Бекентайдың көңiлi алай-дүлей. Iшi-бауыры қыжылдап барады, бейне бiр аш мысық бұдырлы тiлiмен ауырта жалап жатқандай. Iштей аһ ұрды, аш қасқырдай теңселiп аласұрды. Шыбын жаны шырқырап барады. «Сатты, менi сатып кеттi. Басқа емес қимасым дегенiм сатқын болып шықты».
Бұл фәни жалғанда Бекентайды кiмдер сатпады? Сатқындар көп екен де мына жалған дүниеде. Бұл да мықты екен, сол сатқындықтарды осы кезге дейiн көтерiп келiптi-ау. Қалай морт сынбаған, қалайша мына безбүйрек адамдардан, адам атын жамылған екi аяқты, бiр басты пенделерден безiп кетпеген? Осы кезге дейiн сол сатқындықтарды қайыспас қара нардай қалайша көтерiп келген?
Ойласа, ой жетпейтiн сияқты. Бейне бiр құрдым. Шетi де, шегi де жоқ құрдым. Одан қалай шығасың, өзiң бiл, шыға алсаң шығып көр. Сатқындықтың түрi де көп екен. Соның ең ауыры қимасыңның сатқындығы екен. Бiр төсекте, жаны да, тәнi де бiте қайнасқан қойныңдағы қатыныңның сатқындығынан асқан қорлық бола ма? Болса, оны кiм айта алар екен?
Бекентай сол адамға сырын ашар едi, iштегi шерi мен мұңын ақтарар едi. Бiрақ, оны тыңдайтын, Бекентайдың алай-дүлей болып, қат-қабат сезiмдермен арпалысқа түскен iшкi жан дүниесiн түсiнетiн адам бар ма? Кiм бар, көрсетшi! Ешкiм де жоқ. Абай айтпақшы: «Туғанда да жалғызсың, өлгенде де жалғызсың», сатқындарға дауа жоқ. Ретi келсе, бәрi де сатып кетедi. Қатының да, балаң да сатуға бейiм тұрады. Олар сатқындықпен өмiр сүредi. Азған дүниенiң күйiн күйттейдi. Мәймөңкелеп өтiрiк сөйлейдi, кеңкiлдеп өтiрiк күледi, кейде өтiрiктен ыңырси сөйлеп астыңа қалыңдатып көпшiк төсейдi. Сен оларға иланасың. Соның бәрi де алдамшы. Ешқайсысына сенбе, олардың барлығы да мына азғын өмiрдiң арсыздары. Қойныңдағы қатының да сол арсыздардың бiрi болып шықса, мына өмiрдiң мәнi де, сәнi де кетедi екен. Көңiлiң сұрқай тартып, екi аяқты, бiр басты пенделерден мүлдем безiнiп кетедi екенсiң.
Бекентай соны ұқты. Өзiн қанша жұбатқысы келсе де, жұбата алмады. Iшi қан жылады. Сырты бүтiн, iшi түтiн. Iшiндегiсiн iшiп болысымен лақтырып тастаған бос қалбыр сияқты. Осындайда есiңе қайран Мұхаң, Мұхтар Шаханов түседi. Арқалы ақын:
Махаббатсыз өмiр бар ма?
Далбаса!
Егер жарым сатып кетсе, алдаса,
Қиналмай-ақ өлер едiм, тек қана
Сатылмайтын туған жерiм болмаса! – деп жырлап едi-ау. Ақын жырлаған кезде туған жер сатылмайтын едi. Қазiр ол да сатылатын болды. Билiктегi мәгастар туған жерiн де, елiн де сатуға шығарып қойып, өздерi байлықтың буына мастанып, сандарын шапаттап жүр. Оған не дерсiң? Соларға қарсы шыға алатын кiм бар? Мынау құлақ кестi құлға айналған халық па? Олар шықса, жер сату туралы үкiм шығарылғанда үнiн шығарар едi. Атты адам көрсе алыстан шабалана арпылдай үрiп, атты адам қасына келгенде үнi өшiп, қайқы құйрығын бұтына қысып кететiн ауыл-үйдiң алаңғасар төбетiндей бұғып қалды. Әлi бұғып отыр.
Халық билiктiң осындай сатқындығына көзiн жұмып отырса, кiм не iстемейдi? Бара-бара әйелi байын, әкесi баласын, баласы әкесiн сатып кете беретiн шығар.
Ой, сұрқия заман-ай, сенiң бүгiнгi адамдарың да сұрқия болды-ау. Сол сұрқиялық даланың тектi ұрпағы саналатын қазаққа да келдi деген осы. Әйелi күйеуiн сатқасын бұл дүниенiң бетiне былш еткiзiп түкiрiп кетуден басқа не қалды? Тұнығыңды бiреу лайлап жатса, онда қандай қасиет қалушы едi?
Бекентай iштегi запыранның уына тұншыққандай хәлде. Көзiне елестеген сұмдық сурет жанын жай таптырар емес. Мiнезi салмақты деген Бекентайдың жердегi сұмдық суреттi көрiп шошына шырқыраған үнi жанын мазалап, қонарға жер таппай, жанұшыра аласұрған аққудай шыр айнала ұшып жүр. Ұшып жүрiп жерге көз салады да әлгi бiр сұмдық суреттi қайта көрiп, ышқына безек қаққандай.
…Бұл өмiрде бiреу өзiн бақыттымын деп сезiнер болса, Бекентай сезiнетiн. Жастайынан баршылық жерде өстi. Оқуын да ойдағыдай бiтiрiп, өз жүрек қалауымен Мейрамкүлмен отау құрды. Екi ұл, бiр қыз сүйдi. Ұлдарды ұяға, қызды қияға қондырды. Өзi мұнай өндiретiн жерде еңбек етiп, күректеп ақша табатын. Бекентайдың бiр басында бәрi бар. Үй де, саяжай да, автомашина да бар.
«Бiр адамның басына одан артық не керек» деп ойлайтын. Әйелiмен екеуi қосылып, «оралыңның барында ойна да күл, ойнамаған, күлмеген не көрiптi» деп әндететiн. Сөйтсе, әйелi Бекентайдың аузын аңқитып, оралының барында ойнап-күлiп, мұның көзiне шөп салып жүрiптi. Оған не дерсiң? Мейрамкүлден ондай шығады деген ой болса, кәнеки. Сүттен ақ, судан таза деп жүрген жан-жары өзi жоқта ақ төсегiн арамдап, арам тәнiн бұлдап келiптi-ау. Ақ некелi жарына әркiм сүйкенген.
Бекентай мұрны тесiлген тайлақтай ештеңенiң мәнiсiн бiлмей жүре берiптi. Мұншалықты мәгас болар ма? Сұмдық суреттi өз көзiмен көрмесе, Мейрамкүл күйек асты күн көрiп, басқаларға төсек болып жүр десе сенбес едi.
Бекентайдың жұмысы вахталық әдiске жататын. Оның мәнiсi он бес күн шалғайдағы мұнай бұрғылау қондырғысында еңбек етiп, он бес күн қатарынан демалады. Кезектi вахта бұрғылау қондырғысының уақытша тоқтатылуына байланысты Бекентайлар жұмысты өз мерзiмiнен бiр апта бұрын тоқтатты. Бекентайдың қуанышында шек болмады. Мейрамкүлдiң туған күнiнде әйелiмен бiрге тойлайтынына қуанды. Жолшыбай вахтадан шыққан автобус бұзылып, үйiне таңғы төрттерде әзер жеттi. Мейрамкүлдiң ұйқысын бұзбайын деп есiктi өз кiлтiмен ашып, аяғының ұшымен басып жатын бөлмеге кiрген. Қол фонарын жағып, төсектiң бос жағына жантая кетейiншi деп ойлаған. Мәссаған, шошып кеттi. Өзiнiң ақ төсегiнде бөтен бiреу тыржалаңаш әйелiн құшағына қысып алып қорылға басып жатыр. Өзiнiң не болғанын бiлмей, қаны басына шапқан Бекентай мына суреттен жиiркенiп кеттi. Қас қағым сәтте неше түрлi сұмдық ойлар сумаңдаған жыландай тiлдерiн жылтыңдатып, шақшадай басын шарадай қылды. Басын шайқап, былғанышқа батып, қаннен қаперсiз жатқандарға жирене де жиiркене қарап бiр түкiрдi де, ауызғы бөлмеге шығып кеттi. Ауызғы бөлмеде дастарқан жиналмапты, жартылай желiнген торт, жартылай iшiлген iшiмдiк бөтелкелерi, жуылмаған ыдыс-аяқ сен жоқтағы әйелiңнiң тiрлiгi осы дегендей үнсiз-тiлсiз моп-момақан кейiпте жағалай жайрап жатыр. Бұл өмiрден түңiлген Бекентай үйiнен таза киiмдерiн алды да есiктi қайта кiлттеп шығып кеттi. Сол кеткеннен саяжайына барып жатып алды.
Мұндай опасызға не iстеу керек? Осы бiр сұрақты қалай шешерiн бiлмей қаралай басы қатты. Түйдек-түйдек ойдың түрткiсiне түстi. Бекентай әйелiнiң ыстық құшағына көмiлiп жатқан қуды да таныған. Ол бiр рет әйелiмен ажырасып, қазiр осы қалада екiншi әйелмен тұрып жатқан әйелiнiң ауылдасы әрi нағашы ағасы Шабдат деген жiгiт ағасы болатын. Ол қу төрт-бес жылдан берi үй-iшiмен араласып тұратын. Сөйтсе, өзi барда адал асын iшiп, өзi жоқта ақ төсегiн арамдап жүргенiн бiлсешi. Бiр әйелдiң мекерлiгi қырық есекке жүк боларын айтқан аталар сөзiн пайымдамапты-ау. Болар iс болды. Ендi не iстеу керек? «Семiздiктi қой ғана көтередi» деушi едi, бұл қатын да сол семiздiктi көтере алмай есi шығып ешiрген болар. Ешiрерсiң, ешiртермiн.
Бекентай жұдырығымен маңдайын төпеледi. «Қасқа маңдай, әйелiңнiң төрт-бес жылдан берi мүйiз таққанын сезбеген мәубас болдың да шықтың. Әйелiм көзiме шөп салды деп кiмге айтарсың, онда бәрi артын ашып күлмей ме? Бұл сыр не болса да iшiмде кетедi. Бiрақ, бұл әйелдi қаңғыртып кетпесем, Бекентай болмай кетейiн!»
Бекентай өзiне-өзi ант бергендей тiстене сөйлеп, өз көкiрегiнен жұдырығымен түйiп-түйiп жiбердi.
Ақ төсектi арамдаудың қандай болатынын көрсетемiн саған, қаншық! Қаңғырып кетесiң, қаңғыртамын! Жiгiттiң басын қорлағанның қалай болатынын көресiң әлi, көресiң, көзiңе көк шыбын үймелетем! Таң атқанша өзiмен-өзi сөйлесiп, бiр бөтелкенi бiр өзi тауысты да жатып қалды. Тұрса түс әлдеқашан ауып кетiптi. Көзiне тағы да сұм жалғанның сұрқия суретiн елестеттi.
«Көрсетемiн көресiнi оған!» – Тұла бойы тiтiркенгендей орнынан атып тұрды. Мекемесiне соғып бiр айға еңбекақысыз демалыс алды. «Ендi қалған шаруаны алаңсыз реттеуге болады» деп үйiне тартты.
Үйiне келгенде Мейрамкүлi өтiрiк күлiп, асты-үстiне түсiп қарсы алды.
– Келгенiң жақсы болды. Менiң туған күнiме не сыйлайсың? Ет асып жатыр едiм, бiреулер келiп қала ма деп…
Бекентай iштей мырс еттi. «Бiреуiңдi бiлмейдi деп тұрсың-ау, сен зәнталақ, тұрған жерiңде мойныңды жұлып алса, обалың жоқ». Әйелiн жаңа көргендей бастан-аяқ бiр шолып өтiп:
– Сенiң туған күнiңдi ұмытып ұят болды-ау, – дедi қиналғандай кейiп танытып.
– Ия, кейiнгi кезде ұмытшақ бола бастағаныңды өзiң мойындадың ба? Неғып ерте келдiң, вахталарың ерте бiттi ме?
– Немене, менi күтпеген сияқтысың ғой. Бiреудi тауып алдың ба, айтшы сен қатын?!
– Қойшы, қайдағыны айтпай, қырықтан асқан әйелдi қызғанып, бала болдың ба сонша?
– Қызғанбайтындай астың бiтеу ме?
– Қойшы, Беке… Ұрысқым келiп тұрған жоқ.
– Қоймаймын, сенiң туған күнiң бүгiн емес, ертең… Арсыздың айты алты күн демекшi…
– Е, екi-үш күн тойласақ жазықты болып қаламыз ба?
– Ну, смотри… – Ақкөз ашуға бой алдырмауға тырысқан Бекентай одан әрi сөз таластырмай төргi бөлмеге кiрiп кетiп, теледидарды тамашалауға кiрiстi. Теледидар көрдi деген аты болмаса, ойы сан-саққа жүгiрiп, қалың орманнан адасып шыға алмай пұшайман болған жаяу жолаушының кейпiне түскен. «Бұл қатынның ойнасын күтiп отырғаны белгiлi болды. Ол жұмыста шығар. Бiр сағатсыз келе қоймас. Не болса да сыр бiлдiрмей, өзiмдi өзiм ұстауым керек». Бекентайдың болжамы дұрыс екен. Сағат сегiздерге таяу әйелiнiң ашынасы Шабдат та келдi. Үйге арсалаңдай кiрген ол Бекентайды көрiп, ұрлығы ашылып қалғандай асып-састы.
– Ассалаумағалейкум, Беке, келуiңiзбен…
– Төрлет, бұл бiздiң қатынның қатты жақсы көретiн нағашысы ғой, жиенiнiң туған күнiне не әкелгенiн көрейiкшi.
– Сен өйтiп менiң нағашыма тиiсе берме, – дедi әйелi араша түсiп жүрiп. – Төрлет, нағашы, бұл жездең әрi құрдасың, әзiлдей бередi. «Сендерге әзiлдi көрсетермiн, оңбаған бетсiздер». Бекентай iштей кiжiндi. «Сен қатын әлi осы күнiңе зар болып зар илеп қаласың, көрiнгеннiң сәдiрмегiн жұтқан қаншық», iштей күйiп-пiстi. Мына екеуiнiң ымы-жымы бiр ашыналық тiрлiгiнен түңiлген ол қайтадан теледидар көруге кеттi. Үшеудiң отырысы түн ортасына дейiн созылды. Бекентайдың әйелi кеш бойы өзiмен ойнас нағашысының асты-үстiне түсiп:
– Менiң бұл нағашым үнемi ұмытпай сәлем берiп тұрады, өзiңдi сыйлағанды пiр тұт демей ме? – деп бiраз шалықтай сөйлеп, барлық жылы-жұмсағын ойнасының аузына тосып өлiп-өшкен әйелiнiң оған мәймөңкелегенiн көрiп, мақтау сөздерiн естiп iштей түйiлiп отырған Бекентайдың жылан жылынан бергi кәрi жыны қоза түскен.
– Жұрттың әйелi байын мақтаушы едi, бұл болса нағашысын мақтай бередi. Сiрә, қызметi өтiп кеткен-ау, – дедi әлденелердi тұспалдап. Бекентайдың ненi тұспалдағанынан бейхабар әйелi:
– Өтсе несi бар, нағашымнан аяғанды ит жесiн, – деп кейiннен мен ненi бүлдiрдiм дегендей тiлiн тiстеп әзер тоқтады.
Iшiп-жеп ықылық атқан Шабдат түн ортасы ауа:
– Ойнасақ та бiразға дейiн шаптық, мен қайтайын, – деп рұқсат сұрады.
– Нағашы, қайтпайсыз, қонасыз, – деген Мейрамкүл Шабдаттың мойнынан құшақтай алды. Оның қызып қалып, дастарқан басында күйеуiнiң отырғанын ұмытып кеткенiн сезген Шабдат қараптан қарап қысылайын дедi.
– Осы жиеннiң балалығы қашан қалар екен? – деп өп-өтiрiк күлген болды.
– Жоқ, сiз кетпейсiз, тағы да iшемiз, – дедi Мейрамкүл сылқылдай күлiп. Олардың жасанды қылықтарынан жиренiп отырған Бекентай одан әрi шыдай алмай орнынан тұрып кеттi. «Бұл қатынға дауа жоқ екен, мұны құртпаса болмайды, әбден азғындаған екен, осыны асырап-бағып жүрген мен ақымақпын» деп ойлады.
Әбден ашынған Бекентай ертеңiне iске кiрiстi. Үй мен саяжайдың жедел түрде сатылатынын айтып жер-жерге хабарландыру бердi.
– Үйдi сатып саған не көрiндi? – деген әйелiне:
– Басқа жерден бұдан да жақсы үй көрдiм. Соған барамыз, қатын, мен тұрғанда қам жеме, – деп оның да көңiлiн демдеп қойды. Арада жиырма шақты күн өткенде үй де, саяжай да сатылып кеттi. Бекентай әйелiн ертiп Астанадағы ұлы Жасұланға тартты. Екi-үш күн аунап-қунады. Кетерiнде бәрiнiң көзiнше iшкi сырын жайып салды.
– Балам, Жасұланым, сен балалардың үлкенiсiң, Құдайға шүкiр, оңды-солыңды таныдың, үш жылдан берi мемлекеттiк қызметтесiң. Бiрақ, мына алдамшы өмiрде сұрқиялар көп болады. Адамдарға сене берме, өзiңе ғана сенетiн бол, – деп үлкен әңгiменiң жiбiн бiртiндеп тарқатуға кiрiстi. – Мен де жастайымнан адамдарға сенгiш болып өстiм. Көзiм кейiн ашылды. Кiм көрiнген түгiлi, тiптi қойныңдағы қатыныңа да сенбейтiн кез болады. Бiз осы келгенде үйдi де, саяжайды да түгел сатып келiп отырмыз. Менi оған сыртымнан сатып, сұрқия тiрлiкпен айналысып жүрген менiң мына қатыным, сенiң шешең – Мейрамкүл мәжбүрледi. Жасы қырықтан асқанда менiң көзiме шөп салып, үстiмнен жүрiс жасады. Кiммен дейсiң бе? Нағашысы Шабдатпен. Мен мұның бұл қылығын екi дүниеде де кешiре алмаймын.
– Не деп отырсың? Iрiген ауыздан шiрiген сөз шығады деп, менi нағашысымен жүредi дегенi несi? Сондай сөздi айтуға қалай аузың барады? Ұялсаңшы! Немене, қолыңмен ұстап алдың ба?
– Мойындағың келмей отыр ма? – Бекентайдың қаны басына шапты. – Менде сенiң Шабдатпен қойындасып жатқаныңды түсiрген сурет бар. Мына балаң мен келiнiңе соны көрсетейiн бе?! Мейрамкүл «сен шын айтасың ба» дегендей аңтарыла қарап қалды.
Сенiң онымен жүрiс жасайтыныңды нағашың Шабдатпен үшеумiз отыратын күннiң алдыңғы түнiнде өз көзiммен көрдiм. Вахтадан бiр апта бұрын шығып, таңғы төртте есiктi өз кiлтiммен ашып кiрсем, сен сатқын Шабдатыңмен төсекте қойындасып жатыр екенсiң. Соны көрiп, сенен де, мына алдамшы өмiрден де түңiлiп кеткенмiн. Ертеңiне Шабдат келгенде де мен басқа бөлмеге кiрiп өтiрiк ұйықтағанмын. Сендердi суретке сонда түсiргенмiн. Сенiң басыңда торғайдың миындай миың болса, осы кезге дейiн байым менен неге қашқалақтап жүр деп ойламадың ба?
Мейрамкүлдiң түрi сазарып, тiлiн тiстеп отырып қалды.
– Балам, шешең сенiкi. Бұл опасыздықты саған жасаған жоқ, маған жасады. Мен мұны талақ еттiм. Үй мен саяжайдың ақшасының жартысы – мынау, – деп бiр бума ақшаны ортаға лақтырып тастады. – Қалған мәселенi өзiң шеш. Мен кеттiм. Мынадай жүзiқара опасыздың түрiн көргiм келмейдi…
Бекентай сол кеткеннен мол кеттi. Оның қайда кеткенiн әлi күнге дейiн балалары да бiлмейдi. Мейрамкүл әр баласының қолында жүрiп жатыр. Анда-санда оңашада: «Оңбаған Шабдат менi ақ жолдан тайғызып, сүттей ұйып отырған отбасымды ойрандады. Құдай бар болса, оны жер тартсын» деп қарғап-сiлейтiн көрiнедi.
Әсiлi, пенденiң пендешiлiк жасап алып, кейiннен өкiнетiнi қызық. Бұл да болса, жұмбағы көп алдамшы өмiрдiң алдамшы тiрлiгi болар, бәлкiм?! Бiрақ, оны кiм бiлген?
Сарбұлақ ИБРАШҰЛЫ
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!