Мектепті тамамдаған оқушы мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнында білім алуы үшін ҰБТ тапсырады. Бұрын-соңды мұны ұлы біркүндік төңкеріс деп те атайтын. Жастардың көбі болашағын осы тестпен байланыстырып, жоғары балл алса той тойлап, төмен балл бұйырса, өмір тоқтап қалғандай әсер қалдыратын. Кезінде бұл сынақтан сүрінгендердің кейбірі суицид жасағаны да бар. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта мұндай іс-әрекеттер жастар арасында аз. Дегенмен бұл тест өмірді шешпесе де, төрт жылдық білімді ақылы немесе гранттық негізде оқитыныңды шешетіні рас. Сол себепті жүйелі дайындықпен қатысқан жөн. Алайда бабың мен бағың қатар шапса, жеңіс тұғырынан көрінетінің анық. ҰБТ-ны алынбайтын қамалмен теңестіруге болмас. Себебі сұрақтары жыл сайын күрделенгенімен, жастарға мол мүмкіндік қарастырылуда. Бірақ талап та жоғары…
Көктемнің соңғы айы оқушылар үшін аса маңызды. Себебі олар өз қиялындағы болашағының суретін салатын күн жақындады. Өзіне ұнаған мамандықты таңдап, оған түсуі үшін керекті бейіндік пән мен негізгі пән бойынша сынақтан өтеді. Тиісінше кімнің ұпайы жоғары болса, грантқа түсетіні сөзсіз. Формуласын айтудың қажеті жоқ. Жыл сайынғы бір процесс. Десе де биыл нендей өзгерістер болады? Мәселен, өткен жылғыдай биыл да түлектер екі рет тест тапсыруға мүмкіндік алды. Міне, осының арқасында түлектердің қорқынышы біршама сейілді. Алайда екі мүмкіндікте де бейінді пәндердің бір комбинациясын таңдай алады. Бұл нақты шешім қабылдауға талапкерді әу бастан үйретуде. Өткен жылы шекті балда бірнеше өзгеріс болды. Биыл шекті балл дәл сол күйінде қалады, тек «Құқық» білім беру саласы бойынша 75 балды құрайды. Ал тесттегі тапсырмалар легіне келетін болсақ, «Қазақстан тарихы» пәніне контекстік тест тапсырмалары енгізілді. Әрі қарай маман сөзімен жалғастырайық.
– Биыл ҰБТ тапсыруға қосымша қолайлы жағдай жасалып отыр. Ерекше білім беру қажеттігі бар балаларға қосымша тестілеу уақыты (40 минут) берілді. Сонымен қатар, оларға суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев кестесі, сондай-ақ металдардың белсенділік қатары қосылған тұздардың ерігіштік кестесі биыл да болады. ҰБТ-ға қатысушыларға тестілеу аяқталғаннан кейін экранда, сондай-ақ Жеке кабинетінде жеке тақырыптық талдау қолжетімді болады. Бұл тестіленушілерге әр пәнді меңгеру деңгейін түсінуге мүмкіндік береді. Академиялық адалдықты сақтау мақсатында тестіленушілердің тест нұсқасы таңбаланатын болады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ереже бұзған немесе тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда ереже бұзушылар анықталып, олардың нәтижелері жойылады, – деді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Өткен жылы кейбір «жұлдызды» жандардың іс-әрекеті талқыға түсіп, халық арасында біраз шу шыққан еді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізілмек. Енді әр тестіленушінің тест тапсыру орнында жеке басын (Face ID) сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған. Бұл өзгеріс бұлаң құйрық ата-ана мен оқушыны ықтырып, екі аяғын бір етікке тықтырады деп сендік. Өйткені білім әділ бағалануы керек. Сондай-ақ, 2022 жылғы түлектер үшін білім орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізіліп жатыр. Осылайша, тестіленушілер ыңғайлы және қобалжусыз ҰБТ тапсыруы үшін барлық жағдай жасалған.
Айта кетейік, ҰБТ-ға тіркелу сәуір айында басталып, бүгінге дейін жалғасуда. 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында тіркелу жүргізіледі. Осы аралықта қалаған екі күн мен тапсыратын қала немесе ауданды таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Мәселен, Қызылорда облысының талапкерлері үш жерден тапсыра алады. Олар: Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы және Қазалы ауданы. Екі рет тапсырған тесттің ең үздік нәтижесі арқылы білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысуға толық мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ағымдағы жылдың мектеп түлектері ҰБТ-ға тегін қатысса, өзге тұлғалар үшін тестілеуге қатысу құны – 4230 теңге.
Биыл аталмыш білім сынағы үш айға созылмақ. 16 мамыр күні басталып, 5 шілде күні соңғы талапкерлер нәтижелерін алады. Және өткен жылғы олқылықтарды ескеріп, биыл «алтын белгі» төсбелгісін алудың жаңадан өзгерістеріне Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойды. Оның сөзінше, оқушылардың еңбегі бағалануы үшін талап күшейтілді. Бұған дейін де бұл мәселе мұғалімдердің 2021 жылғы тамыз кеңесінде қабылданған еді.
– Келесі жылдан бастап 9-сыныпты аяқтап, арнайы аттестат және 10-11-сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады.
Сондай-ақ талапкерлер НЗМ базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын түсіну маңызды. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болады.
Былтыр мектеп бітірушілер рекордтық «Алтын белгі» алды. Кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл алды.
Осыған байланысты үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтеді, – деді Асхат Аймағамбетов.
Айтпақшы, өткен жылы «алтын белгі» иегерлері бір сәтте көбейіп, бірақ кейбірі ҰБТ-да шекті балды да жинай алмай қалған болатын. Әлеуметтік желіде де көбі мұғалімдердің балалары тегін мадақты алады деп ашуға ерік бергендері де болды. Жасыратыны жоқ, мұндай жайттар кездесті. Қалай десек те, бір кілтипан бар. Осы кілтипанның кілтін табу үшін шешім қабылданыпты. Нәтижесін көретін күн де алыс емес.
Жаратқан ием адам баласына бірдей мүмкіндік берді. Тек қоғамның әділ болуы ғана қалды. Егер үлкендер жемқорлыққа жол берген күннің өзінде жастар мынаны жадында ұстауы қажет. Сіздің өміріңіз сіздің қиялыңызға байланысты. Ең бай адамның мұрагері де жалаңаш туады. Өмірге келгенде бәріміз бірдейміз, қалғаны – әрекетте. Ал әрекет түбі – берекет…
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!