«Автотұрақ арзан» немесе «автотұрақ қымбат» деген мәселеге келгенде үнемі дауласып жатамыз. Астанада ақылы автотұрақтың 1 сағатының құны – 100 теңге. Алайда, «Ақылы автотұрақ» деген жазуды көрмей, автокөлігін тұраққа қойып кеткен автокөлік жүргізушілері 5000 теңге айыппұл төлейді. Мынадай қызықты деректі қараңыз: 2024 жылдың 9 айында ақылы автотұрақтардан түскен айыппұл көлемі 1 миллиард 700 мың теңгеге жетіпті! Мұндай ақпаратты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жария етті. Ал, үш жылда (2021-2024 жылдары) елордада ақылы автотұрақтың ақысын төлемеген азаматтарға 5 миллиард 839 миллион 114 мың 176 теңге (!) айыппұл салыныпты! Жақында Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған халық қалаулысы Нартай Аралбайұлы түйткілі көп мәселенің анық-қанығын айтты. Әрине, тыңдар құлақ болса…
ИНФЛЯЦИЯ ӨСЕДІ, ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙМЕЙДІ
Өткенде Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына автокөлігіммен бардым. Уақыттың тығыздығына орай асығып жүріп, машинамды экспресс желісіне (жолаушыларды автокөліктен түсіріп-отырғызатын жер) қалдырып кеттім. Сөйтсем, уақыты 15 минуттан асса, 5000 теңге айыппұл төлемесең, сол жердегі шлагбаумнан шыға алмайды екенсің. 20 минут өткенде көлігіме мініп, 500 теңге төлеп едім, жібермеді. Амалым болмаған соң, 5000 теңгемді шытырлатып санап бердім. Бұл – автотұрақ қызметін тұтынушысын тонаудың қарапайым түрі.
Бұл жердегі бағалардың «секіруі» үйреншікті жайт. Мәшинеңді автокөлік жүргізушілеріне ортақ автотұрақтың Р1, Р2, Р3 аймағына жұмыс күндері таңертеңгі сағат 10-нан түнгі сағат 24-ке дейін қаңтарып қойғың келсе – 3000 теңге төлейсің. Төбесі жабық паркингке көлігіңді күндізгі сағат 12-ге дейін қойғың келсе – 3900 теңге, 12-ден түнгі 24-ке дейін қалдырғың келсе – 4500 теңге, қалған күндерге десең – 6000 теңге төле. Бұл – биылғы қазан айынан бергі аспанға «ұшқан» бағалар.
2024 жылы 4 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының басшылығы автожүргізушілерге мынадай ақпарат таратты: «Тұрақ аймағының, жабық паркингтің, әуежайдың экспресс желісі мен бірінші жолағының инфрақұрылымын жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсетуді тиісті деңгейде ұстау мақсатында, сондай-ақ нысанды ұстауға жұмсалатын шығындардың ұлғаюына, соның ішінде 2024 жылға арналған коммуналдық қызметтер тарифтерінің ұлғаюына және инфляцияның өсуіне байланысты, Сіздерді 2024 жылғы 15 қазаннан бастап қызмет көрсетуші компания «Smart Parking Technologies» ЖШС-ның қосымшада көрсетілген бағаларға сәйкес автотұрақ орнын жалға беру қызметі үшін тарифтік жоспары өзгергені туралы хабардар етеміз». Аузын арандай ашқан алпауыттың бұл әрекетін алғашқыда қарапайым тұтынушылар түсінген жоқ. «Тарифтік жоспарды өзгерту» деген сөздің арғы жағында автотұрақ бағасының қымбаттауы деген сөз тұрғанын кез келген адам біле бермейді. Егер білсе, экспресс желідегі жол жүру ақысын 1 сағатқа 15000 теңгеге көтергенін көріп, наразылық танытар еді.
Айтпақшы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті аталған әуежайдың тарифті көтеру туралы ұсынысына қарсы күні бұрын ескерту бермегенде іс насырға шабар еді. Анығырақ айтсақ, құзырлы мемлекеттік органның ескертуінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы ақылы автотұрақ аймақтарында бағаның өсуіне жол бермеу бағытында іс-шаралар қабылдады. Яғни, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға батылы бармады. Абай хәкімнің сөзімен айтсақ, «күштілердің сөзінен» амалы құрып, тарифті өсірмеді. Бірақ ол кез келген уақытта өзгере салады.
Бағаны өсіреміз деген әуежай әкімшілігі «2024 жылға арналған коммуналдық қызметтер тарифтерінің ұлғаюына және инфляцияның өсуіне байланысты» деген себептерді атап көрсетеді. Сонда коммуналдық қызметтердің қымбаттауы мен инфляцияның өсуі тек әуежайдың ғана арқасына аяздай батып отыр ма?!. Қарапайым халық қымбатшылықтан екі есе қиналады емес пе?!. Мысалы, ресми дерек бойынша 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырсақ, 2024 жылдың қыркүйегінде орталықтандырылған жылу беру тарифі – 33 пайызға, суық су – 29,4 пайызға, су тарту – 24 пайызға, электр қуаты – 23,7 пайызға, ыстық су – 17,4 пайызға, қоқыс шығару 18,1 пайызға қымбаттады. Бағасы арзандаған тауарлардың ішінде тек сәбіз, қырыққабыт, қарақұмық жармасы ғана бар. Онда да болымсыз пайызға арзандаған. Тіпті, еліміздегі инфляцияның орташа деңгейі 8,3 пайызды құраса, 11 өңірде бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден асып кеткен. Мысалы, Астанада – 10,3 пайыз, Маңғыстауда – 9,8 пайыз, Шығыс Қазақстанда – 9,2 пайыз. Жыл сайын, инфляция өсіп, теңгеміз құнсызданады. Бірақ қарапайым халықтың жалақысы өспейді.
БҰЛ – ХАЛЫҚТЫ ҚАНАУ ЕМЕС ПЕ?
Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы ақылы автотұрақ ақшасы қайда жұмсалатыны, кімнің қалтасын қампайтатыны туралы өткір мәселе көтеріп, Үкімет басшысының орынбасары Р.Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Ол ақылы автотұрақтар тұтастай қаланы тұтқынға алғанын ашық айтты. «Қазір Астанада 7216 ақылы автотұрақ бар екен, оны жыл соңына дейін 10000-ға жеткізу жоспары бар екен. Сол ақылы тұрақтардан алынатын ақшада жекеменшік компанияның үлкен үлесі бар. Әр сағаты – 100 теңге. Демалыс немесе мереке күндері тегін деген жеңілдікті де алып тастаған. Ақылы автотұрақтардың ақысын төлемесең, айыппұл салады, сомасы – 10000 теңгеден асады. Яғни, азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұл дегеніміз 100 есе көп. Ең сорақысы, 2018 жылдан 2022 жылға дейін ақылы автотұраққа төленген ақшаның 95 пайызы жеке серіктеске, тек 5 пайызы мемлекетке түсіп келген. Ресми сандарға назар салсақ, 2021 жылы Астанадағы ақылы автотұрақтарға азаматтарымыз 90 994 105 теңге, 2022 жылы 152 466 542 теңге төлеген. Мұның қаншасы мемлекетке түскенін есептеу қиынға соқпайды. Бұл халықты қанау емес пе? 2022 жылдың желтоқсанында ақылы тұрақ үшін төленген ақшаның 75 пайызы жеке серіктеске, ал 25 пайызы мемлекетке түседі деген шешім қабылданған. Мемлекеттік мекеме құрып, қаржыны толық мемлекетке түсірудің орнына бұл міндеттің неге жеке компанияға берілгені түсініксіз? Нақты сандар, 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда азаматтарымыз Астанадағы ақылы автотұрақтарға 725 995 427 теңге төлеген. Соның 617 315 439 теңгесі жеке серіктестікке төленген, тек 108 679 988 теңгесі ғана қала бюджетіне түскен» деді ол нақты дерек пен статистиканы келтіріп.
Депутат ақылы автотұрақ арқылы қарапайым халықты қанаудың үлкен қателік екенін айтты. «Ал автотұрақтарды абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Жеке компанияның міндеті қандай сонда? Алғашында ақылы тұрақтың арқасында автотұрақтағы қозғалыс жылдамдығы азаяды, тұрақтардың қолжетімділігі артады, көшелерде көлікпен тоқтау ережелері реттеледі деген. Олай болмады. Ақылы автотұрақтарға коммерциялық орталықтар, қоғамдық орындар тіпті, құрылыс нормалары мен қағидаларын бұза отырып әлеуметтік нысандарға келушілерге арналған жерлер де берілді. Тұрғындары тиісті кондоминиум рәсімдеп үлгермеген тұрғын алаптары мен тыныш аудандарда да ақылы тұрақтар пайда болды. Астанадағы саябақтар мен тұрғын үй кешендерінің айналасында ақылы тұрақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Халықтың қалтасына осынша түсу заңды ма? Ал ақылы автотұрақтың ақысын төлемеген халыққа салынған айыппұл көлемі тіпті қорқынышты. 2021 жылдан 2024 жылды қоса алғанда Астандағы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін азаматтарымызға 5 839 114 176 теңге айыппұл салынған. Халық төлемеймін демейді, аумағы ат шаптырым автотұрақтардың бір бұрышына ғана қойылған тақтайшаны көру мүмкін болмағандықтан төлемей кетеді. Қалай десек те, автокөлік мінген халықты ақылы автотұрақ арқылы қанау – үлкен қателік» деді ол мәселенің мәнісін толық түсіндіріп. Ол Үкіметке ұтқыр үш ұсыныс айтты: 1. Ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын іскерлік аудандарда ғана қалдырып, қалғанын қысқарту керек. Тұрғын үйлер мен саябақтардың аумағында ақылы тұрақ болмауы қажет. 2. Ақылы көлік тұрақтарын қадағалайтын мемлекеттік операторды құру керек. Оған дейін мемлекет пен жекеменшік сектордың серіктестігі туралы шарттардың талаптарын қайта қарап, жекеменшік компанияға тұрақ аумағын күтіп-ұстау, жолын жөндеу қызметін жүктеу қажет. 3. Ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу керек.
МӘЖІЛІС ТҮЗЕТУ ЕНГІЗЕДІ
Оның әріптесі, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заң шығаратын үлкен үйдегі көп жиынның бірінде халықтың наразылығын туғызған мәселені шешудің тиімді жолдарын айтып, өз ұсыныстарымен бөліскен болатын. «Астанадағы көптеген әлеуметтік маңызы бар жерде ақылы автотұрақ қою, әсіресе Ботаникалық бақ сияқты орындарда, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр. Ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленеді, ал тұрақтың бір сағаттық құны 100 теңгені құрайды. Егер жүргізуші белгі немесе таңбаны байқамаса, ол шамамен 5000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, осы жылдың 9 айында ақылы тұрақтардан түскен айыппұл сомасы 1,7 миллиард теңгеге жеткен. Дегенмен, бұл жүйенің қаржылық бөлігі сұрақтар тудырды. Әрбір 100 теңгеден 70 пайызы тұрақтарды басқаратын жеке компанияның үлесіне тиеді, ал 30 пайызы ғана қалалық бюджетке түседі» деді ол.
Аймағамбетов өзі басқарып отырған комитеттің монополист компанияның иелері туралы ақпарат та сұратқанын айтты. «Мұндай іс-шаралар қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Қала бюджетіне бұл төлемдерден үлкенірек, кем дегенде 90 пайызы түсіп, сонымен қатар, қоғамдық пайдалануға арналған орындарда тегін автотұрақтар санын көбейту керек деп санаймыз. Айыппұл сомасын едәуір азайту немесе тіпті оны алып тастау қажет, ал төленбеген қаражатты жеке компания азаматтық тәртіпте өзі қайтарып алуы керек. Бұл ұсыныс қала тұрғындарына жеңілдік беріп, әлеуметтік шиеленісті азайтуы мүмкін. Сонымен қатар, қала бюджетінің мүдделерін қорғап, жеке компанияларға қатынасты әділеттілікті қамтамасыз етеді» деді ол.
Мәселенің мән-жайына толық қаныққан А.Аймағамбетов Астана әкімдігі 6 жыл бұрын жасалған келісімшарттың құрбаны болып отырғанын мәлім етті. «Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы келісімшарт 5-6 жыл бұрын бекітілген екен. Әкімдік қазір сол келісімшарттың міндеттерін орындауға мәжбүр. Сондықтан тиісті түзету әзірлеп жатырмыз. Өйткені әкімдік бұрын бекітіліп кеткен келісімшарттың тұтқыны болып отыр. Ол түзету әкімдікке келісімшартты қайта қарауға мүмкіндік береді. Біз заң шығарушылар ретінде ондай мүмкіндік беруіміз керек. Бұл тәжірибе, ақылы тұрақтар институты Астана, Алматы, Шымкентте ғана емес, басқа өңірлерге де таратылады деп ойлаймын» деді депутат.
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!