Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жоқ!» – деп айтуды үйрен

16.01.2023, 17:25 72

Мен бір ғана отбасының балталаса да бұзылмайтын бірлігін, жақсылыққа бейім, жамандыққа құйын екенін көрсеткім келеді. Зиянды әдеттерден аулақ болу, оларға қарсы жұмыс істеу – біз үшін қалыпты жағдай. Мен отбасыммен бірге мұндай шешімді қалай қабылдадым?

…Бірде отбасымызбен төрт көзіміз түгел теледидар қарап отыр едік. Кенет Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» атты пьесасының сахналанғалы жатқанынан хабардар болдық. Шынын айту керек, жайшылықта бәріне бірдей қарай бермейміз ғой, осы жолы бас алмай көріп, сілтідей тынып қалдық. Жалпы, бұл – 20 жыл бұрын премьерасы болған қойылым. Мұны үйдегі үлкендер айтты. Мағынасы тақырыбынан білініп-ақ тұр. Премьераға шақыру үшін жасалған бейнеролик бізді қатты қызықтырды. Диктордың қойылған дауысы, декорация, әртістердің өнері, қимылы одан әрі ынтықтыра түсті.

Сонымен, сәтін салып, отбасымыздың бір бөлігі болып қойылымды тамашаладық. Спектакль сюжеті отбасында жалғыз өскен еркетотай Жалқытайдың нашақорлармен кездесіп, тәуелділігінің кесірінен өзінің ғана емес, өзгенің өмірінің астан-кестен болуына себепші саналғаны көрсетіледі. Ата-ананың балаға деген кіршіксіз махаббаты, Тоқжанның сезімі, сенімі мен бозөкпелердің бет-бейнесі сәтті сахналанған. Есірткіге елтіген Жалқытайдың тағдыры кімді болмасын ойландырады, толғандырады.

Иә, өнердің өзі – идеология. Өйткені, осы арқылы адамды тәрбиелеуге, ойын өзгертуге әбден болады. Осылайша, берекелі дастарқан басындағы басқосуымыз жақсылыққа бастады, ізгілікке бағыт алды. Жастар, балалар мен жасөспірімдердің бойында салауатты, саламатты өмір салтын қалыптастыру – кез келген отбасының міндеті, мақсаты. Есірткі тарату мен тұтынуға біздің әулеттің о бастан жаны қас. Отбасы – біздің жаман іске қарсы тұратын ең алғашқы иммунитетіміз. Әр отбасында «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп айтылатыны анық. Бірақ, оны түсіну, одан нәтиже шығару бәрінің қолынан келмейтіні өкінішті.

Негізі, есірткінің қоғамға қатері өте көп. Оны бәрі білетін секілді, бірақ статистика олай демейді. Өйткені, теледидар, газет-журнал, сайт, әлеуметтік желілерде «есірткімен ұсталыпты» деген ақпараттарды көп кездестіруге болады. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша жиі-жиі іс-шара өткізіп тұрады. Мұның бәрі – қоғамдағы есіркіге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесі. Бұл мыңның бірі ғана, әйтпесе жауапты органдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарда есеп жоқ. Қалай десек те, «қылмыстың өтеуі – жаза» болары анық.

#есірткігеқарсы, #противнаркотиков

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: