Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алгоритм: әр жұмыстың өз реті бар

20.12.2022, 9:45 541

HALYQLINE.KZ

Соңғы бір қоғамдық сөздерде, «Көкарал» бөгетін көтеруде біртұтас Кіші Арал жиегін Балтық жүйесі (БС) бойынша 52 метр деңгейге жеткізсе деген ой айтыла бастады. Әрине, бұндай биік деңгей, яғни, ежел жағасына жақын келетін су – халықтың біраздан бергі арманы. Бірақ бұл жағдайдың бірсыпыра кілтипаны бар. Осы күні «Көкарал» құрылысының вахта қыстағы тұрған жер – жағасы 53 метрге теуіп жатқан кешегі Арал-Сыр тоғысындағы солжағалық Шошқаарал қайыры болатын. Ал енді «Көкарал» бөгетінің су деңгейі (НПУ БС) 52 метрге жеткізілсе, аймақтағы норд-ост желі, ұрма толқын, сең көшуі бұл тұстағы судың асып-төгілуіне, яғни, апатты жағдай тудыруы мүмкін. Ол апат дария арнасын біржолата ұлы теңізге бұрып әкетуі де ғажап іс емес. Сондықтан, бұл деңгей қанша тартымды болғанымен, қаупі зор және ол үшін қосымша қауіпсіздік шараларының техникалық жұмыстарын қарастырмаса болмайды. Әрі Сырдария суының бұл көлемге қауқары жете қоюы да неғайбыл.

Кіші Аралдың 51 метр су деңгейі (НПУ БС) нақты сұралып отыр. Бұл – барлық жағдай, басқа да тараптар ескерілген есеп. Түгел Арал емес, жасанды бөгетпен бөлінетін кіші теңіздің мұндай техникалық ерекшелігін ескермесе болмайды, орны толмас апатты ойлау керек… Дегенмен, «Көкаралды» 51-52 метр беріктік запасымен көтеруге қол жеткізе алсақ, ол бір оңды іс болар еді. Ел саясаты бет бұрып отырған бір мүмкіндікте, қалай да, Кіші Арал сыйымдылығын кең көлемде жасатып алу – көрегендік шешім болмағы айдан анық.

Бұл ретте, жақын болашақта Аралға солтүстік беттен Қарақұм арқылы мол су келу мүмкіндігі бар екенін біз атап көрсетіп келе жатырмыз.

Бұл туралы нақты ұсыныстар ел Президенті Қ.Тоқаевқа, облыс басшылығына, «Веком» жоба жасаушы мекемесіне 2020, 2021, 2022 жылдары Арал халқының хаттары түрінде бірнеше рет жолданған.

Талқыдағы тағы бір ой: Кіші Аралдағы тұщы су айналымы үшін Қамбаш көлінен Сарышығанаққа арна тарту. Оның да бұрыннан бар 70 шақырымдық нұсқасынан енді бас тартып, Аралқұм стансасы тұсынан арнаны батысқа бұрып әкетіп, теңізге құйғызу. Орынсыз ойлар. Ең алдымен, Сыр алабындағы бірден-бір табиғи көл, ғасырлар бойы қалыптасқан Қамбаштың табиғатын бүлдіру – қиянат, қылмысқа тең амал. Теңіз табиғатты Қамбаш балығының сапасы, қалыптасқан өзіне тән экологиялық кешені, суының емдік қасиеті бар. Бұларды бұзуға ешкім жол бермес. Бұл мақсатта айтылған «Қамбашта жем қоры көбейеді, балық көбейеді» деген мамандар уәждері – экономикалық молшылыққа кенелеміз деп, Аралды құртқан баяғы кеңес ұрандары секілді. Қамбаштан алынған судың шығыны (кебуі, құмға сіңуі, ояңдарды толтыруы) қайтымсыз көп болады, тың-өрістердің тұздану-сорлануына әкеледі. Кіші Арал суы азаяды. Анығында, 30 шақырымдық тиімді нұсқа деген бұл «жаңалық» тым тиімсіз. Ол Сапақ, Тасбөгеттің (қалың тұзына түсетін) 70 шақырымдық арнадан қысқа да, тиімді болмайды. Ортада Шаян әулие, Шөмішкөл сорының жарты Қамбашқа тең аңғары жатыр. Оны айналып өту жоқ, толтыру қажет болады. Мұның бәрі Сырдың аз суын онан сайын жұтату, ысыраптау жолы болмақ.

Осы іспетті мамандар есебімен тым төмен салынған «Көкаралдан» өткен 17 жылда 42 млрд текше метрден аса су рәсуаға кетті, көп балық қырылды. Бұл жағдай әлі жалғасуда. Кіші Аралды 1,5 есе толтыратын су еді ол.

Осы күні «Көкарал» бөгетін жөндеу кешенінде Бөген басатына арна тартылды. Осыны үйлесімді түрде 2-фаза жобасына ұластырып, Ақбике, Кіші Қаратүп басаттарымен Үшшоқы астына, тіпті Үлкен Қаратүпке жалғау – жұмыс реті. Су айналымы үшін тиім-қажеттісі осы. Баяғы Аралдың балығы өсіп-өнген қолайлы басаттар осылар. Сол дәстүр қайта тіріледі. Кебу шығыны болмаса, бұнан жерге сіңген су, айдаланы сорландырмай, тіке теңізге құяды. Бұл идеяны халық 1984 жылдан бері («Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 ж. «Сұрауы бар су» мақаласы) ұсынумен келе жатыр.

Жалпы, Кіші Аралда ауқымды су айналымын жасай алатын Ақбасты ауылынан түсетін реттеуші шлюз ғана болмақ.

Және бір ділгер жайт: дариядағы Аманөткел аспай түйіні. Оның пайдасынан зияны көп болған сыңайлы. Қаупі әлі де сейілмей тұрған. Бірақ табиғат өз емін өзі табуға ұмтылады: қазіргі мол су «Ералы» арнасын бұзып, дарияға жол тапты деген хабар бар. Жалпы, бұл тұстағы «Мырзас» су реттегішін уақыт өткізбей бастау керек. Әйтпесе, бір жағы – апат, бір жағы – Кіші Аралдан айырылу қатері зор. Еліміз САРАТС-2 кезеңінің 6 компонентінің біразын өз күшімен жүзеге асырып жатыр. «Мырзас» та сол жолмен шешілуі тиіс. Тіпті, болашақ ПРРВСАМ қаражатына қарыз есебінде…

Бұл ретте популист сарын сөздер көп. Ел-жер нақты істер күтуде.

Екінші: ПРРВСАМ-ның (САРАТС-2-нің жаңа атауы) 2-ші компонентіне 60 млн доллар сұралып отыр. Бұл – Солтүстік Аралды құтқаруға деген 190 млн доллар қаржының 1/3 үлесі. Бұл – түбегейлі қайта қарауды қажет ететін көлем. Біз үшін басты мақсат – Кіші Аралды көтеру. Соған бөлінген, шын мәнінде, шектеулі ғана қаражаттың үштен бірін сафари-парк (сексеуіл-бұталар егу), жылыжайлар, аквапарк, ойын-сауық орны, томат өсіру сияқты – барлығы 10 бағыт жұмыстарына бұрып әкету – қисынға келмейтін жоба. Бұл істерді жобалаушылар Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) мемлекетіміздің жергілікті жерлерде, әр деңгейде, бюджет арқылы істеп жатқан жоспарлы жұмыстары «шекарасына» кіріп кетіп отырған жоқ па? Мысалы, үкіметіміз кепкен Арал табанына өсімдік егу жұмысын көптен бері жүргізіп келе жатыр…

Әрине, Сыр бойындағы әр мекенге жылыжай, сауық-сайран орнын салып берсе артық болмас еді. Бірақ, Аралды құтқару ақшасымен, тіпті, жергілікті әкімдіктердің өздері шешіп ала алатын шаруашылық-әлеуметтік істер бақшасына қол сұғуы қалай? Базалық мақсат – Солтүстік Арал. Сондықтан да, ең алдымен әлем назарында тұрған теңіз мәселесін шешіп алу міндет. Басқа «надстройкалық шаруалар» сонан соң, сол теңіз факторына табан тірей отырып, кешенді түрде ары жалғасуы ретті болады… Жоғарыда сұралып отырған «Көкаралдың» 51-52 метр межесі осы кезге шейінгі құжаттарда көзделіп келген 48-50 метр деңгейден жоғары. Ал бөгеттің әр жаңа метрі миллиард қаржы талап етуі мүмкін. Ендеше, сол құрылыс үшін ауадай қажет соманы сафари-парк, ойын-сауық, томат өсіру жолына «шашудың» реті жоқ. «Көрпеңе қарай көсіл».

Бүгін САРАТС-2 фазасының Арал-Сырға тікелей қатысты 4 маңызды компонентін еліміз өз қаражатымен жүзеге асырып жатыр дедік. Сол мысалдан үлгі алу керек. Яғни, «2-ші компонент» деген бағытқа 60 млн доллар жобаны 2 есе, 5 есе, бәлкім, онан да ары шектеуді, ХАҚҚ-ның әкімшілік ұйғарымымен емес, қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, жаңа жобалауда шешкен дұрыс болар.

Арал халқы «бізді сексеуіл асырамайды, судың балығы тойындырады» деп отыр. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясының да бір шарты осы.

Жалпы, ХАҚҚ-ының Атқарушы дирекциясын Қызылордаға көшіру мақсатынан бұрын, А.Нұрышев басқарған 24 жылда, Б.Бекниязов басқарған 6 жылда, Аралды құтқару үшін Қор нақты не істеді, соның есебін халық тыңдауы қажет. «Аралды құтқару қоры емес, сексеуіл егу қоры болып кетті» деген Арал халқының реніші 30 жыл бойғы ел сұраныстарына батыл үн қоспай, протоколдық шаралармен шектеліп келген Қор жұмысына қанағаттанусыздық себебінен туындап отырған сөз. Мысалы, арысы – 33 жыл, берісі – 17 жыл бойы аралдықтар сұрап келген нақты Кіші Арал теңізін көтеруге, Сыр суын үнемдеуге Қор қалай атсалысты? Мұның бір жауабы болуға тиіс.

Солтүстік Арал көтерілгеннен кейін ғана жалғасуы ретті тағы бір жұмыс: төменгі Сыр бойында 6 су қоймасын салу идеясы. Тағы қайталасақ, бүгін әлем назарында тұрған проблема бірінші шешілуі керек. Кіші Арал факторы бізге ары қарай не істеу керек екенін көрсетеді, бағыттарды айтады. Иә, бір кездері теңізге азын-шұғын қысқы ағын жетіп, ол «Көкаралдан» ары кетіп жатты. (Қазір 7-8 млрд т.м. суын жоғалтқан кіші теңізде ол қауқар да жоқ). Сол су солай кетіп жатыр екен, «соны 6 су қоймасында ұстап пайдалана тұру керек, ертең Солтүстік Арал көтерілсе, барлық бөгет қайта ашылады» деген уақытша уәж көңілге қонбайды. Біраз қаржы салынған қоймалар ертең қайта бұзылады деудің реті жоқ. Оңтүстік ағайын екінші Шардараға айналдырғысы келіп отырған «Көксарай» мысалы осыны айтады. «Көксарай – су реттегіш, ол Аралға жұмыс істейді» деген уәделер ұмытылған. Оның жазда ылғал беретін су қоймасы болмағына біздің де көндіккен жағдайымыз бар… 

Арал қасіретін орнатқан кешегі сондай су қоймалары.

Республиканың ішкі нарығында күріш қажетіміз 165 мың тонна. Қазір екі есе артық запас бар. Ал экспорт… Жазы аптап қатал шөлде, табиғат күйзелісі, су шығыны, Арал азабымен келетін сондай қымбат өнім экспорты деген не? Өркениетті жұрттар сырт жаққа өз халін қинамай, зиян келтірмей, артық-ауыс игіліктер шығарады. Біздің қамыс экспортымыз соған келеді. Бұл ретте, «Сыр бойы ел күрішінің 90 процентін береді» деп тұщыну – экологиясы әлемді түршіктіретін Арал аймағы үшін енді мақтан емес.

Кешегі күні аграрлық саясаты Аралды күйзелткен аймақтарға енді Арал есебінен көмек қолын созудың моралдік те, саяси да мәнін терең зерделеу қажет. Сыр бойында әлі де су ысырабы көп. Ұрлық гектарлар тыйымсыз. Күріш көлемі КСРО кезінен де өрескел асып кеткен…

Халықты әлеуметтік қорғауда Арал экологиялық заңы жұмыс істеп тұр. Сыр бойында, әсіресе, аграрлық саланы әртараптандыру күн тәртібінде. Ал күріштің көлемін (топырақты тұзданудан қорғайтын) экологиялық балансқа лайық көлемнен асырмай, шектеу, су үнемді дақылдар өсіру – су жағдайын, экология ахуалын басты нысан ету – уақыт талабы. Бұл жұмыстар ежелгі кәсіпке әбден дағдыланған, бала өсіріп, әулет таратып отырған диқан қауымды тиісінше мемлекеттік қолдау арқылы ғана жүзеге асуы керек. 

Осындай көкейтесті мәселелерді, бейнелеп айтқанда, «немқұрайды, бір жаққа асығып» отыратын салғырт ортада емес, проблемалар кіндігінде, Арал жұртының алдында тыңдаудан өткізу – әділдік талабы.

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы,  эколог

Суретті түсірген Бағдат Есжанов

Пікірлер:
  • Амансыздарма Аралдыктар.
    Пiкip бар, Аванда туып оскенмiн. Жергiлiктi жер, тенiз сонау 1954 жылдан таныс. Коргенбiз, кiшi Арал жэне Улкен Арал кай жерде байланысып жаткан жерлердi. Кемелер отiп журетiн сол кезде.
    1960 жылдардын басынан бастап коз алдымызда тенiз кайта бастады.

    (Жалгасы бар)….

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: