Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табанының бүрі бар Төребек

12.02.2024, 9:00 651

HALYQLINE.KZ

Қазақта бір жерден табан аудармастан ұзақ уақыт қызмет істеген адам туралы «табанының бүрі бар» деп айтады. Сондай сөзге лайық адамның бірі – Төребек Меңдібаев. Төребек мен оқыған мектепті екі жыл кейін, 1978 жылы бітірді. Мектепте қызмет істеп жүрген кезде достар Оразхан, Шәймерден, Сапарбай, Төребек және мені асаба жігітіміз Ержігіт Піралиев «мектептің бес бәйтерегі» деп құрметтеп сөз беретін, енді міне, ортамыздағы кішіміз Төребек те 63 деген мерейлі жасқа келіп қалыпты.

Төребек Меңдібаев мектеп бітірген жылы анасы Сарабекова Зағипаның інісі, математика пән мұғалімі Жәнібек Құлтановтың: «Төребек, сенен жақсы математика пәнінің мұғалімі шығады» деуі себебші болды. Қызылордадағы мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне түсті. 1983 жылы 1 қыркүйекте институтты бітірген бойда өзі бітірген Жанқожа батыр атындағы №17 мектепке мамандығы бойынша мұғалім болып қызметке тұрып, еңбек жолын бастады. Кешегі шәкірті өзі оқыған мектепке қызметке келгеніне қуанған сынып жетекшісі Нағима Қалдығұлова, математика пәнінен сабақ берген ұстаздары Сара Парахатова мен Айман Өтепбергеновалар Төребекке мамандығына төселіп кеткенше тәлімгер ұстаз бола білді. Қарап отырсақ, арада 41 жыл өтіпті, сондықтан кейіпкерімді «табанының бүрі бар» деп отырмын. Қатарлары билікке ұмытылып жатқанда мүмкіндігі болса да, оқу не тәрбие меңгерушілігіне ұмытылған жоқ. Мен сонау тоқсаныншы жылдардың басында Төребекке: «туған нағашы апаң Тәрбие Сарабекова ҚР Білім министрлігінде балабақша мен орта мектептерге басшылық жасайды, «завуч» болсаң бір жылдан соң-ақ, аудандық білім бөлімі мектеп директорлық лауазымына шақырады, неге талап етіп көрмейсің?» деп сұрағанда: «Бәке, менің біреуге билік айтуға құлқым жоқ, тіпті қызықпаймын да» деген болатын. Не деген қарапайымдылық, мүмкіндігі бола тұрса да, билікке ұмтылмай, қырық жыл бойы қарапайым қалыпты қоңыр күй кешті. Осы жылдар ішінде сынып жетекші және пән мұғалімі ретінде жүздеген шәкіртті мектеп қабырғасынан түлетіп шығарып салды.

Қазіргі кезде Т.Меңдібаев – ауданға белгілі мұғалім, Арал ауданындағы «Қамбаш» және Жаңақорған ауданындағы «Талдысу» орталығында әр тоқсан ҰБТ-ға дайындалуға келетін облыс мектеп оқушыларына математикадан сабақ өткізді. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинеті аудан мектептерін жоспарлы тексеруге Т.Меңдібаевты комиссия құрамына шақыртып отырады. Еңбегі уақытылы бағаланып келеді, республика, облыс, аудан деңгейінде алған марапаттары жеткілікті.

Өмір болғасын қызықты жағдайлар да болып тұрады, жоғарыда нағашы ағасы Жәнібек Құлтанов біздің мектеппен көрші №16 мектепте математика пәнінің мұғалімі болатын және екі мектебіміз де, ол кезде Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан теміржол мектептерінің Басқармасына қарайтын. 1993 жылы мынадай оқиға болды. Жәнібектің қызыл аттестатқа үміткер оқушысы Айнұр Баяділованың математикадан тапсырған жұмысын комиссия өткізбей тастады. Бұған ең алдымен мұғалімді кінәлайтыны белгілі, бірақ шәкірті Айнұрға сенетін Жәнібек Ақтөбеге апелляциялық шағым жазды. Ақтөбеге шақыртылды, білім басқармасындағы әдістемелік кабинеттегілердің басым көпшілігі орыс ұлтынан еді, олар біздікі дұрыс деп дес берер емес. Сол кезде Жәнібек ағасы, білім басқармасы басшысы Бекет Есенжоловқа: «Мен комиссияның шешімімен келіспейтінімді тағы да айтамын. Мен де, сіздер де, орта мектеп мұғалімдеріміз. Егер менің есебім қате болса, оны бізден дәрежесі жоғары маман айтсын. Сонда мен математиканы оқытуды қойып, қолымнан келетін жұмысқа ауысамын. Осы менің соңғы сөзім», – деп тоқтайды. Басқарма басшысы Есенжолов Ақтөбе педагогикалық институтының ректорына телефон соғып, туындағын мәселені шешіп беруін сұрайды. Барлығын деканатқа шақырды, сол жерде ғылым докторы мен кандидаттары бар, Айнұрдың есебін тексере келе, қорытындысы дұрыс, тек есепті басқа тың жолмен шығарғандығын делелдеп берді. Сонда да комиссия төрайымы: «Сіздер осының бәрін жазбаша түрде, жазып берсеңіздер» дегесін екі оқытушы сол жерде жазбашасын жазып берді. Міне, осылайша Айнұр Сейілханқызы Баяділова қызыл аттестатты осындай қиыншылықпен қорғап алған болатын. Айнұр Баяділованың анасы Төребекпен қатар бір мектепте мұғалім болып істейтін Базаркүл Қабылова еді. Арада 20 жыл өткесін нағашысы Жәнібектің басынан өткен жағдай Төребектің басынан да өтті. Мектебіміздің «Алтын белгіге» үміткер оқушысы Аида Ұлықпаш есебін дұрыс шығарған жоқ деген хабар келді. Өзінің шәкіртіне сенетін Төребек апелляциялық шағым жазып, шәкіртінің есебінің дұрыстығын жазбаша дәлелдеп берді. Астанадағы ҰБТ орталығынан қуанышты хабар келді, Аиданың есебі дұрыс, есептің қорытындысы дұрыс көрсетілмеген, яғни типографиядан қате кеткен екен. Осылайша Аида Ұлықпаш «Алтын белгімен» мектепті тамамдап, ЖОО бітіріп келіп, Төребекпен бірге қызметтес болып жүр. Міне, нағашы-жиенді екі математиктің басынан осындай оқиға өткен болатын. Жәнібек нағашысы зейнетке шыққасын, қазір Ақтөбе қаласында тұрады. 2019 жылы сынып жетекші болған шәкірттері 40 жылдығын жасайтын кезде Жәнібек мынадай өтініш айтыпты: «Менімен бірге менің сынып жетекшім, жасы тоқсанға келген Өтепбергенова Күлмараш апайым және менің екі жағымда жақсы көретін інілерім Бақытжан мен Төребек отырғанын қалаймын». Мектеп түлектерінің 40 жылдық басқосуының үлкен дәрежеде өткеніне Төребек екеуміз осылайша куәсі болғанбыз.

Енді Төребектің отбасына тоқталайын, өмірлік қосағы Мәдинамен бір сыныпта бірге оқыды. Мәдина аудандық су бөлімінде еңбек етіп, 59 жасында зейнетке шықты, ол туралы «Мәдинаның мерейі» деген мақалам аймақтық «Тұран-Қазалы» газетіне жарияланған болатын. Үлкен ұлы Ұлан ЖОО бітіріп келіп, су бөлімінде қызмет етеді. Келіні оралдық Ажар да – жоғары білімді тарих пәнінің мұғалімі. Қызы Жұлдызай жалағаштық жігіт Ғалымжанға тұрмысқа шыққан, екеуі де – жоғары білімді мұғалімдер. Кіші ұлы Мейірман – педагог-ұйымдастырушы және информатика пән мұғалімі, келіншегі ақтөбелік Айдана – №249 мектеп лицейде математика пәнінің мұғалімі.

Міне, құрметті зейнет жасына келіп отырған досымыз Төребекке достарының атынан «біздің қатарымызға қош келдің» деймін.

Суретте: Төребек әріптес мұғалімдермен және отбасымен бірге.

Бақытжан Абдул-Түменбай,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: