Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихы терең, білімі теңіз мектебім

21.02.2025, 11:30 55

HALYQLINE.KZ

Өткеніңді еске алсаң, кемел боласың деген. Сонау балалық шақта білім алып, ер жетіп, келешекке жолдама алған мектебімнің өткені мен бүгінгі таңдағы тарихы жайлы және де сол жылдардан осы уақытқа дейінгі мектеп басшыларының іс-қимыл, игі істері мен жетістіктерін бүгінгі ұрпақтарға жеткізу – үлкендік парызым. Ұрпақтар сабақтастығы осылай жалғаса беретіндігіне сенемін.

Талай перзенттің кіндік қаны тамған жері, бұрынғы атаулары Октябрь, Карл Маркс, бүгінгі Бекарыстан би ауылы атанған, табиғаттан нәр алып бойына сіңірген, елге қызмет еткен ерекше адамдарың есімі бүгінде елдің есінде, яғни тілге тиек етіп отырған Үрмаш Түктібаев атындағы №24 мектебінен тәрбие мен білім алған азаматтарға қанша құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Сәл шегініс жасап, мектеп ашылған жылдан бері жоғарыда атап өткенімдей, кімдер басшы болғанына көз жүгіртсек.

Мектеп алғаш рет 1934-1935 оқу жылында мектеп-интернат болып ашылған. Оның алғашқы басшысы болып Қылышбаев Махамбет тағайындалады. 1935 жылдан 1938 жылға дейін бастауыш мектеп болып құрылып, осы аралықта мектеп басқарушысы Қонақбаев Жәкен қызмет атқарады. 1938-1939 оқу жылында 1-6 кластық білім «Аралық мектеп» болып қайта құрылып, мектепті Әлімбетов Бақытжан басқарған. 1939-1940 оқу жылында 1-8 кластық білім беретін мектеп болып ашылып, оның диреткоры болып Қиынбаев Аяған тағайындалады. 1940-1941 оқу жылында мектеп директоры болып Жұмағұлов Иманғали қызмет атқарса, ал 1941 жылдан 1947 жылға дейін 1-9 кластық білім беретін негізгі мектеп болып ашылып, Нарымбетова Перуза 1945-1946 жылға дейін директор болса, 1946-1947 жылдары Алмағанбетов Махмут қызмет еткен. 1947-1948 оқу жылында 10 жылдық білім беретін орта мектеп болып ашылып, оның директоры болып Алпысбаев Хусайын тағайындалады. Ал 1948 оқу жылынан 1964 жылға дейін «Октябрь» орта мектебі болып аталады.

1948-1950 жылдары Ербатыров Жұмахмет,

1950-1952 жылдары Көшербаев Елеу,

1952-1955 жылдары Шоханова Ажайып,

1955-1960 жылдары Жанұзақов Мықтыбай,

1960-1966 жылдары Ешниязов Жетес,

1966-1970 жылдары Бұхарбаев Бөріқожа,

1970-1976 жылдары Сисенов Әбіләмит,

1977-1987 жылдары Қожабаев Молдабай,

1987-1990 жылдары Шаханов Батыржан,

1990-1992 жылдары Байқазақов Нурлла,

1992-1994 жылдары Сәтов Ермек,

1994-2003 жылдары Алиев Қасым директор болған.

Осы аралықтағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы №281 қаулысына сәйкес Қазалы аудандық білім бөлімінің №24 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Үрмаш Түктібаевтың есімі беріліп, сол уақыттан бері осы атаумен аталып келеді.

2003-2006 жылдары Әміраева Нурилла,

2006-2009 жылдары Райсова Бақыткүл,

2009-2013 жылдары Утепбергенов Ерлен,

2013-2023 жылдары Садиров Әділхан,

2023 жылдың тамызынан бастап Қуандық Бақытжанұлы басқарып келеді.

Өткен ғасырда осы мектептен білім алып елге қызмет жасаған кей азаматтарды атап өткенім жөн болар.

Бұрқашов Аптылай – ғылым докторы, академик Нағметов Әбілғазы, Айдаров Дәуіржан, Смағұлов Серік, Әлниязов Үкіметулла, Қайназаров Аяған, Ділімбетов Қареке, Нұрқызярнов Айжігіт, Оралбаев Ұзақ – ғылым кандидаттары. Нұрқожаев Шынтас – ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Мұханов Түлкібай – Қаз ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ешниязов Жетес – «Халықтар достығы» орденінің иегері, Әниятов Смағұл – геология минералогия ғылымдарының кандидаты, Өтемісова Гүлмира – филология ғылымының кандидаты, Саниязова Еркемай – заң ғылымдарының кандидаты. Кейінгі ұрпаққа өнеге болатын аузы дуалы, сөзі пәтуәлы қаншама абыз ақсақал бар екені ақиқат. Бұл мектеп жайлы игі істерді айта беретін болсақ, бір мақалаға сыймас. Сондықтан көптеген атқарылған игі істерді кейінге қалдырып, мектептің бүгінгі жетістіктерін айта кетейін.

Күміс медаль өткен жылдардың еншісінде. ҰБТ кезеңінен бері мектеп «Алтын белгі» – 14, «Үздік аттестат» – 20. Мұғалімдер мен оқушылардың тынымсыз еңектерінің арқасында аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бірнеше оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық жобалар конурстарына қатысып, 1-2-орындарға ие болып, арнайы сертификаттар мен сыйлықтармен марапатталды.

Спорт – денсаулық кепілі деген. 2023-2024 оқу жылында мектептің 11-сынып оқушылары Қораз Шоқан мен Жұмағұл Жарылқасын волейболдан спорт шеберлігіне кандидат атағына ие болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы емес пе?!

– Мектепте 473 оқушы білім алады. Мүмкіндігі шектеулі екі оқушының үйлеріне пән мұғалімдері сабақ береді. Бастауыш сынып оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беру де жолға қойылған. Тамақтың сапасы мен қоймаларын тиісті сала мамандары мектептің жанынан құрылған қамқоршылық кеңес мүшелері ұдайы тексеріп тұрады. Мектепте мұғалімдердің шеберлігін шыңдау мақсатында семинар-тренингтер, алаңдар, т.б. жиі ұйымдастырылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұстаздар аудан, облыс, республика көлемінде өз тәжірибелерімен бөлісіп, іс-тәжірибелерін таратуда. Ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы жылдың сараптамалық мониторнингі қортындысымен аудан мектептерінің арасында алғашқы бестіктен көріндік. «Семіз айтып, арық шық» деген. Алдағы уақытта жүлделі орындарға ие болуға жұмыс істеп жатырмыз. Ал ауылдар мектебінің арасында бірінші орындамыз. Мектепте 82 мұғалім оқушыларға сабақ береді. «Аудандық үздік жыл мұғалімі – 2024» байқауында биология пәнінің мұғалімі Жетесова Жанна 3-орын, бастауыш сынып мұғалімі Кәдірбай Айман 2-орын, математика пәні бойынша Қожабай Айсұлу 1- орын алып, ақтық кезеңінде «Үздік жыл мұғалімі – 2024»  номинациясын иеленді. Ал «Үздік тәрбиеші – 2024» байқауында МАД тәрбиешісі Өтемісова Жадыра 1-орын алып, ұстаздарымыз аудан көлемінде ұйымдастырылған «Үздік шеруге» қатысып марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Аудандық жетістіктерімізді айтпағанда, облыстық, республикалық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай толағай табыстарымызды атап көрсетуімізге болады. Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама-2024» конкурсының республикалық кезеңінде Қожабай Айсұлу математика бағыты бойынша жүлделі 1-орын және дефектолог Садақбай Фариза «Педагогикалық идеялар паноромасы-2024» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Әлеуметтік экономикалық» бағыты бойынша 3-орын, Педагогикалқ идеялар фестивалі республикалық конкурсының облыстық кезеңінде «Психолог сандықшасы» бағыты бойынша 2-орын иеленгенін мақтанышпен айта аламыз. Мектепте педагог зерттеуші – 18, сарапшы педагог модератор – 15, педагог 9 мұғалім қызмет жасайды.

Мұғалім – мектептің жүрегі. Тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, талай биікке жетіп, ауылдық мектептің абыройын асқақтатып, білім бәйгесін алады… Жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаздықты шеберліктің биік үлгісін шебер сомдай алатын еңбегі ерен ұстаздар қауымын жоғары бағалаймыз. Мәңгілік елдің жеткіншектерін тәрбиелеуде рухани жаңарған заман талабына сай жұмыстардың жандануына себепші бола білетін ұстаздарымызбен мақтана алатынымыз баршамызға аян. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге 35 оқушы қатысады. 7 оқушы – алтын белгіге үміткер. Үміткерлерді атап айтсам:

1. Бектұрсын Гүлназым Серікқалиқызы

2. Жанғабыл Айкүміс Ерғалиқызы

3. Сақтаған Нұрислам Тұрарұлы.

4. Рақымжанқызы Еркеназ

5. Емжай Ақмаржан Нұрғалиқызы

6.Б ердібай Саяжан Мақсатқызы

7. Болатбек Шұғыла Нүркенқызы, – дейді мектеп директоры Қуандық Бақытжанұлы.

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Әрбір істің ілгерілеуі басшыға байланысты. Осы мектептен зейнетке жақында ғана шыққан мектеп мұғалімі Жарас Қалиадинұлының зейнетке шығару іс-шарасына қатысып, мектеп ұжымының ұйымшылдығы және де жарасымды істерін көрдім. Мектепте бірнеше тәрбиелік игі іс-шараларына қатысушы ауылдың дуалы ауызды ақсақалдары, ақ жаулықты аналары балаларына білім беріп отырған мектеп ұжымына, басшысына өзекжарды тілектерін білдірді. Көргенімді ойға түйе келіп, мектеп басшысы Қуандық Бақытжанұлының тәжірибелі, іскер басшы екендігіне көзім жетті. Мектеп пен ата-ана арасында осындай байланыстар болса, балаларымыздың келешегі кемел болатынына сенемін.

Өткенді ойлай отырып, сонау 1965-1970 жылдары көшенің борпылдақ құмын шаңдатып, көктем күзде лай батпағын кешіп, қам кесектен жасалған, төбесінде шатыры да жоқ мектебіміздің алдына келіп, аяқкиімімізді тазартып, мектеп табалдырығын аттайтынбыз. Ал бүгінде көшелер асфалттанып, жүргіншілер жолы тротуарланып, тап-таза күйінде мектеп табалдырығын аттайтын оқушыларға қуана қараймын. Олардың аспандары ашық, жүздері жарқын, елімізді, жерімізді қорғайтын жанашыр, саналы да білімді, тәрбиелі азамат болуларына тілектеспін.

Біз бітірген мектептің кешегісі мен бүгінгі жетістіктері қысқаша осындай!

Сердалы  ШАЛБАЕВ,

Қызылорда облысының құрметті ардагері,

КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Арал ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: