Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жоғарғы оқу орны қызметкерлеріне төленетін үстемақы 1,5 есе артады

14.04.2023, 11:53 440

Үстемақы қызметкерлердің  ғылыми дәрежесі мен атағына қарап белгіленеді.

Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтты.

Президенттің айтуынша, университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар.

«Ғылыми-жаратылыстану, инженерлік-технологиялық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мықты ғылыми орталықтар мен институттарды ашу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыра бастаған жөн. Бұдан бөлек, қазіргі ғылыми-зерттеу институттары қызметінің тиімділігіне сараптама жасау өте маңызды. Сондай-ақ жас ғалымдарға тартымды болу үшін институттардың жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру керек. Ғылыми кадрларды даярлаудың мәні зор. Бүгінде университеттердегі ғылыми зерттеу жұмыстарының негізгі қозғаушы күші – докторанттар. Әйтсе де олардың саны біздің жоғары оқу орындарында білім алушылардың 1 пайызына да жетпейді«, – деді президент.

Президент өкілетті органдарға докторантураға қабылданатындардың санын тиісті деңгейге жеткізуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, 5 мың жеткілікті цифр. Министрлік бұл мәселені қайта қарап, оның нақты саны мен санатын анықтауы және тисті шешім қабылдауы қажет.

Сонымен қатар президент ғалымдарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейту қажет екенін айтты.

«Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет.

Күрішті күрмектен айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті. Сондай-ақ ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар да бар. Олар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден көрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн», – деді президент.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: