Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ер педагогтердің «еншісі» еселенсе…

15.08.2024, 13:00 355

«Баланы  ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Соңғы жылдары ер балалардың бойынан қызға тән қылықтарды байқау тенденциясы қалыптасты. Себебі сол, балабақша тәрбиешілерінің басым бөлігі – қыз-келіншектер. Тіпті, түгелдей деуге де тұрарлық. Бізді тағы бір толғандыратыны – бастауыш пәнінен сабақ беретін ер мұғалімдердің аздығы. Осы екі фактордың өзі көп нәрсені айғақтаса  һәм  аңғартса  керек. Ал,  жалпылама сараптайтын болсақ, педагогикалық мамандықтар жігітке жарымай жатады. Мектептерде матриархат бар екенін ресми мәлімдемесіз-ақ байқау қиын емес.

Бұған дейін «Халық» газетінің әр жылдардағы санында «Ер педагог неге аз?», «Қызылорда облысында қанша ер педагог сабақ береді?», «Бастауыштан бастамасақ болмайды», «Мектептер ер мұғалімдерге мұқтаж ба?», т.б. тақырыптарда мақала жарияланды. Ол материалдарда облыс бойынша педагогикалық кадрлардың статистикалық деректерін нақты келтіріп, мәселе көтеріп, ұсыныс та айтқанбыз. Сондықтан тағы қайталауды жөн санамадық. Осы жолы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне арнайы хат жолдап, республикалық статистикалық деректерге қол жеткіздік. Ендеше, сараптап көрейік.

Министрлікке бағытталған бірінші сұрақ «ҚР  білім  беру  ұйымдарында  қанша  педагог  жұмыс  істейді?»  болды.

– Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министр­лігі білім беру ұйымдарындағы педагогтерге қатыс­ты сауалыңызды өз құзыреті шегінде қарас­тырып, келесіні  хабарлайды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының білім  беру ұйымдарында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істеуде. Оның ішінде 19,1 пайызы – ер педагог, – деп  жауап  қатты  мамандар.

«Елімізде бастауыш сыныпқа сабақ беретін ер мұғалім бар ма?» деген сауал да көпшілікті тол­ғандыратыны сөзсіз. Мақала барысында мұны да сөз  еткен  едік.

Министрлік мәліметінше, елімізде  бастауыш сыныптарға сабақ беретін ер мұғалімдер саны – 596. Демек, республиканың түкпір-түкпінде   600-ге жуық ғана ер-азамат балалармен бастауыш сыныпта кездеседі, тәлім-тәрбие беріп, білімге баулиды.

Ал, алғашқы әскери және технологиялық да­йын­дық (бұдан әрі – АӘТД) пәні мұғалімдері –  4 968  (оның ішінде әйел педагогтер – 88), дене шынық­тыру  пәні мұғалімдері – 30 512 (оның  ішінде  әйел  педагогтер – 4677).

Бұл статистикадан нені ұғуға болады? Көбіне осы пәндерде ғана ер педагогтердің үлес салмағы басым екені айтылады. Бірақ, соңғы кезде бұл пәндер­ді де қыз-келіншектердің «жаулап» келе жатқаны  жасырын  емес.

Елімізде педагогикалық кадрларға тапшылық бар. Мысалы, педагогтерге қажеттілік шамамен      3 мыңнан астам болып отыр. Мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарына педагогтер тарту бойынша арнайы бағдарлама, жергілікті жерлерде жобалар жүзеге  асырылып  жатқаны  да  көпшілікке  мәлім.

Осы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша  Техникалық  және кәсіптік білім беру бағытын­дағы түлектер саны 20 081 құраса, 2022 жылы – 18 895, 2023 жылы – 19460 болып тұр. Яғни, жыл өткен сайын педагог болуға ниет­тенгендер  қатары  артып  келеді.  Мұны  2019  жылы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойғанымен байланыстыруға болатындай. Сол уақыттан бері мұғалімдердің мәртебесімен  қоса  айлық-жалақылары  да артқаны  рас. Бұл  талап­керлердің  педагогикалық мамандықтарды  көп  таңдауына   себеп  санал­ды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне «Еліміз бойынша директоры тағайындалмаған мектептер саны жайлы дерек бар ма?» деген де сауалды жолдаған едік.

– Қазіргі  таңда  білім  беру  ұйымдары басшыларының  кадрлық  резервін  қалыптастыру бойынша  «Білім  берудегі  өзгерістердің  1000  көшбасшысы» жобасы іске  асырылуда. Кадр резервіне қабылданған мамандар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының бос лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей, оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан мектептерге тағайындалады. Резервшілерді лауазымға тағайындағаннан кейін бір күнтізбелік жыл ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығы­ның әдістемелік сүйемелдеу кезеңі көзделген. 2023 жылғы Республикалық кадр резервіне кірген 134 көшбасшы мектеп директоры болып тағайындалды, 73-і жаңа оқу жылына дейін тағайындауды күтуде және 73 мектепке мектеп директорларына конкурс  жарияланды, – деді  министрліктегілер.

Қоғамда  «жеке  мектептер  көбейіп  кетті, ол білім сапасына қаншалықты әсер етеді?» деген сұраулы уайым бар. Бүгінгі күні Қазақстанда  707 жеке мектеп жұмыс істеп тұр? Сан да, сапа да маңызды. Дұрысы, сан сапаға айналуы керек. Уақыт өте келе бәсекеге қабілеттілері қалады, дамиды. Әрине, нарық заңы солай.

Ал, білім саласында ер педагогтердің «еншісі» еселенсе, көп болса…» деп армандауымыздың  жөні  бар. Әрі біз біріншісі емеспіз. Бұл – көкейге қонымды, сараптауға тұрарлық тақырып. Ойлы оқырман не дейді  екен?!

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: