Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұстазға үнемі ізденіс керек»

06.07.2025, 17:51 643

Ұстаз – ұлттың рухани күретамыры. Ол бүгінге білім, ертеңге жол сілтейді. Осындай миссияны терең сезініп, 15 жыл уақытын шәкірт тәрбиесіне арнап келе жатқан жандардың бірі — Алия Абдуллаева. Қызылорда қаласындағы №212 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, педагогика ғылымдарының магистрі. Сөзбен емес, іспен дәлелдейтін ұстаз. Оның білім мен ғылым және тәрбие жолындағы еңбегі елге елеусіз қалмады. Ол 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасына ие болып, 2022 жылы «Үздік педагог» байқауының қалалық кезеңінде топ жарды. 2024 жылы Халықаралық байқауда «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының ТОП-50 финалисті қатарына енгені — оның ұстаздық келбетін айшықтай түсті. 2024 жылы өз саласының үздік жетістіктері үшін Қызылорда қаласының «Жыл ұстазы» номинациясымен марапатталды. Оқушылары да ұстаз жолын жалғап, республикалық, халықаралық білім сайыстарында жүлде алып, мектебінің атын биікке көтеріп жүр. Адал еңбектің, тынымсыз ізденістің нәтижесі осы болса керек. Бүгін біз сіздерге Алия Болатбекқызының ұстаздық өмірі, шәкіртке деген махаббаты туралы сұхбатымызды ұсынамыз.

– Алия апай, бүгінде білім саласында республикада топ жарып жүрген облыстағы санаулы педагогтардың бірісіз. Бала кезіңізден мұғалім болуды армандадыңыз ба? Ұстаздық жолына түсу шешіміңізге қандай отбасылық әсерлер болды? 

– Иә, ұстаз болу — бала күнгі арманым десем, қателеспеймін. Мектепте оқып жүргенде өз ісінің майталман мұғалімдерінен білім алдым, соларға еліктеп өстім. Ата-анам білім алуға, кітап оқуға ерекше мән берді. Олар «қандай мамандық таңдасаң да, ең бастысы – адалдық пен еңбекқорлық» деп тәрбиеледі. Бәлкім, сол кісілердің үмітін ақтауға талпынысым мені ұстаздыққа жетеледі. Мектепте әсіресе биология пәніне құштар болдым. Табиғаттың тылсым сырлары, жан-жануарлар дүниесі, адам ағзасының құрылымы – мені қатты қызықтыратын. Облыс орталығындағы №43 қазақ орта мектебін 2006 жылы үздікке аяқтап, сол жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Жаратылыстану факультетіне (грантқа) оқуға түстім. Отбасымның қолдауы және өзімнің ынтамның арқасында университетті де 2010 жылы биология мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірдім. Студенттік жылдарымда Төрехан апайымыз, Күлбарам Сәдуақасқызы, Салтанат Жарылқасынқызы, Рахат Хамитұлы, Айнұр Тұрдыбайқызы есімді білікті ұстаздарымыз ғылыми ізденіске баулыды. 

Университетте жүріп-ақ түрлі ғылыми жобаларға қатысып, педагогикалық практикаларды меңгердім, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырына қаныға бастадым. Жоғары білім алған соң, бірден өзімнің туған қаламдағы №212 мектеп-гимназияға жұмысқа орналастым. 2010 жылдан бері осы білім ордасында табан аудармастан қызмет етіп келемін. Жас маман кезімде тәжірибелі ұстаздар көп көмектесті, сол кісілерден үйренгенім өте көп. Ұстаздық жол – үздіксіз үйренуді талап ететін жол ғой. Уақыт өте келе педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алу қажеттігін түсініп, 2020 жылы білімнің қара шаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде магистратураны үздік тәмамдап, ғылыми жұмысымды қорғадым. Осылайша бала кезгі арманым іске асып, сүйікті ісім — ұстаздықты өмірлік мамандығыма айналдырдым.

Сурет: А.Болатбекқызының жеке мұрағатынан.

– Заманауи әдістерді сабақтарыңызда қалай қолданасыз? Оқушыларыңызды ғылыми жобаларға, зерттеулерге баулитыныңызды білеміз. Педагог-зерттеуші ретінде сіздің тәжірибеңіз қандай, ұстаздықта жаңашылдыққа қалай ұмтыласыз? 

– Қазіргі білім беру саласы күн сайын жаңарып, жаңа әдіс-тәсілдер пайда болып жатыр. Мен өз сабағымда жаңашылдыққа ашық болуға тырысамын. Мысалы, дәстүрлі лекциямен шектелмей, белсенді оқу әдістерін көп қолданамын, мысалы, топтық жұмыс, зертханалық тәжірибелер, жобалық тапсырмалар. Биология өмірмен тікелей байланысты пән, сондықтан теорияны тәжірибемен ұштастыру өте маңызды. Сабақтарымда оқушыларға өз бетімен ізденуге мүмкіндік беремін. Мәселен, бір тақырыпты өткенде оқушыларға шағын зерттеу жобасын тапсырамын, яғни сынып ішінде шағын тәжірибе жасау, өсімдік өсіру, микроорганизмдерді бақылау сияқты. Олар сол арқылы пәнді терең түсінеді әрі зерттеушілік дағдылары қалыптасады. Педагог-зерттеуші санаты өзімді ғылыми тұрғыда дамытуға ынталандыратын мәртебе деп білемін. 2019 жылы осы санатты алу мақсатында портфолиомды әзірлеп, өз жұмысымды сарапқа салдым. 

Зерттеуші-педагог болу – тек сабақ беріп қоймай, педагогика ғылымына аз да болса үлес қосу деген сөз. Сол бағытта біраз еңбектеніп жүрмін. Мысалы, магистрлік диссертациямды «Орта мектеп биологиясын электронды білім беру платформаларын пайдалану әдістемесі» тақырыбында жаздым. Осы ғылыми жұмысымдағы ой-тұжырымдарды күнделікті практикама енгізуге тырыстым. Нәтижесінде, балалардың пәнге қызығушылығы артқанын байқадым. Өз білгенімді әріптестеріммен бөлісу де – зерттеуші ұстаздың міндеті деп санаймын. Педагогикалық тәжірибемді жинақтап, бірнеше әдістемелік құралдар дайындадым. Атап айтсам, «Жанға шипа дәрілік өсімдіктер» атты қолданбалы курс бағдарламасын жасадым. Бұл ауылдық жердегі өсімдіктерді дәрілік мақсатта пайдалану жайлы қосымша курс, оқушыларға өте қызық болды. Сонымен қатар, «Биология сабағында жаңа технологияларды қолдану әдістемесі» деген әдістемелік нұсқаулығым бар, онда заманауи АКТ құралдарын, онлайн-платформаларды биологияны оқытуға кіріктіру жолдарын жаздым. «Экологиялық резонанстың алдын алу» атты тағы бір кішігірім еңбегімде экологиялық тәрбиенің маңызын және оны іске асыру әдістерін тарқатып көрсеттім. Бұл еңбектерімді жинақтап, қала көлеміндегі әріптестеріме семинар-тренигтерде таныстырдым, барлығы дерлік жақсы пікірлер айтты. Жаңашылдықтарды өз сабақтарыма енгізіп, өзге мемлекеттерге барған ғылыми сапарларымда іс-тәжірибелерде қолданып жүрмін. 

Шама келгенше халықаралық тағылымдамаларда, біліктілікті арттыру курстарына, ғылыми-конференцияларға қатысып жүрмін. 2022 жылы Грузияда өткен «XXI ғасырдағы білім берудің заманауи әдістері» атты халықаралық семинарға қатысу бақыты бұйырды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған педагогтармен тәжірибе алмасып, озық идеялар үйрендім. Сол сапардан үлкен шабыт алып қайттым. 2023 жылы Әзербайжанның Баку қаласында өткен «Біртұтас тәрбие: құндылықтар жүйесі» атты халықаралық ғылыми-педагогикалық конференцияға қатыстым. Ол жерде өзімнің шағын зерттеу мақаламды көпшіліктің назарына ұсынып, ғылыми жинаққа енді. Шет елдегі ұстаздардың жұмысын көріп, біздің білім беру әдістемемізді де салыстырып, сараптап қайттым. Мұндай шаралар мен үшін үлкен өмірлік мектеп десем болады. Беларусь, Берлин, Варшава, Токио, Москва елдерімен қашықтан тығыз байланыс жасап, тағылымдамадан өтіп, халықаралық басылымдарға жобамды шығарып жүрмін.

Негізі, ұстаз жеткен жетістігімен тоқтап қалмай, тоқмейілсуге болмайды, үнемі ізденісте болуы тиіс. Өйткені бүгінде тиімді болған әдіс ертен ескіреді. Сондықтан жаңаны үйрену, сынап көру менің қашаннан кәсіби ұстанымым. Өзім де зерттеп, оқушыларыма да зерттеуді үйретіп, нәтижесін бірге көріп, өсіп келеміз. Заман талап еткен жаңа технология, жаңа тәсілдің пайдалы жақтарын сабақтарыма бейімдеп енгізіп отырамын.

Сурет: А.Болатбекқызының жеке мұрағатынан.

– Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы естіп қуанамыз. Сіз тәрбиелеген талай оқушыңыз ғылыми жобаларда, пәндік олимпиадаларда жеңімпаз болып жүр. Мәселен, облыстық «Жас зерттеуші» байқауында бір оқушыңыз І орын, республикалық ғылыми жобалар сайысында тағы бірі І орын алғанын білеміз. Президенттік пәндік олимпиаданың жүлдегерлері, тіпті халықаралық «Megapolis-2022» жобалық конкурсында марапат алған шәкірттеріңіз де бар екен. Осындай биіктерге жеткен шәкірттеріңізді көргенде қандай сезімде боласыз? Жалпы, оқушыларды бәйгеге қалай дайындайсыз, құпияңыз қандай? 

– Шәкірттерімнің әрбір жетістігін биік шыңға балаймын, марқайып қаламын. Олардың жеңісі – ең алдымен, өздерінің еңбегі мен талабының нәтижесі. Мен тек жол сілтеп, қолдау көрсетуші, бағыттаушымын десем де болады. Әрбір жүлделі орын алған сәтте оқушының көзіндегі қуанышты көру – ұстазға ең үлкен бақыт. Оқушыларымды түрлі ғылыми жобалар мен олимпиадаларға дайындауды жұмысымның маңызды бөлігі деп есептеймін. Сабақтағы бағдарламамен ғана шектеліп қалмай, қабілетті балаларды қосымша ізденіске жетелеймін. Мысалы, жоғарыда айтқан «Жас зерттеуші» байқауында І орын алған Әлішер Мырзабек есімді шәкіртімнің жобасы өте ерекше болатын. Ол мектеп айналасындағы топырақ пен су құрамын зерттеп, экологияға әсерін талдады. Жобаны дайындау барысында Әлішер талай еңбектенді, тәжірибелер жасап, мәліметтерді өңдеп, нәтижесін ғылыми тілде қорғауды үйренді. Еңбегі ақталды, облыста үздік шығып, қатты қуантты. Ал республикалық ғылыми жобалар сайысында ІІ орын иеленген Айжан Жұмағазы есімді оқушымның жұмысы медицина саласымен байланысты болды. Ол өз жобасында аймақ жастарының денсаулығына экологияның әсерін зерттеді. Айжан да өте ізденімпаз, еңбекқор қыз, нәтижесінде республикада топ жарды. 

Пәндік олимпиадаларға келсек, менің міндетім оқушының қызығушылығын ерте байқау және оны қолдау. Мысалы, биологиядан тереңдей түсуді қалайтын баланы қосымша әдебиеттермен, кеңестермен қамтамасыз етемін. Кейде сабақтан тыс уақыттары мектеп зертханасында бірге тәжірибе жасап, дайындаламыз. Президенттік олимпиада болсын, Әл-Фараби атындағы халықаралық олимпиада болсын, аттарын атадық қой, соларға оқушыларым жылда қатысады. Бір жылы оқушым алтын медаль алып келсе, келесі жылы басқалары да соған қарап талпынады. Бізде мектепте бір жақсы дәстүр бар, жоғары жетістікке жеткен оқушы өзінен кейінгі буынға тәжірибесімен бөліседі. Жеңімпаздарымыз өзінен кейінгі сынып оқушыларына мотивация беретін шағын шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Бұл да өз жемісін береді деп ойлаймын. Жалпы, «Шәкірт – ұстаздың айнасы» деп бекер айтылмаған ғой. Оқушының жетістігі – ұстаз еңбегінің көрінісі. Дегенмен, мен бар жетістікті өзіме телімеймін, ең бастысы – оқушының қызығушылығы мен ынтасы. Егер баланың бір нәрсеге құлшынысы болса, мен соны қолдап, дұрыс бағыт беруге тырысамын. Мақсат қойып, соған бірге дайындаламыз, тіпті психологиялық тұрғыдан да демеу беремін. Кейде жарыс алдында баланың көңілі толқып тұрады, сондайда оларға сенім ұялатып, жігерлендіремін. Тағы бір айта кетерлігі, әр жеңістің артында үлкен еңбек жатыр. Оқушыларым республикалық, халықаралық сайыстарда орын алғанда жұрт сырттай «бұлардың бағы бар екен» деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, оның артында оқушының да, ұстаздың да аянбай төккен тері бар. Түн жарымына дейін бірге биологиялық есептер шешкен кездер, демалыс күндері мектепте тәжірибе жасаған уақыттар – соның бәрі ақталғанда, жүрекке қуаныш толады. Мен үшін шәкірттерімнің адал адам болып қалыптасқаны, ғылымға қызығып, өз жолын тапқаны – ең үлкен сый. Жүлде, марапаттар тек бонус қана. Көпшілігі мектеп бітірген соң да хабарласып, алғыстарын айтып жатады, жетістіктерімен бөліседі. Сол кезде «Еңбегім зая кетпепті, бір адамға болсын пайдасы тиіпті» деп, төбем көкке жетеді. Ұстаз бақыты – шәкіртімен өлшенеді деген осы шығар.

Сурет: «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының ТОП-50 финалисті қатарына енгені.

– Қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге тоқталсақ. Цифрлық дәуірде білім беру, оқушылардың гаджетке құмарлығы – бір жағынан проблема, екінші жағынан жаңа мүмкіндік. Сонымен қатар, жаһандық экологиялық дағдарыс жағдайында мектептегі экологиялық тәрбие маңызды болып отыр. STEM сияқты интеграцияланған білім беру бағыттары да трендке айналды. Осындай жаңашыл бағыттар туралы сіздің көзқарасыңыз қандай? Сабақтарыңызда цифрлық технологияны, STEM-ді қалай кіріктіресіз? Жалпы, өзіңіздің әдістемелік құралдарыңыз бен тәсілдеріңіз туралы айтсаңыз.

– Өте ауқымды сұрақ екен, жан-жақты жауап беруге тырысайын. Ең алдымен, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе деп ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты айтар едім. Қандай жаңа технология келсін, негізгі тірек, мұғалімнің балаға деген ықыласы, түсіністігі. Қазір ақпарат тасқыны заманында балалардың назарын оқу процесіне аудару қиындай түскендей. Біз, мұғалімдер, оқушы үшін мектептегі білімнің өмірде қажет екендігін ұғындыруға көп көңіл бөлеміз. Яғни, білім құндылығы, тәрбие бірінші орында. Ал цифрлық технологиялар мәселесіне келсем, цифрлық дәуірден қашып құтылмаймыз. Балалар гаджетпен достасып туылады қазір. Сондықтан цифрлық білім беру технологияларын сабақта тиімді пайдалану заман талабына айналды. Мен өз тәжірибемде интерактивті құралдарды мүмкіндігінше қолданамын. Мысалы, биология сабақтарында виртуалды зертхана бағдарламаларын іске қосамыз. Онда оқушылар компьютер арқылы қауіпті тәжірибелерді қауіпсіз орындап көре алады, не болмаса микроскоптың мүмкіндігі жетпейтін ұсақ құрылымдарды 3D моделін көре алады. Оқушылар ондайға қызығады, тез қабылдайды. Сондай-ақ, Symbaloo білім платформасын сабаққа кірістіріп жүрмін. Education/games арқылы тест, викторина өткіземін. Бұл балалар үшін ойын, мен үшін тиімді бақылау. Цифрлық платформалар балалардың ынтасын көтеріп, оқу процесін жеңіл де қызықты ете алады. Бірақ бір ескеретін нәрсе – цифрлық сауаттылық және қауіпсіздік. Интернеттен көрген әр ақпарат білім емес екенін түсіндіру – мұғалімнің міндеті. Мен информатика пәні мұғалімі әріптестеріммен тығыз байланыста жұмыс істеп, балалардың цифрлық мәдениетін дамытуға атсалысамын. Мысалы, әр жаңа жобаны бастарда «онлайн ақпаратты қалай сүзгіден өткіземіз, қандай сайтқа сенуге болады, плагиат деген не» деген сияқты әңгіме өткіземін. Цифрлық технология – құрал ғана, оны мақсатқа жету үшін пайдаланамыз, бірақ ол мұғалімді алмастыра алмайды. 

Енді экологиялық тәрбиеге тоқталсам. Биология пәнінің мұғалімі болғандықтан, экология тақырыбы – жүрегіме жақын. Жас ұрпаққа табиғатқа деген сүйіспеншілікті ұялата білу керек. Қазір экологиялық ахуал барша әлемде өзекті. Мектептегі экологиялық тәрбие кіші жастан басталуы тиіс. Біз мектепте экологиялық шараларды өткізіп тұрамыз. Өңіріміз Арал теңізінің тартылу проблемасын бастан кешіріп отырғандықтан оқушылардың экологиялық сана-сезімін көтеру — парызымыз.

Өзім сабақ барысында әрқашан экологияға жанашырлықпен қарап, оқушыларға биосфера жөнінде өткенде, жергілікті экологиялық мәселелерді талқылап, шешу жолдарын ойластырып, пікірлерін сұраймын. Балалар жобалық жұмыс ретінде мектеп айналасын көгалдандыру, қалдықтарды сұрыптау секілді ұсыныстар әзірлейді. Осындай кішкентай істермен үлкен тәрбие береміз деп сенемін. Өткен жылы биология және география пәні бірлестігімен бірге «Эко-Patrol» деген оқушылар клубын құрдық. Клуб мүшелері мектепте және үйде қоқысты бөлек жинау акцияларын жүргізді, қаладағы парктерде ағаш отырғызуға қатысты, әлеуметтік желіде экологиялық мәдениетті насихаттайтын постерлер дайындады. Нәтижесінде, балалар нақты іс арқылы экологияға үлес қоса алатынын сезінді. Оқушыларым «Табиғатты аяла» секілді байқауларға дайындалғанда да тек жарыс үшін емес, шын жанашырлықпен қатысатынын байқаймын. Бұл мені қатты қуантады. 

Жуырда Астана қаласында өткізілген Қазақстанда STEM-білім беруді дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру шеңберінде «STEP–Жаңа Талап» жобасы бойынша «STEM-тәсілдерін интеграциялау: педагогтерге арналған стратегиялар мен әдістер» тақырыбында біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша үш айға созылған оқытудан сәтті өтіп, сертификат иелендім. Бұл бағдарлама Оңтүстік-Шығыс Азия Білім Министрліктерінің ұйымы бастамашылық еткен халықаралық білім беру жобасының бөлігі және бірнеше елде, соның ішінде Таиланд, Камбоджа, Индонезия және Малайзияда «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді, бұл оқу маған зор мүмкіндік берді. STEM-білім беру туралы көзқарасыма келсем, ғылым мен техниканы ұштастыра оқыту бүгінгі экономикалық даму талабына айналды. Біз бұрын пәндерді бөліп оқытып келсек, қазір шынайы өмірде ғылымдар тоғысқан заманда балаларға кешенді ойлау қабілеті керек. Сол үшін мектеп бағдарламасына STEM элементтерін енгізу маңызды. Сабағымда да мүмкіндігінше пәнаралық жобалар жасатамын. Мысалы, биологияны информатикамен немесе химиямен байланыстыратын тапсырмалар беремін. Өткен оқу жылында 10-сынып оқушыларымен «Су сапасының мониторингі» деген тақырыпта бір қызық жоба жасадық. Бұл жобада балалар химия пәнінен алған білімін пайдаланып, түрлі су көздерінің құрамын анализдеді, биология жағынан судың микроағзаларын зерттеді, ал информатика бойынша нәтижелерді электронды кестеге салып, графиктер құрды. Тіпті кейбір өлшеу құралдарына арнап Arduino микроконтроллерінің көмегімен қарапайым датчик құрастырдық. Осындай интеграцияланған жұмыс арқылы балалар судың сапасын жан-жақты бағалап, нақты ғылыми зерттеу жүргізгендей әсер алды. Болашақта инженер, биолог немесе эколог боламын деген балалар үшін бұл таптырмас тәжірибе деп ойлаймын. STEM тек жобаларда ғана емес, күнделікті сабақта да болады. Робототехника, бағдарламалау элементтері, қолданбалы есептер – бұның бәрін тиісті пән мұғалімдерімен бірігіп, біздің мектепте жүзеге асырып жүрміз. STEM арқылы оқушы теорияны практикалық қолдануға дағдыланады, түрлі салаларды ұштастырып, жаңалық ойлап табуға талпынады. Бұдан артық не керек – креативті, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеудің бір жолы осы деп білемін. Өзіңіз сұраған соң өзімнің әдістемелік құралдарым туралы да айта кеттім ғой жоғарыда. Сол еңбектерім мен ізденістерім, менің педагогикалық көзқарасымның нәтижесі әрі көрінісі. Мен үшін ең бастысы оқушыға бағытталған оқыту («student-centered learning» деп жатады) принципі. Яғни, бала сабақтың басты кейіпкері болу керек, мұғалім тек бағыт беруші, фасилитатор рөлінде. Әр сабағымда осы ұстанымды ұстауға тырысамын. Цифрлық болсын, дәстүрлі болсын, қай әдісті қолдансақ та, түп мақсаты – оқушының қызығушылығын арттырып, өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастыру. Сондықтан мен әрдайым «мынаны үйреттім» деп емес, «оқушы меңгерді ме» деп өзіме сұрақ қоямын. Сабақ соңында кері байланыс алып, балалардың ұсыныс-пікірімен санасамын. Бүгінгі оқушының талғамы басқа, заманға сай ойлайды, сол себепті мұғалім де соған бейімделуі тиіс. Педагогикалық көзқарасымның түйіні – жаңашылдыққа ашық болып, ұрпаққа шынайы жанашыр болу. Сонда ғана нәтижелі білім болады деп сенемін.

Сурет: А.Болатбекқызының жеке мұрағатынан.

– Әңгімеміздің соңында алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. Болашаққа қандай мақсат қойдыңыз? Сондай-ақ, өзінің ізін басып келе жатқан жас мұғалімдерге айтар кеңесіңіз бар ма? 

– Алдағы жоспар көп, әрине. Ең бірінші – қол жеткізген жетістіктерімде тоқтап қалмай, үнемі даму үстінде болсам деймін. Магистр атандым, енді бұйырса, ғылыми жұмысты жалғастырып, докторантураға (PhD) түссем деген ниетім бар. Ағылшын тілінен деңгейімді көтерудемін. Өмір бір орында тұрмайды, жаңа білім, жаңа тәжірибе керек. Сол арқылы ғана заман ағымынан қалыспай, шәкірттерге пайданды тигізе аласың. Сонымен қатар, алдағы жылдары биология пәнінен тереңдетілген авторлық оқу құралын жазуды жоспарлап жүрмін. Жылдар бойғы жинаған материалдарым бар, соны жүйелеп, жас мұғалімдерге көмек болатындай әдістемелік кітапша шығарсам деймін. Тағы бір мақсатым – өңірімізде экология бағытындағы оқушылар лагері жобасын қолға алу. Жаз айларында ауыл балаларына арналған табиғат аясындағы ғылыми-танымдық лагерь ұйымдастыру идеясы көптен бері ойымда жүр. Егер қолдау табылып жатса, сол жобаны жүзеге асырғым келеді. Бұл бір жағынан балаларға демалыс, екіншіден экологиялық тәрбие, өмірлік тәжірибе болар еді. 

Менің басты мақсаттарымның бірі – тәжірибе тарату, өз білгенімді әріптестеріммен бөлісу. Осы бағытта Қызылорда қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты филиалында биология пәні мұғалімдеріне курстар жүргізіп, тренерлік қызмет атқарып келемін. Сонымен қатар, облыстық деңгейде де мұғалімдерге арналған әдістемелік курстар ұйымдастырып, педагогикалық қауымдастықпен тығыз жұмыс жүргізудемін. 

Ал жас мұғалімдерге келер болсам, өзім де күні кеше ғана жас едім, қазір тәжірибе бөлісетін деңгейге жетіппін (жымиды). Жас мамандарға айтарым – ешқашан оқуды, ізденуді тоқтатпау керек. Университеттен алған диплом – тек бастамасы, нағыз оқу адам мектепке қызметке келгенде басталады. Сондықтан алғашқы жылдары ауыртпалықтар кездессе, соған мойымауын сұрар едім. Әр қиындық – бір сабақ. Ең бастысы, мұғалім болуды шын жүрекпен қалау керек. Жүрек қалауыңмен келген мамандық болса, қанша шаршасаң да, одан бас тартпайсың, жеңіп шығасың. Жастарға тағы бір кеңесім – заманды түсіну. Қазіргі оқушы бұрынғыдан өзгеше, ақпаратты тез қабылдайды, пікірі еркін. Олармен тіл табысу үшін заманауи болыңыз, дер едім. Жаңа технологияларды меңгерсін, шет тілдерін үйренсін, үздік ұстаздардың іс-тәжірибесін оқысын, меңгерсін. Білім беру деген шексіз әлем, әр мұғалімнің өзіндік стилі болады. Жас ұстаз уақыт өте өз жолын табады, тек сол жолды табуға асықпау керек. Тәжірибе жинақтағанша, үлкендерді тыңдап, жақсысын көкейге түйіп, жаманынан аулақ болып жүрсе – түбі өз биігін бағындырады. Менде әлі күнге ұстаздарыммен, тәлімгерлеріммен ақылдасып отырамын. Бұл дәстүр сабақтастығы. Біздің қоғамда мұғалімге деген құрмет ерекше ғой, соған лайық болуға тырыссақ, шәкірттеріміз де бізге құрметпен қарайды. 

Ұстаздық – үздіксіз өзін-өзі жетілдіруді талап ететін жол. Сол жолдың әр кезеңінен абыроймен өтіңіздер, дегім келеді. Ұстаз еңбегі қашанда жемісін береді, тек сабыр мен сүйіспеншілік қажет. Ал жеке өз басымның басты жоспары – әрқашан шәкірттерімнің қолдаушысына айналу. Олар үлкен жетістікке жетсе де, өмірде жолы болмай қиналса да, мені есіне алып, кеңес сұрайтын адамы болса екен деймін. Ұстаздық миссия осындай ұрпақтарға бағыт берумен өлшенеді деп білемін. Сондықтан алдағы уақытта да адал еңбегіммен, шын көңіліммен балаларға білім беруді жалғастыра беремін. Кеудемде Отанға, білімге қызмет етемін деген адал ниетім барда, әлі талай белестерді бағындырамыз деп сенемін.

– Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Е.СӘРСЕНҰЛЫ, 

журналист

Пікірлер:
  • Керемет сұқпат болған екен. Жаңашыл мықты ұстаз.Арман мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін

  • Апай бізге 2жыл биология пәнінен сабақ берді, сабақ өте қызық болады, билогияға қатысты қызықты есептер шығарамыз, барлық оқушы қызығушылықпен белсенділікпен қатысады, апайдың сабағы өте қызық

Добавить комментарий для Жаухар Сағатқызы Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: