Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімнің дамуы – ұлт сапасын жақсарту кепілі

02.09.2022, 9:15 368

HALYQLINE.KZ Биылғы Жаңа Қазақстан тарихындағы жаңа оқу жылының алғашқы Білім күні мерекесі мемлекет басшысының халыққа кезекті Жолдауына жалғасты. Бір сағаттан аса уақытқа созылған Жолдау мәтінін ұжым болып тыңдап, сараптап, саралап, ой қорытындысын да жасадық. Елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын бұл Жолдауда білім саласына, жас ұрпақ мүддесіне қатысты келелі мәселелер, оның шешімдері қамтылған.

Мұғалімдер құзіреттілігі шеңберін әзірлеу, жаратылыстану – математика, ағылшын тілі пәндерін оқыту сапасын арттыруға да жете мән берілді. Колледж қабырғасында осы пәндерді оқыту сапасына бұрыннан да аса мән беретініміз – біздің мақсатымыздың дұрыс бағытта екендігін тағы да айқындағандай.

Жолдау мазмұнында Мемлекет басшысы кәсіптік және техникалық білімге байланысты да ой тұжырымын жасады. Мамандар даярлауда еңбек нарығының нақты сұранысын есепке алуды және мамандардың еліміздің жаңа экономикалық дамуына ілесе алатындай әлеуетін қамтамасыз етуді басты назарда ұстау керектігіне мән берді.

Оқу гранттары, төмен пайызбен жеңілдік кредиттері, жатақханалар санының артуы – бәрі де жас ұрпақ игілігі үшін. Ең басты өзгеріс, әрине, еліміздегі ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайыздайын балалар шотына аудару. Бұл, шынында, бұрын – соңды болмаған маңызды жаңалық.Колледждегі қызметкерлер дені нәзік жандылар болғандықтан, олар үшін зейнет жасының екі жылға болса да қысқарғаны да көңілдерге үлкен демеу. Бала күтіміне байланысты бір жасқа дейінгі жәрдемақы уақыт көлемінің артуы да аналар үшін жақсы қолдау болмақ.

Жақсыны көремін, естимін деп, ниеті мен пейілін жақсылыққа бұрған әрбір адам үшін бүгінгі Жолдауда жағымды жаңалықтар көп-ақ. Менің жазбаларым тек білімге қатысты бір парасы ғана. Ал, ондағы әрбір сөйлем ел игілігі үшін жасалар дүниелерге бағытталған.

Алдағы мақсат – мемлекет басшысы Жолдауындағы талаптарды жаңа оқу жылында басшылыққа алу. Тың өзгерістермен басталған жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын! Жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіміздің берекесін берсін!

Жақсыгүл ТОҒАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық

жоғары колледжінің директоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: