Түйткіл
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын Сырдария ауданына қарасты Асқар Тоқмағанбетов ауылында диқандар шу шығарған болатын. Олар егін алқабына инвестор келгелі еңбек жағдайларының ауырлағанын айтып шағымданған. «Серіктестікке басшы етіп өз адамын сайлап, берекемізді алды» деп бас көтерген тұрғындар сотқа арызданатынын жеткізген болатын. Содан бері көп күн өтті. Енді егінді жинап алатын уақыт келгенде дау қайта тұтанды.
«Бұл – негізінен екі кәсіпкердің арасындағы кикілжің. Әлеуметтік желіде айтылып жатқандай халық ешқандай қиындық көріп жатқан жоқ. Жергілікті тұрғындардың ұпайы түгел». Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев осылай сендірді. Көктемде басталған дау егін бітіп, оруға уақыты келсе де әлі өз шешімін таппаған. Жаз бойы еңбегі мен қыруар қаржысы кеткен шаруашылық төрағасы қарызға белшемізден баттық дейді. Серіктестік құрылтайшысы болса, шығындардың құжатын талап етуде. Ал, егін алқабындағы күріш әлі де толық орылмаған. Ашудан көзі байланған екі жақтың өкілдері де аудан әкімдігінің күрішті орып, уақытша бейтарап қоймада сақтауына да келіспепті. Тиісінше, күріш өнімділігіне келер зиян да мол.
Талғат Тұрсынұлы, Сырдария ауданының әкімі:
– Бұл дау көктемде басталған. «Азамат» шаруашылығының төрағасы Ысқақов рұқсатсыз «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-на қарасты 105 гектар жерге өз техникасын кіргізіп, егін жұмыстарын бастап кеткен болатын. Бұған ауыл тұрғындары қарсы болып, тиісінше, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, біреудің жеріне бейберекет егін егу заңға қайшы екенін түсіндірген. Сол уақыттан бастап Ысқақов егін жұмыстарын тоқтатқан болатын. Дегенмен, сол уақытта шаруашылық директоры болған Меңдіғали Есжанов құрылтайшыларға ескертпей, олардың келісімін алмай 105 гектарға егін егуге рұқсат берген. Енді күрішті жинар алдында осы дау қайта көтерілді. Себебі, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров берілген рұқсатнаманы заңсыз деп таныды. Оған Ысқақов көрсеткен құжатта шаруашылықтың мөрі болмағанын дәлел ретінде келтіріп отыр. Егін бой көтерген уақытта Ысқақов ауыл тұрғындарын жинап, күрішті оруға кіріседі. Соған байланысты шаруашылықтың бас бухгалтері Алдоңғарованың атынан аудандық полицияға шағым түседі. 19 қыркүйек күні шаруа басына өзім барып, екі жақтың азаматтарымен жолықтым. Тұрғындарды өзара келісуге шақырдық. Бір күн ішінде өзара келіспеген жағдайда іс сотқа жеткізілетінін ескерттік. Дегенмен, екі жақ та бір мәмілеге келе алмады. Күріш орылып қойғандықтан, дәндері түсіп қалмау мақсатында екі жақтың азаматтарына тағы бір ұсыныс білдірдік. Ол бейтарап комбайн тауып, бейтарап қоймаға күрішті жинау еді. Күрішке зиян келмей қоймада тұрып, сот үкімі шыққан кезде, тиісінше, егесіне берілетін. Дегенмен, екі тарап та өз қоймаларын алдыға тартып, соған жинағысы келіп, бұған да келіспеді. Ендігі уақытта егілген күріштің өнімділігіне зиян келуі әбден мүмкін.
Әкімнің айтуынша, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров шығынның құжатын көрсеткен адамдарға толық шығынын өтеп беруге әзір екен. Тек жұмсалған қаражаттың дәлелді құжаты болуы керек. Ал, дәлелі жоқ диқандарға бір тиын да бұйырмайды. Дегенмен, екінші тарап оған келіспеуде. Ол барлық күрішті орып, шаруашылыққа 80 тоннасын ғана тапсырамын дейді.
Одан бөлек, аудан ақсақалдары келесі жылдан бастап диқандар Мадияр Алдоңғаровпен бір шаруашылықта жұмыс істегісі келмейтінін жеткізген. Тиісінше, жыл соңында шаруашылық жиналысы болып, бұл мәселе сонда қаралатын болды.
Күріштен мүмкіндігінше көп өнім алып қалу үшін ертерек қамданып, қоймада сақтаған жөн. Дегенмен, бұл – тек соттың шешімінен кейін ғана жүзеге асатын процесс. Бір қызығы, сот жұмыстары әлі де басталмаған. Себебі, екі тарап та сотқа арызданбаған екен. Аққу, шортан һәм шаянның кебін киіп, не өзара келіспей, не әкімдіктің ұсынысын қабылдамай, не сот көмегіне жүгінбей отырған кәсіпкерлер нені күтіп отырғаны белгісіз. Бұл даудың биыл ғана тұрақтамай, бірнеше жылға созылатын түрі бар. Ал, бітік шыққан күріштің жағдайы не болатынын уақыт көрсетеді.
Сурет: видеодан кадр (30.07.2020 ж.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!