмке проблемасы да шешілген жоқ. Бұл – біздің жүйеде басталған істің соңына дейін жеткізілмейтінінің тағы бір айқын дәлелі. Жобаның «сараланғаны» мен «мамандардың оң пікірін алғаны» туралы әңгімелер айтылғанымен, нақты әрекетке ұласқан жоқ. Осы әңгіме аясында журналист Сәуле Әбілдаханқызы «Оқулықты, кітапты планшетке ауыстыруға қарсымын! Қай жағынан алып қарасаң да, бұл мүлде дұрыс емес! Күндіз-түні планшетке, соткаға үңілу баланың денсаулығына өте зиян. Онсыз да баланы гаджеттен айыру қиын. Кітап оқыту қиын…» деп, дабыл қаққан еді. Ал ата-аналар «заманына қарай адамы» деген пікірді алға тартып, оқытуды цифрландыру идеясын қолдаған. Бірақ бұл мәселе аяқсыз қаларын кім білген…
Мәселенің ауқымдылығын тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде байқауға болады. Мысалы, Бразилияда электроника дүкендерінің бірінде сауда орталығындағылар планшеттердің көрсетілім үстелінде сабақ жасап отырған Уильям Сантьяго есімді баланы көрген. Оның мектебіндегі 278 оқушыға бар болғаны 12 планшет қана беріледі екен, ал үйінде интернет мүлде жоқ. Бұл жағдайды көрген дүкен иесі Уильямға екі гаджетті сыйға тартып, оның үйінде қауіпсіз жағдайда сабақ жасауына мүмкіндік берген. Бұл – әлеуметтік желіде таралған әңгіме. Бірақ мағынасына үңілсеңіз, біздегі зарлы үннің үнсіз жазбасы секілді.
Осылайша, баланың білім алу сапасы мен денсаулығы үшін маңызды тақырып кезекті рет саяси бюрократия мен жауапсыздықтың құрбаны болып қалды. Министрлер қызметтерінен кеткенімен, қоғамның «ауыр сөмкеге» салған жүгі сол қалпы өзгеріссіз. Бұл жағдай білім саласындағы мәселелерді тек қысқа мерзімді популизм арқылы шешудің мүмкін еместігін, шынайы әрі терең реформалардың қажеттілігін тағы бір дәлелдеді.
Хош. Өткенді қазбалағаннан пайда жоқ, қазіргінің мәселесіне ауысайық. Ел Президенті мәселені шешуге тапсырма берсе де, қозғалыс танытпаған шенеуніктерге бұл проблема маңызсыз көрінеді. Ауыр сөмке арқалап, әлсіз белмен жайсыз көңілге түскен бүлдіршіннің шайсыз шыққан тері келер күннің көз жасына айналмасын. Ұсақ мәселе деп қаралған тақырып үлкен проблемаға айналмауы үшін әрекет қазірден басталуы керек.
К.ҚҰРМЕТ
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!