Білім саласына келгенде, жауапсыз сауал жетіп артылады. «Неге? Қалай?» деп қоя салуға тура келеді. «Неліктен?» десеңіз де, түбіне жете алмайсыз. Өйткені, оған жауап іздеп, қуысты толтырып жатқан ешкім жоқ. Бірен-саран біреулер бар шығар, бірақ былық болып жатқан жерге барған адал адам кімге жақсын, оны арам ортадан аластауға тырысады. Тиісінше, кейбір жемқор декан мен бармағы бүгулі оқытушылар көзі көрмейтін, құлағы естімейтін «келімсектерді» шығаруға барын салады. Алыстан әспеттемей, турасына көшейік. Әңгіме университет оқытушылары мен оның басшыларына қатысты.
Былтыр әлеуметтік желіде Алматыдағы аты дардай университеттердің студенттерге дипломды табыстау кезінде салғырт қарап, «көк» түсті қатырма қағаз иелерін сахнаға шығармай, қолдарына таратып бере салған фактілері болғанын көрдік. Әсіресе, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенттері оқу орнына деген өкпесін ашық білдіріп, Tiktok желісінде оны біраз қозғады. «Бұл ұлттық университет тек қызыл диплом алатындарға көңіл бөлді. Ал, көк диплом алатындар көгалдың бойында алдық. Өте өкінішті, ұлттық деңгейдегі университеттің студенттерін бөліп-жаруы. Ұйымдастырушылардың ақталған сөзі: «биыл 3000 түлек бар». Меніңше, жоғары деңгейде өткізудің бірден-бір себебі болуы керек сияқты. Өйткені ұлттық университетті 3000 оқушы кезінде таңдады. Қазір олар жас маман атанып түлеп ұшуда. Салтанатты іс-шараның масштабын кеңейтіп, қызықты қылып өткізуге болады. Ренжулі студенттер жай ғана отырды, тіпті шапалақтап қолдау көрсетпеді. Әрине, диплом алып, мақтаныш сезімді сезіне алмады» деген пікірлер желдей есті. Осының артын бағып, олардан кешірім сұраған немесе дипломды ресми қайта табыстаған бірде-бір университетті көрмедік. Бір мезетте мыңдаған білім алушыны сахнаға шығарып, оларға диплом табыстау қандай қиын жұмыс болса да, төрт жылда бір рет осы рәсім жасалуы заңды әрі міндетті еді. Дегенмен, студенттерді алалады. Осы кезде сол жағдай болған оқу орындарының студенттері әлеужеліге салған естелік суреттерінде сахнада тұрған суретімен бөлісе алмады. Оларға салғырт қараудың соңы университеттерге деген көзқарастардың өзгеруімен аяқталды. Мұны оқытушылардың олқы, басшылардың былық әрекеті деп атауға болады. Біз мәселені шешіп емес, қашып құтылуға ғана тырысатынымыз өкінішті. Хош.
Бұған дейінгі дүниелер аздай, қазір оқытушылар студенттердің тиісті бағасын қоймай, топтың тек 10 пайызына ғана жоғары баға қоятын көрінеді. Осыған қатысты Батыс Қазақстандағы ЖОО-ның студенттері бүй деп пікір білдірді.
– Қазір – қысқы емтиханның уақыты. Бұған дейінгі 15 аптаның тапсырмасы мен дәрісін түгел көшіріп, дәптерді тексертсең де жоғары баға алуға мүмкіндік тым төмен. Себебін сұрасақ, «студенттердің 10 пайызына ғана жоғары баға қойылуы керек» деген тапсырма келді, сол үшін ренжімеңдер» деп шығарып салады оқытушылар. Сонда бір топта 100 пайыз бала қызыл диплом алуға үміткер болып келе жатқанда, оны солақай саясат сағын сындыруы керек пе? Бұл деген нағыз болашаққа балта шабу, студенттің көңілін қалдыру ғой. Бірақ қазір университет басшылығы үшін өзінің білім алушысының құрметі мен еңбегі маңызды емес, тек тексерістен аулақ болса болды. Осы жағдай осыны түсіндірді. Айтпақшы, таныстарымнан сұрауым бойынша, студенттерді алалау Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде, одан да басқа ЖОО-да болып жатыр екен.
Кейде оқу орнының заңы мен артық талаптары шектен шығып жатады. Түсінбеймін… – деді білім алушы.
Біздің мемлекетте қозғалған мәселемен емес, оны айтқан адаммен күресу көп. Сондықтан, студенттің есімін құпия сақтауды жөн көрдік. Жалпы, білім алушылардың ішкі арпалысына үңілсеңіз, оларға ЖОО-дағы кейбір шектеулер мен заңдар кері әсерін тигізеді. Расында мамандығына берілген, өз саласын жетік меңгеріп келе жатқан білім алушы қайдағы бір рейтинг қуалаудың зардабына ілігетін болса, оның оқу-білім тұрмақ, өз еліне қызмет етуге де мүлде мұршасы болмайды. Өйткені, оны университет қабырғасында күштеп қанатын қырыққан едік. Мұны екінші жақтан қарасаң, университеттің үздіктер саны тым көбейіп кетсе, оған тексеріс пен аудиттік құрам келіп тексереді екен. Сол үшін студенттерді осылай қолдан «құлатады». Қалай дегенмен, мұны жақтау, екі тарапты да тең ұстау қиын. Университет үшін шәкірттің болашағы мен еңбегіне деген құрмет бірінші орында болуы тиіс. Мұны ескеріп, түсініп жатқан ұстаздар қауымы мен басшылық некен-саяқ. Білім саласын неліктен тармақталған жол дейміз? Онда басшылардың кезегі ұзын-сонар. Біріне барсаң, екіншісіне сілтейді. Және кейбір оқытушы үшін студенттер жай ғана табыс көзі болып бара жатыр. Негізі, университетте болатын білім алушылардың үздіктер қатарына қосылуының артқанына тәуелді болмауы керек. Сонда көз қысты, бармақ басты әрекеттер азайып қалар, кім білсін?! Осыдан кейін кейбір ұстаздарға деген ойыңыз өзгеруі мүмкін. Бірақ, одан пайда жоқ. Біздегі жағдай бұрыннан осындай болған. Қазір де – осы. Мінберге жаны ашитын жан келмесе, бұдан кейін де осылай болары хақ. Ұстаз ұлы жолдан жаңылса, шәкірт шыдам жолынан шығады. Бірақ бұл үшін шәкірттің жазығы жоқ. Кім кінәлі екенін ойлап көріңіз. Жоғарыда айтқанымыздай, мәселені қозғаған адаммен күресуді тоқтатсақ екен…
К.ҚҰРМЕТ
Коллаж ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!