HALYQLINE.KZ Халық арасында «Ай да, күн де» хиті автордың көңілдесіне арналған деген сыбыс тарап кеткен. Бұл қауесет қаншалықты рас? Аталмыш туындыны жазған ақын әрі сазгер шындығын айтты, деп хабарлайды Экспресс К
Өмір сүріп күнменен,
Айды сүйдім түнде мен.
Ай да, күн де жақсы ғой,
Бірін бірі білмеген…
«Ай да, күн де» әні – 90-шы жылдары тыңдарманын лезде тапқан туынды. Музыкасы мен мәтінін жазған Қайрат Дүйсен-Парман есімді азамат. Алғашқыда аталған әнді Нұрлан Өнербаев елге кеңінен танытса, қазіргі таңда әнші Қуандық Рахым шырқап жүр. Бұл ән бірден халық арасында хитке айналғанымен, шығу тарихына қатысты түрлі жорамал мен болжам бар. Мәселен, «Ай да, күн де» әні автордың тоқалына немесе ашынасына арналған» деген қаңқу сөздер де тарап кеткен. Әйгілі туындының кейіпкері жайлы Қайрат Дүйсен-Парман көзі тірісінде ерекше естелігімен бөліскен еді.
«Бұл әнді мен 1988 жылы жаздым. Мен ол кезде жаңадан үйленген, 24-25 жастағы жігіт едім. ҚазҰУ-ға оқуға тапсырып жүріп, әнімнің негізгі кейіпкерімен кездейсоқ кездесіп қалдым. Иә, мен ол қызбен бұрыннан таныс едім. Алайда, арамызда аға-қарындас ретінде сыйластық болғанымен, оның мені ұнататынын бұл кездесуге дейін білмеген екенмін. Екеуміз емтихан алдыңғы дайындыққа бірге барып, бірге қайтып жүрдік. Ол кезде Алматының қайыңдары қазіргідей ауру-сырқау емес еді. Жайнап тұратын. Төле би мен Масанчының қиылысынан Әуезовке дейін сол қайыңдарды көлеңкелеп қатар келетінбіз. Ол да, мен де аздап өлең жазатын болғандықтан, арамыздағы әңгіме негізінен поэзия, әдебиет тақырыбында өрбитін. Махаббат, сезім жайлы әңгіме айтыла бастаса, мен отбасылы адам екенімді айтып, ол тақырыптан қашқақтайтынмын. Оны өте жақсы көріп кеттім. Бірақ, әйелімнің бар екенін, оны шын сүйіп қосылғаным жадымнан бір сәтке де шыққан емес» деп жазған марқұм Қайрат Дүйсен-Парман.
Дәл осындай кездесулердің бірінде әнге арқау болған ару тағы да әңгімені махаббат тақырыбына қарай бұрады. Тіпті, сол сәтте ән авторына, яғни Қайрат Дүйсен-Парманға деген сезімі бар екенін ашық айтқан екен.
«Мен әдеттегіше сөзді басқа жаққа бұрмақшы болғанымда, ол «Мен сені өлердей жақсы көрем» деді де, менің мойныма асылып құлай кетті. Алғашында абдырап қалып, оны маған жай ғана сүйенгісі келген екен ғой деп ойладым. Сөйтсем, ол кәдімгідей есінен танып қалған екен. Бойында әл жоқ. Буындары жансыз қалған оны сасқанымнан тротуардың бардюріне отырғыздым. Отырғыздым деймін-ау, сүйемелдеп тас қып құшақтап жанында отырдым. Ол шамамен он минуттан соң есін жиды. Сөйтті де басын төсіме қойып өкіріп жылады. Бар сырын ақтарды. «Мен сенімен бірге бақытты ғұмыр кешемін деп жүрсем… Үйленіп кеткеніңді қарашы!» — деп өкініш білдірді. Мен ағалы-қарындас болып сыйласып қалайық, отбасымды бұза алмаймын деп, оны жұбатумен болдым. Құшақтап, еркелетіп, бетінен сүйдім, шашынан сипадым. Бірақ, біз одан әріге барған емеспіз. Сондықтан, әлгі айтылған «тоқалына немесе ашынасына арнап жазылған ән болуы керек» дегеннің бәрі де қаңқу сөз. Әнімнің кейіпкерінің есімін сол кезде де жазбағам. Қазір де жазбаймын. Оның себебі өздеріңізге мәлім. Ол еш алаңсыз бақытты ғұмыр кешуге әбден лайықты жан», – деп автор «Ай да, күн де» әнінің тарихы туралы кезінде әлеуметтік желідегі парақшасына жариялапты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!