Әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамыздың кесенесіне жиі баруға тырысамын. Әр барған сайын жасыл желектердің күтімін, кесене аумағының мұнтаздай тазалығын көріп, ел-жұртының бабаға деген құрметіне терең тебіренемін. Сондай сапарымның бірінде кесененің сыртқы қоршауын жарқырата сырлап жатқандарды байқадым. Бұлар Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп ұжымы екен. Мектеп директоры Төребай Шермахановты да осы жерде жолықтырып, тілдескенімде: «Бабаға құрмет – ұрпаққа міндет». Өткен тарихымызды қастерлеу, ұлыларымызды ұлықтау – парызымыз. Біз Жанқожа баба есімін иеленген білім ордасының мүшелері екенімізді мақтаныш етеміз», – деп ағынан жарылды. Еңбектеріне сәттілік тілеп, кесене ішіне бұрылдым.
Жуырда «ұзақ жылдық ұстаздық, басшылық қызметінің нәтижесімен Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп директоры Төребай Шермаханов «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды» деген хабарды естігенімде қатты қуандым. Санама «жақсыдан шерепет» деген аталы сөз оралды. Бәрекелді!
Бір сәт аталмыш білім ордасы туралы қолдағы деректі ортаға салсам.
Тарихы тереңнен сыр шертетін осынау білім ордасының іргетасының қаланғанына бір ғасырдан астам уақыт болыпты. Сонау 1919 жылы бастауыш мектеп болып ашылып, уезд тарап, аудан құрылғаннан кейін жетіжылдық мектеп атанған. 1934-1935 оқу жылынан бастап, Орынбор теміржолына қарасты №67 жетіжылдық мектеп аталды. 1937 жылы 420 орындық екі қабатты мектеп салынып, пайдалануға берілген. Ал, Ұлы Отан соғысы басталғанда мектеп майданнан жараланып оралған солдаттар жататын госпиталь ретінде пайдаланылған. 1956 жылы 3 қыркүйектен бастап Қазақ теміржолы басқармасының құрылуына байланысты №67 мектеп №420 теміржол мектебі деп аталды. Бұл кезде мектеп Алматы теміржолы білім басқармасына қарады. 1949-1950 жылдары кеңейтіліп, теміржолшылардың балаларын оқытатын онжылдық мектеп болды. Уақыт өте Батыс Қазақстан теміржолы басқармасының құрылуына байланысты №420 орта мектеп №17 теміржол қазақ орта мектебі болып өзгертіліп, Ақтөбе теміржолы білім бөліміне бағынышты болды.
Ал, мұнан тура 30 жыл бұрын, яғни 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, аудан әкімінің шешімімен №17 теміржол қазақ орта мектебіне «Жанқожа батыр» есімі берілді. 1997 жылдан мектеп жергілікті атқару орындарының қарамағына өтіп, аудандық білім бөліміне қарасты Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп болып жұмыс істеп келеді.
– «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың даналық сөзі көпшілікке жақсы мәлім. Білім ордасынан елімізге танымал көптеген ғалым, өнер адамы, ақын, жазушы, түрлі қызмет саласының майталмандары түлеп ұшып, абыроймен жұмыс істеуде. КСРО халық артисі, халық қаһарманы Роза Бағланованың кезінде осы мектепте білім алғанын атап өткен жөн. Мектеп ұжымы ҚР Үкіметінің арнайы бағдарламаларын, ҚР білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында мектебімізден 44 «Алтын медаль», 41 «Күміс медаль», 28 «Алтын белгі», 49 «Үздік аттестат», 169 «Үздік куәлік» иегері шығуы – ұстаздарымыздың арқасы. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері мен оқушылары жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысады. «Ғылым жолы – даңғыл жол» дегендей, болашақ ғалымдарды мектеп табалдырығынан дайындау мақсатында мектебімізде 2000 жылдан бастап «Болашақ» ғылыми қоғамы жұмыс істеп келеді. Ғылыми жобалар сайыстарында әр оқу жылында оқушылар да өздерінің ізденушілік, зерттеушілік қабілеттерін аша отырып, «Дарын» ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінен жүлдегер атанып, облыстық кезеңдерінде бақ сынап жүр. Жыл сайын мектеп оқушыларының артуына байланысты мектеп ғимараты тарлық етіп, сынып бөлмелері жетіспеушілігі байқалуда. 2022-2023 оқу жылында мектепте 41 сынып комплектісі жабдықталып, онда 896 оқушы білім алуда. Ұжымда барлығы 137 мұғалім жұмыс істейді. Олардың ішінде педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор біліктілігін қорғағандар баршылық. Мектеп жанында 1958 жылдан бастап қаланған интернат бар. 60 орындық интернатта теміржол бойындағы разъездердің балалары мен шет аймақтарда орналасқан ауыл балалары жатып оқиды. Үлкен жауапкершілікпен жұмыс істейтін интернат ұжымы да облыстық, республикалық байқауларда мәртебесі асқақтап, республикалық «Үздік интернат» байқауының жүлдегері атанды, – дейді Жанқожа батыр атындағы №70 мектеп директоры Төребай Айдарбекұлы.
Өзінің еңбек жолында қатардағы мұғалімнен мектеп директорлығына дейін көтерілген Шермаханов «алдағы оқу жылында халық қалаулыларының қолдауымен 300 орындық мектеп ғимаратына қосымша құрылыс салу жоспарланғанын» қуанышпен жеткізді.
Біз жағымды жаңалықты оқырманға паш етуге асықтық.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!