Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Мектебім — мейірім мекені” атты салтанатты шара өтті

01.09.2025, 18:38 336

1 қыркүйек – барша шәкірт, ұстаз және ата-ана үшін ерекше мереке. Бүгін Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылындағы №251 М.Әуезов атындағы орта мектепте жаңа оқу жылының басталуына арналған «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжанов пен Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков арнайы қатысып, мектеп ұжымы мен оқушыларға ақжарма тілектерін арнады.

Құттықтау сөз алған басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы: «Білім – ел болашағының тұғыры. Сіздерге биылғы оқу жылында жаңа жетістіктер, асыл арман жолында табандылық тілеймін. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәлімді тәрбие беріп келе жатқан ұстаздарымызға алғысымды білдіремін. Әрбір оқушының арманы орындалып, еліміздің дамуына өз үлесін қосарына сенімім мол» – деп атап өтті.

Шара барысында ел дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар мен ардагер ұстаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегінің бағаланғанының, олардың қоғамдағы рөлінің жоғары екенінің айғағы.

Мерекелік көңіл-күй оқушылардың жүрекжарды тілектерімен және әсем ән-шашуымен жалғасын тапты. Әсіресе алғаш мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндердің қуанышы баршаға ерекше әсер сыйлады.

Алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылының есігі айқара ашылды. Бұл сәт – оқушылар үшін үлкен арманның бастауы, ата-аналар үшін толқынысты сәт, ұстаздар үшін зор жауапкершілік.

Шара соңында ардагер ұстаздар алғыстарын білдіріп, жас буынға баталарын берді. Осындай игі дәстүрлермен басталған жаңа оқу жылы барша шәкіртке сәттілік пен жаңа жетістіктер әкелсін!

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: