Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі

27.08.2022, 17:00 670

HALYQLINE.KZ

Тамыз  кеңесі

Мемлекеттің берік тұтқасы – жастар дегенді көп айтып жүрміз. Берік тұтқаны қалыптастыратын жастар алдымен оқушылық кезеңнен бастап, білім мен ғылымға ерекше ден қойып, тәртіп пен ізденімпаз шеңберінде жетістікке жетсе, оны алдағы өмірінде өкіндірмесі анық. Бүгін жаңа оқу жылы басталып, бүлдіршіндер мектеп табалдырығын аттап жатыр. Оларға сапалы да саналы білім беріп, дұрыс жол сілтеу – әрбір ұстаздың борышы. Оқу жылының алдында әр өңірде мектептердің жай-күйін баяндап, оқу үдерісі жайында кеңесу, жетістік желкенін ұстаған жас жеткіншектерді марапат төріне шығару мақсатында Тамыз мәслихаты өтетіні белгілі. Осыған сәйкес, өткен аптада облыс орталығында білім беру қызметкерлерінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында облыстық Тамыз кеңесі өтті. Кеңес тек дәстүрлі форматта емес, аудан әкімдерінің және ірі білім ошақтары мұғалімдерінің онлайн қатысуымен ZOOM платформасында да жалғасып жатты. Кеңес жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бисембаев және ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы қатысты. Конференцияға дейін облыс, қала әкімі, лауазымды қызметкерлер және сала басшылары облыстағы білім беру платформаларының жыл бойында атқарған жұмыстарымен танысып, ғылым, өнер, спорт саласы бойынша жоғары жетістікке жеткен жас өрендермен кездесті. Сонымен бірге аудандық білім бөлімдерінің сала бойынша нәтижелі жұмыстарымен танысты. Әрі қарай биылғы дәстүрлі жиын жалғасын тауып, іс-шараның негізгі отырысы басталды. Келелі кеңесте облыс әкімі сөз бастап, білім саласында атқарылған жұмыстары, педагог мәртебесі және алдағы міндеттер туралы баяндамасын оқыды.

Адамзатты  кемел  ойға  тек  білім  ғана  жетелейді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл ретте биылғы Тамыз кеңесінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атауын еншілеуі құныдылықтарымыздың қай кезде де биік екенін тағы да бір дәлелдеді. Себебі адамзатты кемел ойға тек білім ғана жетелейді. Президент бастамасымен соңғы жылдары ауқымды реформалар жүзеге асырылып, педагог мәртебесін көтеруде тың бастамалар қолға алынды. Бұл – өз кезегімізде ұстаздарымызға деген айрықша құрмет, білім саласы жасаған ерекше қамқорлық. Білім – жан-жақты және жүйелі жұмысты қажет ететін күрделі әрі ауқымды сала. Соның маңызды құрамының бірі – қаражат мәселесі. Биылғы жылы білім саласына бөлінген қаржы 204 млрд 582 млн теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 42,8 пайызын құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық. Тиісінше, биыл білім саласына бөлінген қаржы көлемі арта бермек. Біз үшін бала өмірі, оның қауіпсіздігі қашан да маңызды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізу міндеті қойылды. Мәселе бала қауіпсіздігіне тікелей қатысты болғандықтан бұл міндеттерді бірінші кезекте орындауымыз керек, – дедіН.Нәлібаев.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірде лагерь жұмысы кенжелеп қалған. Жыл бойы тұрақты қызмет көрсететін орындар некен-саяқ. Сол үшін алқалы отырыста тынығу лагерьлерін әдепкі уақытта білім лагеріне айналдыру туралы ойымен бөлісіп, балалардың білім алуына жағдай жасауды тағы бір түртіп өтті.

Бұған дейін жазғы тынығу лагерьлерін аралап, балалардың жағдайымен таныстым. Шын мәнінде, бізге әлі де болса, лагерь жұмысын жандандыру қажет. Қызметі бір жылға лайықталған «Қамбаш» және «Талдысу» лагері тек жазғы маусымда ғана жұмыс істеуде, қалған уақытта бос. Балалардың білім қарқынына ілесіп, таным көкжиегінің кеңейгенін қаласақ, лагерьлердің жыл мезгілдерінде де балаларға барынша тиімді қызметін ұйымдастыруға міндеттіміз. Менің тапсырмаммен биылдан бастап екі лагерь жыл бойы жұмыс істейтін болады. Мұнда аймақтың дарынды балалары республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындалып, үздік ұстаздардың тәлімін алып, дәрісін тыңдайды. Бұған облыстық бюджеттен 86 млн теңге қарадық. Келешекте бұл қаржы еселеп қайтады. Осы ауқымды жұмыстардың жалғасы ретінде Қызылорда қаласы, «Сабалақ» саяжайындағы 150 орындық қосымша білім беру орталығы мен Қармақшы ауданындағы тынығу лагерін қайта құрылымдап, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ретінде келесі жылы пайдалануға береміз. Облыстық құрылыс басқармасына нысанның сапалы қабылдануын және құрылыс жұмыстарына қатысты мердігерлермен бірлескен тиісті жұмыстарды аяқтауды тапсырамын, – деді Н.Машбекұлы

Мектеп  директорларын  жаппай  ауыстыру  сала  дамуына  тың  серпін  береді

Бүгінде облыстағы 601 балабақшаның 439-ы, бұл деген 73 пайызы жеке сектордың үлесінде. Яғни басым бөлігі шағын және орта бизнес өкілдеріне тиесілі. Ендігі кезекте балабақша құрылтайшылары да жоғары жауапкершілік танытып, қауіпсіздік мәселесіне жіті мән беруі керек екенін айтты аймақ басшысы.

Бұл ретте облыстық білім басқармасы мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен бірлесіп, қыркүйек айынан бастап, көтерілген мәселеге қатысты тиісті дайындық шараларын жүргізуді қолға алуы тиіс. Жаңа мектеп салу, апатты және үш ауысымды мектепті жою – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінде аймақтағы 6 мектептің үш ауысымда оқу қаупі бар. Ал 4  апатты деп танылған 3 мектептің мәселесі биыл шешімін тапты. Оның екеуін білім күнінде табыстаймыз. Арал ауданы, Тоқабай ауылындағы апатты мектеп әкімдіктің ұйымдастыруымен жеке инвестордың 500 млн теңге қаражатына қайта салынуда. Қазалы ауданындағы №94 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Аймақтағы демографиялық өсімді ескере келе алдағы жылы аймақта 3 жылда мемлекеттік мектептің іргетасын қалаймыз. Бүгінгі күні демеушілердің өз қаражатына салынған жеке мектептердің желісі 20-ға жетіп жатыр. Алдағы жылдары инвесторлар есебінен 12 мектеп салынатын болады. Ал биылғы жылдың өзінде облыста 6 жаңа мектеп бой көтереді. Оның екеуі келер айда, ал қалған төртеуін жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға береміз. Бұған дейін алты мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 2 млрд 100 млн теңге қаржы қаралды. Әрбір нысан уақытылы әрі сапалы аяқталуына мердігер мекеме мен мектеп директорлары мүдделі болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Жыл сайын мектептерде орын тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Қажеттілікті ескере келе, жыл аяғына дейін қаладағы «Абай» мектебінен 550 орындық, №101 мектепке 375 орынға лайықталған қосымша құрылыс нысаны салынып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. Осы арқылы көп жылдан бері шешімін таппаған бұл мектептегі үш ауысымға ауысу қаупіндегі мәселені түбегейлі шешу көзделді. Облыс әкімі келесі жылы облыс орталығындағы бала саны көп №3 лицейіне 300 орындық, №264 мектепке 600 орындық қосымша ғимарат құрылысын бастайтынын айтты.

Бұған облыстық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарды әзірлеуге тиісті қаражат бөлінді. Соңғы жылдары мұғалімнің мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейеді. 2023 жылдан ұстаздарға қажеті үстемақы төленеді. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 52 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінді. Келесі жылы педагогтер жалақысы тағы да 25 пайызға көбейеді. Бұл – мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың нақты бір қадамы. Біз қоғам алдындағы ұстаздардың беделін арттыруға ынталымыз. Білім беру жүйесін ротациялау тәртібін енгізу уақыт талабынан туындайтын міндет. Ашығын айтқанда, бізде 10-15 және одан да көп жыл қызмет етіп жүрген мектеп директорлары жетерлік. Әрине мұғалімнің қасында өз жұмысын жетік білетін білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосып жүрген басшыларымыз да бар. Әлеуметтанушылардың пікірінше, мекемені ұзақ жылдар басқарудың адамның бастамашыл идеясы мен жұмысқа деген ынтасын төмендетеді. Сәйкесінше, басшыларын да жаппай ауыстыру сала дамуына жаңаша леп пен тың серпін береді. Осы мәселеге қатысты облыстық білім басқармасы заң шеңберінде ротациялау рәсімдерін 1 қазанға дейін аяқтауы тиіс. Білім саласы қай кезде де ашықтықты қажет етеді. Соған сәйкес, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алуға баршамыз міндеттіміз. Өйткені бір ғана сыбайласық фактісі біздің істеп жатқан жұмысымыздың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан білім беру ұйымдарының басшылары кадр мәселесіне келгенде азаматтық ұстанымын, адалдық приципін ұстануы керек. Облыстық білім басқармасына сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу бойынша мүдделі орындармен бірлескен тиімді жұмыстарды жүргізуді және мұғалімдерді конкурс тәртібімен жұмысқа қабылдауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

ХХІ  ғасыр  –  даму  мен  жылдам  өзгерістер  ғасыры

Қазір білім саласында айтарлықтай жаңалықтар болып жатыр. Оқушыға білім беру бойынша ұстаздар барынша ынта-шынтасымен кіріскен. Өйткені елдің тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алғаны маңызды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бисембаев мәлімдеді.

Біздің жолымызды жалғап, Мемлекетімізді дамытуға еңбек ететін жастарға барынша жағдай жасап, білім алуына, өзге де іспен айналысуға мүмкіндік жасауда аянбай тер төгуіміз керек. Мемлекет басшысы білім саласына қомақты қаржы бөлуден аянып жатқан жоқ. Бұны өздеріңіз де білесіздер. 2019 жылы бекітілген Педагог мәртебесі жайлы заңнаманың өзі, оның айналасында атқарылып жатқан істің барлығы жас ұрпақтың болашағы үшін екенін естен шығармауымыз керек. ХХІ ғасыр – даму және жылдам өзгерістер ғасыры. Білім мен ғылым дамуын тоқтатпайтын кезеңде балалардың ғылым жолындағы ізденісін бақылып отыру оны дұрыс жолға бастайды. Жылдам өзгерістер заманындағы «альфа», «зет» ұрпақтарын тәрбиелеуде қалыс қалмай, оларға өзгеше көзқараспен қарап, демеу беруді барлық педагог мамандар міндеті есебінде санауы қажет. Ал енді сол заманауи шәкірттерді тәрбиелеуде, балаларға қолайлы мүмкіндік туғызуда оқу-ағарту министрлігі жұмысының біршама бөлігіне тоқталып өтейін. Өздеріңіз білетіндей, жоғары жетістікке жетіп жүрген ұстаздарға «Үздік мұғалім» мәртебесі беріліп жатыр. Ол бұған дейін марапат болып ғана берілетін болса, қазір 1000 АЕК мөлшерінде табысталуда. Ол 3 000 000 теңгеге жуық қаражатты құрайды. 2021 жылы республика көлемінде 26 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» деген атақ берілді. Олардың да әрқайсысына 1000 АЕК негізінде сыйақы тағайындалды. Биылдан бастап білім саласында 25 жылдан артық еңбек еткен ұстаздарға білім қызметкерлеріне арналған құрмет белгісі тағайындалады. Осы орайды пайдалана отырып, білім кемесінде жүргеніне ширек ғасыр болған педагогтерді алдағы уақытта алатын марапаттарыңызбен құттықтаймын, – деп Ғани Бисембаев алдағы министрлік атқаратын жұмыстардың бірсыпырасына тоқталып өтті. 

Еліміздегі  3,5  млн  оқушының  1 пайызы  ғана  сапалы  білім  алып  жатыр

Ұрпақ білімі мен тәрбиесіне жұмсалған күш-жігер, еңбек – болашаққа  деген ең дұрыс іс. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Президенттік лауазымына 2019 жылы келгеннен кейін, бірінші кезекте педагог мәртебесі туралы мәселеге ден қойды. Соның арқасында орта мектепте істейтін мұғалімдердің айлығы көбейіп, білім саласында айтулы жаңалықтар арта түскен. Осы жайында ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы сөз сөйлеп, білім саласы қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады. Және сала бойынша көкейде жүрген мәселесін көтеріп, ортаға салды. Оны Парламент мәжілісінде де көтеріп жүргенін айтты.

Ең бірінші аяулы ұстаздар, сала ардагерлері, баршаңызды биылғы жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Бүгінге дейін педагог мәртебесі және олардың құқықтары туралы бірнеше рет мәселе көтеріп, Парламент мәжілісінде де айтып жүрмін. Солардың бірсыпырасын ортаға салып, тарқатып өтейін. Соңғы 5 жыл ішінде білім туралы заңға 29 рет өзгеріс енгізілді. 2000-2017 жылдар аралығында мемлекеттік білім беру стандартында 7 рет өзгеріс болған. Мемлекеттік стандарт өзгерді деген сөз – бүкіл оқу бағдарламалары және оқулықтар өзгерді деген сөз. Миллиардтаған қаржы жұмсалды деген сөз. Мысалы, Жапонияда білім беру стандарты 2010 жылы өзгертілген, одан кейін өзгеріс жоқ. Міне біз қай жерден ұтылып тұрғанымызды бағамдайық. Бұл – бірінші мәселе. Ендігі мәселе орта мектептерде жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда біз асығыстыққа жол беріп отырмыз. Білім беру саласы өзгерісті қалай бермейді. Тек жаңасын ғана алып отыруға болады. Айналдырған 4 жылдың ішінде 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап тастадық. Біз балаларымызды шексіз реформаларды тәрбиелеу алаңына айналдырдық. Сол реформалардың нәтижесінде олар қай деңгейде екеніне ешкім жауап бермейді. Біз қалай білім беріп жтырмыз, біздің балаларымыздың бұдан нәтижесі қандай? Жауап жоқ. Қазақстанның соңғы 30 жылда білім беру жүйесінде 10 миллион адам мектеп саласынан өткен. Осы тұста біз тұлға қалыптастырушы орта мектептерге ерекше назар аударуымыз керек. Өйткені жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімі төмендегенде, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса алмауына біздер кінәлі болып қаламыз. Елдегі 3,5 млн оқушының 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатыр. Ол – Назарбаев Зияткерлік мектебі, Білім-инновация лицейі деген секілді жеке мектептер. Санасақ, 35-40 мың оқушы ғана сапалы білім алып жатыр екен. Ал қалғандарымыз екі ауысымды, үш ауысымды мектептерде оқимыз. Ал Финляндия, Норвегия, Германия, Жапония сияқты мектептерде үш ауысымдық түгілі екі ауысымдық мектеп жоқ.  Балалары бір ауысымды мектептерде оқиды. Әлемдік банктың зерттеуі бойынша елдегі адам капиталының индексі – 63 пайыз. Бұл индекс бала туылған кезден бастап, 18 жасқа дейінгі қалыптастыруы тиіс оқушылардың қабілеттеріне дарынының жүйеленуі деп есептеледі. Біздің білім саласына қыруар қаржы бөлінгені мен білім алушылардың алған білімі оның дәрежесіне жете алмай жатыр. Еліміздегі оқушылардың 44 пайызын құрайтын ауыл мектептерінде оқитын оқушыға Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім деңгейіне жету үшін 6 жыл уақыт керек. Демек, ауыл мектептеріндегі оқушылардың білімі қаладағы мектептегі балалардың білімінен 6 жыл артта қалып келе жатыр. Бұл – үлкен теңсіздік, – деді Мұрат Бахтиярұлы.

Сенат депутатының сөзінше, оқушылардың білім алуы мен білім беру мазмұнында біршама мәселелер әлі де «бұлқынып» тұрған көрінеді. Оның барлығын бір мезетте шешу әсте мүмкін емес нәрсе. Оған қыруар қаржы қажет. Дегенмен оқу-ағарту министрлігі осындай мәселенің мәнін тауып, олқылықтың орнын толтыруға қарқынды күш салып жатыр. Оған дәл қазіргі мектептегі білім беру стандарты дәлел.

Үздік  мектепке  –  34  млн  теңге, 100  балаға  –  әкім  гранты

Жалпы жиында мұнан өзге де мәселе айтылып, оқудағы жетістіктер тыңдалды. Іс-шара соңында облысқа белгілі білім саласының дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, күллі ғұмырын ұстаздыққа арнаған Төлепберген Қасымов пен Марк Подольскийге облыс әкімі Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағын табыс етті. Және білім беру ордалары арасында өткен конкурс нәтижесінде Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы жеңіске жетіп, мектеп директоры аталмыш кеңесте облыс әкімінің қолынан 34 миллион теңгенің сертификатын еншіледі. Бұл мектеп республикалық «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 1200 орындық оқушыға арнап салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген. Білім ордасы – серіктес мектеп ретінде қарамағындағы 15 мектеппен өзара ынтымақтастық орнатқан облыстағы инновациялық үлгідегі мектептердің бірі. Кеңеске жиналғандарды ерекше әсерге бөлеген сәт әлеуметтік желіде де көптің қуанышын туғызды. Бұған дейін кәріз құдығынан 2 жастағы баланы құтқарған аралдық Арман Аманжоловқа облыс әкімі демеушілер көмегімен екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ауылдан арман қуып келген жас өреннің осындай ерлігі көпті сүйсіндіріп, барлығы орнынан тұрып, жеткіншекке қошемет көрсетті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жас батырға тағы да ыстық ықыласын білдіріп, «азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан ризашылығымды білдіремін және бүгінде аймақтағы жомарт демеушілердің атынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етеміз», – деді.  

Келелі кеңес соңында облыс әкімі грантын иеленген талапкерлерге грант табыстады. Сондай-ақ, бұған дейін педагог атымен көзге түсіп, үздік шәкірттер тәрбиелеп жатқан 3 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды, бірнеше ұстазға «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Мейірім» төсбелгісі тағылып, 5 мұғалімге облыс әкімінің арнайы алғыс хаты табыс етілді. Екі сағатқа жалғасқан Тамыз кеңесінде бұдан былай да педагогикалық мәселелерді өткір қарап, оның шешу жолында қажетті іс-шараларды қабылдайтыны айтылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: