Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

NIS педагогтерінің кәсіби кейстері мен жеке тәжірибелері ұсынылды

06.05.2022, 16:10 239

  HALYQLINE.KZ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында үшінші жыл жүзеге асырып жатқан ауқымды «Ауыл мектебі» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласына білім беру туры ұйымдастырылды. Кәсіби дамудың жаңа тұғырнамаларымен жобаға қатысушы Ұлан ауданының Р.Марсеков атындағы, Катон-Қарағай ауданының С.Ластаев атындағы, Үлкен Нарын және Өрел ауылдарындағы білім ордалары, сондай-ақ Ақмола облысы Макинск қаласындағы мектеп-гимназияның директорлары мен орынбасарлары, мұғалімдері танысты.

Елордадағы №8, 85, 89 мектептерде, Бином мектебінде, «Арт Тұмар» және «Арқа алан» қосымша білім беру орталықтарында, оқушылар сарайында педагогтер тиімді оқу процесін ұйымдастыруға, ғылыми жобаларға, білім беру ортасының дизайнына, ЅТЕАМ зертханаларына, инженерлік дағдыларды дамыту кабинеттеріне қызығушылық танытты. Сабақ барысында нанотехнология және физика бойынша зертханалық жұмыстар, сандық ресурстарды қолдану, оқытудың креативті тәсілдері талданды. «Арт Тұмар» және «Арқа алан» қосымша білім беру орталықтары, оқушылар сарайы сыныптан тыс сабақтар мен спорт секцияларының алуан түрлілігімен таныстырды. Оқушылар сарайында Халықаралық дәрежедегі мәртебесі бар Ерлан Сүлейманның жетекшілігіндегі ғылыми-техникалық бөлім оқушылардың химия ғылымдары мен нано-биотехнологияларды оқуға деген қызығушылығын қалыптастыру бойынша кейстерді ұсынды. Креативті технологиялар орталығында оқушылар жеке бағдарлама бойынша техникалық және инженерлік жобаларды тереңдетіп оқиды.

Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің NIS HUB-ы педагогтердің үлкен қызығушылығын тудырды. Мұғалімдер оқытудың жаңа бағыттарынан шабыт алып қана қоймай, хабтың өзінде-ақ мектептерге енгізуге болатын жобалар мен идеяларды ортаға салды.

Білім беру турының екінші күні NIS Педагогикалық шеберлік орталығының базасында оқытудың әдістемесі мен технологиялары, сондай-ақ сабақты жоспарлау, саралап оқыту, оқушыларды ынталандыру бойынша семинарлар ұйымдастырылды. Педагогикалық өлшеулер орталығы қалыптастырушы және жиынтық бағалау, БЖБ және ТЖБ нәтижелерін талдау бойынша практикумдар мен мастер-кластар өткізді.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева оқушылардың әл-ауқаты және мектеп қоғамдастығының барлық қатысушыларына психологиялық қолдауды ұйымдастыру бойынша креативті мастер-класс өткізді. Сәтті және проблемалық жеке кейстерді талқылау, сондай-ақ тақырыптық консультациялар белсенділікті арттырды.

Білім беру турының басты қорытындысы жаңа идеялар мен ұжымдық жобалар, жаңа мектеп қоғамдастығын құру бойынша жоспарлар, NIS педагогтерінің кәсіби кейстері және жеке тәжірибелерімен танысу болды.

Білім беру туры Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мен ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: