Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда облысының әкімі: «Ештеңе адам жанынан артық емес» (Видео)

28.07.2022, 13:45 461

HALYQLINE.KZ Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен алқа отырысында денсаулық сақтау саласы, оның ішінде аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғау мен эпидемиологиялық ахуал кеңінен талқыланған болатын.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов өңірдегі ана мен бала өлімінің көрсеткіші туралы айтып, оған әсер ететін негізгі факторлары тізбеледі.

Өткен жылы өңірде 10 ананың өлімі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 ана қайтыс болды.  

Облыс әкімі бұл мәселеге ерекше мән беріп, тиісті шаралардың шұғыл қабылдануы қажеттігін атап, басқарма басшысына бірқатар тапсырма жүктеді. Тіпті, әкімнің мына видеосы әлеуметтік желіде кеңнен таралуда.

– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар!

Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз