Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘСКЕРДЕГІ ӘЛІМЖЕТТІК немесе Жеткергеновтың «жұмбақ жағдайы»

23.12.2021, 13:00 519

Қоғам әскердегі әлімжеттікке алаңдаулы. Әлі күнге дейін «дедовщинаның» тамырына балта шабылмай тұр. Тәжірибелі жауынгерлер өздері сияқты Отан  алдындағы  қасиетті парызын өтеуге келген бозбалаларға тізе батырып, күш  көрсетуге  үйір  болып  жатса, тіпті басшылары да әлімжеттік көр­сетті  деген  деректер  анықталды. Бұл – әскердегі жалпы тәртіптің ақсауынан асқынып  тұрғанының  көрінісі.

Бұрынғы кездері әскерде сапта тұрып сарбаз болу әрбір жігіттің арманы мен  мақтаныш  сезімі  кернейтін  сәт еді. Бірақ қазір мүлде басқа. Бұған себеп әскери тәртіптің дәрменсіз болуы деп білеміз. Көбі әскерге барып, ең құрығында қаруды қолтығына қысып, қалай қолдануды білмей келгенін айтып жатады. Соған қарағанда әскердің бұрынғыдай еместігін дәлелдей түсетіндей. Одан қалды қырық күндік әскерді шығарып, қазір Отан қор­ғауға ер-азаматтарды жинай алмай, азабын сол заңды шығарғандар тартып жүр. Аз  уақыттың  ішінде  Израиль, Солтүстік Корея, Тайвань, Норвегия елдері сияқ­ты  нәзік  жандыларымыз да әскерге  шақырту  алатындай. Алайда ерлер­дің  орнына…

Жақында ғана Отан алдындағы борышын өтеп, отбасының тірегі болу үшін әскери тәрбиені бойына сіңіруге кеткен Арал ауданының 19 жастағы тұрғыны Ринат Жеткергеновтың «жұмбақ жағдайы» көпті алаңдатып қойды. Сол «тәлім-тәрбиенің» арқасында қазіргі күні туған әкесі мен анасын танымай қол көтеріп, жақындарына маза бермей, өзімен-өзі мүліктерді қиратып, үйдің астан-кестенін шығар­ғаны БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл мәселенің болғанына да біршама уақыт өтті. Дегенмен түйткілді мәселенің түйі­ні тарқатылар  емес. Уақыт өткен соң халық та  сабасына  түсер  деген қисық пікірді жауаптылар күтіп отырған  секілді. Алайда бұл оқиғаға бейжай қараудың қажеті жоқ. Айтпақшы, елімізде әскерден ақыл-есі кем болып келгендердің арасында бүгінгі сарбазымыз бірінші емес, соңғы болары да күмәнді. Сондықтан көзі қарақты жұртшылық  талғам  таразысына сала жатар деген ойдамыз. Айта кету керек, әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барған азаматтар өз елінде, нақтырақ айтсақ, әскерде мерт болып жатқаны да бар. Алайда қазаға жаза жоқ. Бірақ, бір қызығы, бұл тақырып қызу пікірталасқа айналып кете алмай тұр. Басын­да жаңалықты естігенде төбе шашымыз тік тұрып, шағымымызды жіпке тізгендей айта­мыз, артынша ашуымыз тез  тарқап, оқи­ғаның  желісін  естен  шығаратынымыз  рас.

Осы мәселеге қатысты әңгіме әлгіндей жиындарда ғана көтерілгенімен, нақты тұщым­ды жауаптары мен одан шығар қорытынды­лары тиянақ таппай-ақ келеді. Оның басты себебі – көпшіліктің маған қатысты емес деген ұшқары тұжырымды ұстауында. Сондықтан болар елімізде осындай түсініксіз жайттардың қатары күн санап артып тұр. Әскери қыз­метшілердің басты міндеті – ел басына қауіп төнгенде тойтарыс бере алатын ұрпақты тәрбиелеу. Бірақ осы қойылған жауапты міндетті әскери шенділер дұрыс білмейтін сыңайлы. Осы сөзімізді дәлелдейтін аргумент әскерден берік болам деп кетіп, отбасына серік бола алмай  жүргендер жетерлік. Әлеуметтік желіге қара­саң, біраз сарбазды соғыстан келгендей дүркіретіп қарсы алып жатады. Иә, олардың аман келгенін осылай тойлағанымыз болар. Міне, дәл осылай Ринаттың ата-анасы да осы күнді асыға күтті. Дей тұрғанмен, сарбазды бауырына қысып, құшақтап қарсы алатын күн бұл отбасы үшін енді болмайтыны даусыз. Олар баласының пойыздан түскенде үстіндегі киімі жыртық, ал аяғында жаздық аяқкиім болғанын ешқашан естен шығармайтыны анық. «Ақтау қаласындағы 25/744 теңіз әскери флотындағылар «балаларыңыз сәл ауырыңқырап тұр, күтіп алыңыздар» деп ескерткен» дейді жігіттің туыстары. Бірақ әскерден енді оралған баланың түрін көргенде үстеріне жай түскендей  болғандарын  ашық  айтты.

– Құлағын  тескен, құлағында жарақаты тұр.  «Мен  сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын» деп қорлаған. Өте қатты қиянат көрсеткен. Жылап тұрып шындығын айтты. Екі күн болды баламен арпалысып жатқанымыз­ға. Ұйықтамайды, сандырақтап сөйлей береді. Ақ халаттылар 19 жастағы Ринаттың қатты соққыдан миына зақым келді деген қорытынды жасапты. Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуын­ша, Ринат әскер қатарында тәртіпті, үлгілі  сарбаздардың бірі болған, – деді Ринаттың ағасы  Бахтияр  Нағашыбаев.

Ал Ринаттың ата-анасы баласының әскери шенділердің қорлығынан кейін өте ауыр халге түскенін айтып қынжылды.  «Қайтар алдын­да сегіз күн бұрын төрт әскери қызметкер өзін жабылып ұрып, тіпті құлағын тесіп келеке қылғандарын да жасырмады» дейді туыстары БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Онымен қоймай әр нәрсені сандырақтап, сөйлей бере­тін болған. Аталған мәселенің өткір де, өзекті тақырып екені белгілі. Ендігі мәселе соған қандай, қаншалықты деңгейде жауап бере алып отырғандығымызға байланысты болмақ.

– Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери міндетті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен қатар қатардағы жауынгер Ринат Жеткергенов қыз­мет өткерген кезінде денсаулығына ешқандай шағым жасамаған. Ал бірақ Ринат әскери боры­шын өтеген ротадағы жауапты әскери шенділер сарбаздың мұндай жағдайға түскеніне өздері де таң болып отырғандай кейіп танытты. Алайда тексеріс жүргізіліп жатыр, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Ғани  Нүсіпов.

Қолдауды да көрсетіпті, құлақты да тесіпті. Мейлі тән жарасы жазылар, жан жарасының мәңгілікке өшпес таңба болып қалатыны айқын. Иә, әскерден есін білмей оралған қызыл­ордалық қазір анасын танып, қуанышты хабар келуде. Бірақ балаға қиянат жасағандар тағы да жауыздық көрсетпесе игі. Ринаттың анасы Айғаным Ізбасарова ұлы емделіп жатқан Қызыл­орда облыстық психикалық денсаулық орталығына күн құрғатпай барып, баласын көріп, жақсы хабарымен бөлісті. «Дәрігерлер Ринаттан:  сіз  бұл әйелдің кім екенін білесіз бе? – деп сұрады. Ол: «Иә, бұл – Айғаным, анам, ол – мұғалім», – деп жауап беріпті. Бірақ ұлыммен сөйлесуге уақытым болмады, ол басы қатты ауырып кеткенін айтқан соң, дәрігерлер оны алып кетті», – дейді Айғаным Ізбасарова БАҚ өкілдеріне берген кезекті сұхбатында.

Жақында ғана әскерге шақырудың күзгі науқаны басталған кезде қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Алмас Чункунов БАҚ өкілдерінің басын қосып, әскерге жастардың өз еркімен келуі төмен деп айтқан еді.  Осы  оқиғадан кейін ата-аналар наразы болып, қолына ілінер талшықтарын қор болып келеді деп зар қақсауы орынды. Бұл оқиғадан кейін жастарды әскерге шақыруда қандай қиындықтарға  кезігіп  жатқанын  мәлімдеді.

– Ия, шынында да мұндай оқиғалардан ке­йін, әскерге шақырылушылардың және ата-ана­лардың  әскерге барам деген ниеттері өзгерді. Мүлдем әскер ойларында жоқ. Олардың ойлағаны – «1 жылға қарағанда, 40 күндік әскери техникалық мектебін (ӘТМ) оқып аламаймын ба?». Бұл пікір дұрыс емес, ӘТМ-ке қабылданатындар: 1)  үйленгендер, 1 және одан көп баласы барлар;  2)  денсаулықтары шектеу  әскерге  жарамды;    3) ауыр отбасылық жағдайлар (ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңының 35-бабында барлығы жазылған). ӘТМ-ге 24 жастан қабылданады, ал 24 жасқа дейін әскерден қашып жүреді. Қалай қашса да, ерте не кеш болсын, 27 жасқа дейін әскерге шақырылады. Көбі білмейді екен, ӘТМ әскердің орынына деп ойлайды екен. Бірақ, олай емес, ӘТМ-нен 40 күндік дайындық курсты өтті, әскерге адам жетпей қалса, онда ӘТМ бітіргендер де  әскерге  шақырылады,  –  дейді Алмас  Чункунов.

«Әскери бөлімдегілердің «денсаулығының ақауы бар» дегеніне қарап ойланасың. Біздің әскерге шақыру комиссиясы не істеп отыр? Көктемде акт алғандар дәрігерге бармаған, емдел­меген.  Бірақ  соған  қарамастан аттай шауып кетіпті. Яғни оларға комиссия өздері берген актіге қарап отырған жоқ. Денсаулығының кінәратын ескерместен сыпыра айдап жібермек. Қалғың келе ме, «біз бес адамбыз, әрқайсысымызға 20 мыңнан 100 мың әкелсең, 27 жасқа дейін ешкім мазаламайды, гарантия» депті. Сол ақшаны  тауып бере алмаған ананың баласы «асылып өлемге» басқасын ана шырылдап маған хабарласты. Кешелі-бүгін бірнеше ата-ана осыны айтып отыр», – депті әлеуметтік желіні белсенді қолданушы Үйтолған Жаре­ке. Расында да, осы мәтінді пікірмен біз де құлағдар болып жүрміз. Әскерге барарда денсаулық мұқият тексерілмейді, «саған сене­міз» деп жіберуде екен. Осы жайында жауапты маман­ның  өзінен  білуді  ұйғардық.

– Иә, әскерге шақырылушылардың денсаулықтары керемет деп айта алмаймын. Жастардың барлығына компьютер, телефон зиянды әсерін тигізуде. Көбі көзден жарамсыз болады. Статистика бойынша 10 адамның 2-3-еуі ғана жарамды болып келеді. Қалғандарының шектеулері бар. Шектеулері бар деген тұлғалар әскерге жарамсыз деп саналмайды. Әскери медицинада жүрген тәжірибелі кісілер қараусыз әскерге шақырылушыларды әскерге жібермейді. Өйткені заң бойынша қатаң жазаланады. Сол себепті олар – өте жауап­ты  мамандар, – деді  басқарма  басшысы.

Әскер десе ат-тонын ала қашатын жастар көбейді деп жиі айтамыз. «Інге тығылған тышқанның күнін кешпеңдер» деп зекіп алатын кездер де болды. Енді әскерге бар деп айту­ға абдырап қалғанымызды мойындау керек. Өйткені өз еркімен кеткен жігіттердің жағдайы осылай болса… Басқаларының күні не болмақ? Бірақ әскерден жалтарғандарға заңдағы жаза күші мынадай: ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабында әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару – бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығын шектеуге не сол мерзімге бас бос­тандығынан айыруға жазаланады. Бірақ егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақыру пунк­тіне өз еркімен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан  босатылады  екен.

Әлеуметттік  желіде жарыса жазған ұзын сонар пікірге назар аударсақ. Әскерге ұлдарын жіберуге қарсылық танытушылар көп. «Тепсе темір үзетін балаларымыз жарымес, мүгедек болып келетін болса, не керегі бар әскердің», «әскердегі бүкіл басшыларға өлім жазасын беру керек, өмірге өмірмен жауап берсін!», «қорлағандар – жазалансын!», дейді қалың жұртшылық. Ал Ринаттың ата-анасы кінәлілер әскерге барар шағындағыдай ауруынан айық­тырып берсін дейді. Әскерге сап-сау кетіп, есінен адасқан күйде келген баласын көру кез келген  анаға  қиын  болары  сөзсіз.

Берілген мәліметтің бір-біріне ұйқаспай, байланысын таба алмай отырғанымызда Ринат­пен бірге әскерге аттанып, сапта бірге тұрған  жігіттер  күдігімізді  сейілтті.

«Қайтуына 2-3 күн уақыт қалғанда Ринат өзін жаман жағынан көрсете бастады. Мінез-құлқы өзгеріп, бізді шошытты», – дейді жауын­гер досы Әлихан Нүсіпбек. Ал тағы бір досы Бек­арыс Таңатаров мүлде басқа нұсқаны айтты. Ол: «Сөзге келіп қалған күннен бастап Ринатты алып кетті, бөлімнің сыртында­ғы казармаға. Содан бастап Ринатты бір апта көрмедік. Пойыз­да көрген кезде Ринат басқа жағдайда болды. Баяғы бір жыл қызмет еткен Ринат жоқ. Басқа түр, танымай қалдық, Ринатты».

Міне, әзірге казармада нақты не болғанын дөп басып айтуға ерте. Барлық айтылған пікірді тыңдай келе, мынадай қорытынды шығаруға болады. Егер баланың денсаулығында кінәрат болса, неліктен жауапты дәрігерлер дер кезінде анықтамады. Мақұл, әскери борышын өтеп жатқан кезде аяқ асты ауырып қалған болса, баланы ата-анасына ең болмаса киімін кигізіп, қолынан келген көмегін беруге болатын еді ғой. Адамгершілік қайда? Ауруға шалдығып келе жатқан адамға бірінші кезекте ешкімнің жаны ашымағаны бізді таң қалдырады. Және егер ешқандай зорлық-зомбылық көрсетілмесе, құлағындағы жарақат қайдан пайда болды?  Міне, қорытынды емес, шытырман оқиғаны анықтау үшін тағы да біршама сұрақ туындады. Бұл толастаған сауалдың дұрыс жауабын Ринат­тың өзінен ғана біле аламыз. Ал Ринаттың жағдайды түсіндіруге әзірше шамасы жоқ.

Айта кету керек, Ақтаудағы 25/744 әскери бөлімінде осы тәрізді түсініксіз жайттар алғаш рет болып отырған жоқ. Бірақ «жабулы қазан жабулы» күйінде қалды. Мысалы, 2017 жылы 20 қарашада 19 жастағы Дәулет есімді азаматты өз қаруласы орындықпен ұрып, төбелес кезінде жеңіліп қалғаны үшін осылайша өшін алуды шешкен екен. Нәтижесінде Дәулет ауруханада біразға дейін ес-түссіз жатты. Сондай-ақ, әскери тәртіптің қиындығын алға тартып, жауынгерлердің сынға шыдамай сынатынын басшылар айтып жатады. Бірақ сарбаздарды ұрып-соғу дерегі 25/744 әскери бөлімінде жиі болатынға ұқсайды. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын 6 жауынгер әртүрлі уақытта таяқ жегенін айтып, бұдан әрі қысымға төзе алмайтынын Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасына жеткізген еді. Тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқан орган өкілдері әскери қызметкерлер өкілеттілігін асыра пайдаланғанын айтқан болатын. Сараптамада олардың денесіне жеңіл залал келгендері анықталыпты. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, Ринат сияқты есінен  айырылғандары  да  бар  дейді.

Бауыржан Момышұлының әкесі: «Әскери форма кигеннің бәрі солдат емес» деп айт­қан еді. Сол пікірді Бауыржан атамыз былай түсінген: «Жауынгер болу – бұл адамның жан сезімі, қандайда бір өзге дүниетаным, ерекше ұлтжандылық және қорғансыздарға деген айрықша аяушылық сезім». Осы сөздерге қарап отырып, бойында рухы бар, намысты, өжетті адам біреу­ге әлімжеттік танытпайтыны даусыз. Сонда әскери тәрбиенің дәрмені азайып тұрғаны ғой. Біз жылдар бойы қақпағы ашық тұрған аса қажетті, өте зәру мәселенін нүктесін қоюға БАҚ өкілі ретінде атсалысуға ниет білдіріп отырмыз. Кей кезде қылыштан көрі қалам өткір болып келеді. Наполеон Бонапарт: «Саған қарсы бағытталған төрт жүз мылтықтан гөрі төрт баспасөздің қарсы тұрғаны әлдеқайда қауіпті», – деп айтқан сөзі еске түседі. «Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» демекші, дүдәмал күй кешкен отбасының тезірек ақиқатқа қол жеткізуіне мұрындық болу­ға  әзірміз.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: