Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жапырағын жайған бәйтерек…

25.03.2020, 9:56 1055

Қолымдағы Досмайыл Бекішев ағаның суретіне қадала қарап, ұзақ отырдым. Уақыт табы сарғайтқан суреттің айтар сыры аз емес сияқты. Бұл жерде Досекең жайқалған жасыл желектің ортасында түскен екен. Өңінен парасаттылық лебі төгілген ұстаздың жинақы қалпы темірдей тәртіп пен өз мамандығына шексіз берілген адам болғанын аңғартып тұрғандай.

Бұл ойымның шындықтан жырақ еместігін құжаттағы «Досмайыл Төлепұлы мәнді де мағыналы, ел-жұртқа, оның ішінде жастарға үлгі-өнеге боларлықтай ғұмыр кешті. Оның өмір жолы абыройлы адам болудың, адал еңбек етудің және ортасына сыйлы атанудың үлгісі ретінде қалыптасқаны анық» деген сөздер дәлелдей түсті. Енді, біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Досмайыл Бекішев шын мәнісінде қандай адам болған, ел-жұртының есінде қандай өнегелі ісімен сақталған деген сауалға жауап іздесек.

Досекең мұнан тура 90 жыл бұрын Тереңөзек ауданына қарасты Айнакөл ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарының сұрапыл шағымен тұспа-тұс келген келешек ұстаз өзге құрдастарындай тез есейді. Ер-азамат атаулы соғысқа аттанып, колхоздың күллі жұмысы бала-шаға, қарттарға, әйелдерге қараған тұсында «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұран тіршіліктің өзегіне айналды. Осынау жігеріңді жанитын қанатты сөзбен таң бозарғаннан түн жарымына дейін егіс алқабында тынбай жұмыс істеген өндірдей өрендердің сапында Досмайыл да бар еді.

Оқуға, ілім-білімге деген құштарлық біздің кейіпкеріміздің бойынан бір сәтке де бәсеңдеген емес. Қай нәрсені де білуге, ізденуге ұмтылып тұратын дағды, қайсарлық мінез ажырамас серігіне айналғаны қашан? Осы қасиет Досмайылды ақыры Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтқа алып келді. Институтта да үздік студент атанды. Аталмыш жоғары оқу орнынның жаратылыстану факультетін тамамдап, мұғалім атанған жас жігіт өзі жан-тәнімен қалаған мамандығын жан-жақты меңгеруге ынты-шынтымен кірісті.

Желден жүйрік ғұмыр қас қағымда сағымдай сырғыды. Досмайыл Төлепұлының қарапайым мұғалімдіктен басталған еңбек жолы тура 40 жылға созылды. Осы аралықта түрлі қызмет сатыларынан өтті. Арасында Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп те үлгерді. Жұмысшы жастар мектебінде, қаладағы «1 май» атындағы білім ордасында шәкірттер тәрбиеледі. Қандай ортада жұмыс істесе де абырой биігінен аласармады. Көптеген шәкірттердің санасына терең білім, саналы тәрбие сіңірді. «Елі сыйлаған есікте отырмайды» деген бар. Ұжымдастары да Досмайылдың нағыз ұстазға тән қасиетіне құрметпен қарады.

Арада жылдар өте Досмайыл Бекішев облыстық халық ағарту басқармасына жауапты қызметке жіберілді. Мұнда да сенімге селкеу түсірмеді.

– Досмайыл Төлепұлынан дәріс алған оқушылары ол кісінің сабақ берудегі өзіндік методикасына тәнтілік танытатын. Әсіресе, ағайдың есте сақтау қабілеті ерекше еді. Арада алпыс жылдан астам уақыт өтсе де бір кезде өзі оқытқан шәкірттерінің аты-жөндерін ұмытпай, жатқа айтып отыратын. Оларға қатысты оқиғаларды да қызықты етіп әңгімелеп беретін, – деп еске алады Д.Бекішевтің көзін көрген бұрынғы әріптес іні-қарындастары.

Досекең көкеміз кезінде облыстық халық ағарту бөлімінің басшысы У.Тұралиев, Қызылорда қаласы халық ағарту бөлімінің басшысы С.Жүнісов және басқа да басшылармен бірлесе отырып білім саласын дамыту тұрғысында толымды тірліктер тындырды. Сала басшылары да Бекішевтің еңбекқорлығын, ізденімпаздығын орынды бағалап, қолдап отырды. Өзінің еңбек жолында Досмайыл Төлепұлы Тереңөзек, Қазалы аудандары білім беру саласын басқарды. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасымен бағыныштыларын да бөле-жармай, қарапайымдылық танытудан айныған сәті жоқ. Қаншама қызметте жүрсе де достарынан қол үзбеді. Оны айтасыз, Мәдібек Ыбраев, Қажыман Асанов, Болатбек Аманбаев, Бәрзу Ахметов сияқты тағы да басқа достарымен кездескенде көңілі тасыған судай серпіліп қалатын.

Тағдыр жолы Досекеңе Дина Тұрғанбайқызы сынды адал жар, керемет жанды жолықтырды. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында дүниеге келген Дина анамыз Алматы медицина институының түлегі еді. Жолдамамен келіп Кызылорда облысы, Тереңөзек аудандық емханасында еңбек еткен тындырымды дәрігер кейін осы мекеменің меңгерушілігіне жоғарылады. Арада жылдар өте Қазалы ауданында ұзақ жыл жемісті енбек етті. Жан жары Досмайыл Төлепұлымен бірге бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары да өздері сияқты жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты.

Қызылорда қаласындағы Юрий Гагарин атындағы талантты балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры лауазымынан зейнеткерлік демалысына шыққан Досмайыл Төлепұлы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Кейін Алматы облысы «Көлді» поселкесіне қоныс аударған көкеміз бау-бақша өсіруге шындап мойын бұрды. Қашанда бау-бақшасы жайқалып тұратын ұлағатты ұстаз енді өзгелерге бағбандығымен үлгі болды. Алматы іргесіндегі «Көлді» поселкесіндегі орта мектептің оқушылары Досмайыл ақсақалмен жиі кездесіп, ғибратқа толы өсиетін қызыға тыңдайтын. Осы поселкеде көкеміз 20 жылға тарта өмір сүрді. Өзі жақсы адамға қай жерде де орын табылатыны рас екен.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: