Ер-азаматтың басты борышының бірі – әскерге бару. Кезінде әскерге барып, сарбаз атануға асығатындар көп еді. Ал қазіргі ахуал қандай? Бүгінімізге көшпей тұрып, кері шегіне тұрсақ. Үлкен аға буындар жастық шағын еске алған кезде, міндетті түрде әскери өмірін сағынышпен айтып, 40 күндік, 1 жылдық емес, 2 жылдық әскерде болғанын баяндайды. Бір қызығы, ол кездерде елде қалу сирек болған. Әскерлік өмірден қорықпай, шетелде өз борышын өтеген. Ал бүгінгі таңда шет мемлекет түгілі, басқа қалаға әскерге барудан қашатындардың саны да аз емес. Әскерге шақырту алады, бірақ ата-ана перзентін жібергісі келмейді, бала да отан алдындағы борышын өтеуге барғысы келмейді. Өкінішті. Сонда біздің жастар қорқыныш сезіміне ерік беруде ме?
Алайда кез келген нәрсенің екі жағы барын ұмытпаған абзал. Жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам жігіт әскерге шақырылады. Оның тек төрттен бірі сарбаз атанады. Бұдан жауынгер болудан жалтарып жүргендердің қатары тым көп екенін байқауға болады. Өйткені ата-ана әскер қатарына баланы сеніп тапсыра алмайды. Өміріне қауіп төнетінін түсінеді. Соңғы жағдайға көз жүгіртетін болсақ қаңтар оқиғасы, Жамбылдағы жарылыс, әскерге кетіп, табытпен оралғандар да біршама. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 220 әскери қызметкер өз-өзіне қол салған. Бұл – жыл сайын 22 отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтты деген сөз. Ал әскери прокуратура тіркелген суицидтің 90%-да қылмыстық сипат жоқ деп санайды. Сонда құзырлы органдар үшін сарбаздардың өмірі мен денсаулығы құнсыз ба? Олар ата-аналардың наласынан қорықпай ма? «Әскерде әлімжеттік бар, онымен күресіп жатырмыз» деп айтуға не кедергі? Бұл сұраққа таяу болашақта жауап берілмейтін сияқты.
Әскери бөлімдерде әлімжеттіктің салдырынан сарбаздардың бірі арбаға таңылса, өзгесі табытпен оралып жатыр. Мысалға алатын болсақ, 4 маусым таңғы сағат 5-те Маңғыстау облысындағы Бейнеу шекара қызметінің әскери бөлімінде сарбаздың мәйіті асылған күйінде табылды. 19 жастағы, Еділ Телешбаев әскери борышын өтеуге Түркістан облысынан аттанған. Жас сарбаздың өлімі қазір қоғамда үлкен шу туғызып отыр. Оның әскерге сау кетіп, өз-өзіне қол салғаны жақындарын әбден қажытып жіберген. Марқұмның анасы үндеуін Facebook әлеуметтік желісі арқылы жолдады. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзін қабылдауын сұрап отыр және істің жан-жақты тексерілуін талап етті. Осы орайда, Мемлекет басшысы мұндай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды жүктеді. Ақын Сайын Назарбекұлының: «Өмір – өлтіріп тынар» дегенін, қазіргі жағдайларға назар аударып «Әскер – өлтіріп тынар» – дейтін халге де келіппіз. Бейбіт кезде белгісіз жағдайда жас жігіттердің елімді қорғаймын деп шабытпен кетіп табытпен оралып жатқаны өкінішті.
Отан алдындағы борышты өтеу, Отанды қорғау міндетті, бірақ сол міндеттің де шекарасынан шығып жатқандаймыз. Басшылықтың есеппен жүріп, ессіз қателіктер жасап жатқаны білінеді. Басшының да басшысы бар демекші, оларда өз жұмысын кереметтей көрсеткенімен, халық арасында жапа шеккендер жеткілікті. Халықтың сұрайтыны – Мемлекеттің әскери тәртібін күшейтіп, өз нанын емес, елдің қамын ойлайтын басшыларды тағайындау. Әрине, отандық борышты өтеу ол дұрыс, бірақ адам жаны маңызды емес пе?
Мұхаммедшах КАЮП
Жас болса да маңызды мәселені қозғап отыр қаламың мұқалмасын балам.