Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқытушылардың шеберлігін арттыру – қоғам сұранысы

14.01.2023, 19:45 348

«Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 13 қаңтар күні «Мемлекеттік тілді үйретудің заманауи әдістері» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Іс-шара басталмас бұрын Орталық ұжымы Қармақшы ауданындағы мемлекеттік және ағылшын тілі пәні оқытушыларын құрметті еңбек демалысына шығарып салды.

Шараға модераторлық еткен Орталық директоры М.Дәулетбаева семинар мемлекеттік тілді үйренудің тың бағыттары мен заманауи үрдістерін меңгеруде озық бастамаларды оқытушылардың оқу-әдістемелік бағытына қосу және жасампаздық үлгісін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылғанын айта келе, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиынға аймақтың білім беру саласына жаңашыл бағытта үлес қосып келе жатқан жоғары және орта оқу орындарының педагогтері және аталмыш Орталықтың оқытушылары қатысты.

Шара барысында аймақтың білім саласына елеулі үлес қосып келе жатқан жас маман, «Үздік оқытушы – 2022» республикалық байқауының Бас жүлде иегері, Орталықтың кіші ғылыми қызметкері А.Орынбаева «Тілді үйретудің заманауи әдістері» тақырыбындағы баяндамасында тыңдаушыларға сабақ үйрету барысында қолданылатын бағдарламалық порталдармен жұмыс істеу туралы мағлұмат берді. Қызылорда қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі, педагог-шебер Г.Кенжалиева «Қазақ тілі мен әдебиетін заманауи оқыту» тақырыптарында баяндама оқыды.

І.Қабылов атындағы №12 IT мектеп-лицейінің мұғалімі Г.Ибрагимова «Эссе қалай жазылады?» тақырыбындағы тәжірибелік сабағында эссе жазудың құрылымы, ой ширақтығы, тартымды жазу және қорытындалау технологиясын талдағаны семинар қатысушылары үшін тың ақпарат болғаны рас. Сондай-ақ, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы М.Мендибаева «Қазақ әдебиеті пәнінде ақпараттық технологияны қолдану тәжірибесі», Жалағаш ауданы №123 мектеп-лицейінің мұғалімі С.Қосжанова «Ы.Алтынсарин әңгімелеріндегі ұлттық құндылықтар» тақырыбында тәжірибесімен бөлісіп, тренингтік ойындар ұйымдастырды. Тіл игерту, мәтін талдау, шығармашылық ізденіс, тыңдаушылардың топтық жұмыспен жұмыс істеуі бағытындағы технологиялық және дәстүрлі бағыттағы әдіс-тәсілдерді біріктіру арқылы ұсынған жұмысына семинар қатысушылары ризашылығын білдірді.

Оқытушылардың білімін арттырып, біліктілігін жоғарылату үшін Орталық түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырып келеді. Бүгінгі аталмыш семинар да – осындай игі бастаманың бірі. Тіл мамандарының ортақ мүддеге ойысатын жиынында Орталықтың Жаңақорған, Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарындағы мемлекеттік тіл оқытушыларының хабарламалары тыңдалып, панорамалық сабақтары көрсетілді.

Семинар барысында тіл үйретудің жаңа бағыттарымен бөліскен ұстаздарға Алғыс хат табысталып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: