Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім шамшырағы (Тұрмағамбетанушы ғалым, ұлағатты ұстаз Ұлжан Жанбершиева туралы үзік сыр)

18.06.2020, 10:30 1874

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті – талай жанды біліммен қанаттандырып, талай талапкердің арманына тұғыр болған киелі орда. Бұл оқу ордасы талай жастың өмірлік болмысына бастау,­ маман атануына шамшырақ болды. Әр қиырға қанат қаққан толқын-толқын шәкірттерді тәрбиелеп шығарған іргелі оқу орнынан мен де білім алдым.

Бұл күнде қол жеткізген азды-көпті жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз – университет ұстаздарының берген білімдерінің нәтижесі. Ұстаздарымыздан алған тәлім мен білім кәсібімізге өмірлік бағдаршам болды.

Білімі мен парасаттылығы таусылмас әңгімеге айналға­н Әли Байжолов, Медеуәлі Биғамбетов, Әніс Жақыповтар қазіргі күні арамызда жоқ болғанымен, олардың тәрбиесін алған жүздеген шәкірттері ұстаз ізін жалғастырып келеді. Қашанда өнегелі жанның жүріп өткен сара жолына әркімдер де қызыға қарап, ғибрат алуға ұмтылады. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының туын биікке көтеріп жүрген Жеңіс Сәдуақасов, Бағдат Кәрібозұлы, Тоқболат Еңсегенов, Ұлжан Жанбершиева, Сара Тайманова, Шанжархан Бекмағанбетов, Алма Мұхтарова, Алдажар Әбілов, Айман Айтбаева, Әлия Мамыраева, Рахия Есназарова, Мұрат Әйтімов, Болат Боранбаев, Аман Абасилов, Күлдірсін Сарышова сынды ұстаздарымыздан тағылым алып, сындарлы білімін бойымызға дарыттық. Бір кездері есігін имене ашып, табалдырығын аттаған, білімнің төріне озуға мүмкіндігін берген, өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы, 80 жылдан астам тарихы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университе­тінде ұстаздар жолын жалғап, аталған оқытушылармен әріптес болып, бірге еңбек етіп жүруім көңілге әрдайым  мақтаныш  сезімін  ұялатады.

Шәкірт ұстазға қарап өседі. Жүрек жылылығын, адамгершілік, кішіпейілділік ұлылығын, білімін шәкірттерінің бойына дарыта білген жанның бірі – Ұлжан Нахатқызы. 40 жылдан астам ұстаздық қызмет етіп, ғылымда өзінің анық бағдарын танытып, талапты­ жастан танымал ұстаз-ғалымға айналған, саналы өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған, талай жылғы қажырлы да қайырлы еңбегінің арқасында құрметке бөленіп жүрген аяулы жан жайлы ағытылар көңіл күй сыры айрықша. Қашанда, қай кезде де заман ағымымен бірге ілесіп, озық ойлы, жаңашыл идеяларымен бар істі атқарып, ерекше шабытпен өзінен кейінгі толқынғ­а білім нәрін сыйлайтын абзал ұстаз. Кейін­гіге өзіндік дара тұлғасымен де, істеп жатқан барлық жұмыстарымен де үлгі, шабыт беретін жан дер едім. Ол  кісінің бойындағы ғылымға, өз мамандығына деген­ құрмет бір күнде қалыптаса қойған жоқ.

Жақсыны жарқырату, онымен мақтану керек-ақ. Бір көрген адамға қатал, сұсты көрінгенмен шәкірт­терімен тең сөйлесіп, ақылы мен кеңесін аяған емес. Мінезінің  дарқандығы  бізді  өзіне тартатын, біз ұстазға­ көп еліктейтінбіз. Оның жүріс-тұрысы, сөзі, киім киісі, болмыс бітімі, сөз саптауы, студенттерге берер  ұлағаты бәрі-бәрі  ұшан-теңіз.

Студенттік шақтан ұстаздық тағылымын дарыт­қан апаймыздың қазіргі  маман болған күнімізде де берері көп, бойында үйретер қасиеті мол. Бүгінде ұстаздан алған білім мен ғибратты, артқан сенімді қалып­тас­тыруға тырысып жүрміз.

Ұлжан Нахатқызы – үлкен жүректі гуманист адам. Әрбір сабағында  теориялық және әдістемелік білімінің тереңдігін байқататын құнды дәрістері студенттер­дің жадында тез сақталады, жалықтырмайды. Табиға­тынан салмақты жан, сабырмен 14 жыл кафедр­а меңгеруші­сі, 4 жыл декан қызметтерін атқара жүріп, әріптестері мен шәкірттеріне өзінің ғылыми тәжірибесін үйретіп, бағыт-бағдар беруде тағылымды мектеп болды. Біздерге, бір топ шәкірттеріне Жанбершиеваның мектебін қалыптастырды. Біз «Жанбер­шиеваның мектебіненбіз» деп мақтанышпен айтып жүреміз.

Адам жанын түсіне алатын сезімталдық қасиетімен ерекше көрінетін ұстазымыздың жақсы қасиеттері мол. Әрбір білім алушыға ғылым жолында да бағыт-бағдар беріп отырады және оны жанашырлықпен шәкірт бойына дарытып, меңгертуге еңбектенеді де жүреді. Ұстаз бойындағы ерекше қасиеттің бірі ойына алған жұмысты аяқтамай тынбайды. Шәкірттерінің табанды болуына тұлғасы мен ісімен, білімімен үлгі болады. Тұрмағамбеттанушы ретіндегі еңбектері, ғылыми нәтижелері жастар үшін үлгі-өнеге. Тұрмағамбет Ізтілеуовтың әдеби мұрасын зерттеп, 2 монография «Т.Ізтілеуовтің әдеби мұрасы», «Тал жібектей таза сөздің тарланы», 2 әдеби зерттеу «Т.Ізтілеуовтің мысалдары­», «Т.Ізтілеуовтің дастандары», 3 әдіс­темелік көмекші құрал «Сыр сүлейлерінің мысал өлеңдері», «Сыр сүлейлерінің хат өлеңдері», «Сыр сүлейлерінің мұң-шер өлеңдері» кітаптарының авторы. Ол әдебиеттанудың өзекті мәселелерін қамтитын бір­неше ғылыми мақалалар жазып, конференцияларда өз пайымда­уларын ортаға салып, тынымсыз еңбек үстінде  жүреді.

Ұстазымыздың осындай ғылыми еңбектері, оқу құралдары, құнды басылымдары, баспасөз бетіндегі мақалалары шәкірттері мен әріптестері үшін тағы­лымды  мектеп  болғандай.

Ұлжан Нахатқызы адалдық, әділдік, шындық пен ұстанымдылықты, білімділікті өзінің ұстанатын қағидасы санайды. «Бірлік – ақылға бірлік» деп үнемі Абай ақынның тағылымдарымен үндестіріп, әріп­тестерін ынтымақтастықта болуға үгіттеп, ақылман-үлкендігін танытып отырады. Ол да кейінгіге үлгі қасиет.­ Оның тәрбие тағылымында тәрбиені өзіңнен баста, студентке сеніммен қарап сыйласа біл деген ұстаным көш бастайды. «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып көріп, дүниеде­гі жақсы-жаманды таниды» дейді Абай. «Әрбір студент – тұлға, болашақ біз игеріп жүрген саланың маманы» деп әріптестеріне шыншыл, білікті, кеші­рімді  болуға  талап  қояды.

Ғылымға ұмтылған жастардың шығармашылық дарынын  дамытып, ізденімпаз  жандарды  қанатының астына алып, ізгілікті іс жасау да – оның даралық қасиеттер­інің  бірі.

Кішіпейілділік, асқан мейірімділік, имандылық иірімдері, қазақи қасиет – бәрі Ұлжан апайдың бойын­да тұнып  тұр. Ол кісі – ұстаздардың ұстазы, Сыр сүлейлерін  зерттеген  ғалым, тұрмағамбеттанушы.

Ұлжан Нахатқызы – «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Қорқыт ата атындағы Алтын медалі», «ҚР ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медальдарының иегері.

Заман ағымына сай біліммен қаруланған, ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған маман болу – уақыт талабы. Мұғалім – адамтану мамандығының иесі, тұлға қалыптастырушы, шығармашылық сипаты­ басым кәсіп. Қай заман, қай кезеңде де мұғалім тұлғасы­ үлгі, өнегелік сипатқа ие, өміршең мамандық. Мұғалім – қоғам  қайраткері.

Мұғалім мамандығының сырын айта отырып, болашақ­та рухани дүниесі жан-жақты дамыған, білім мен тәрбие берудің кешенді міндеттерін іске асыра алатын, терең білімді, педагогикалық және әдістемелік шеберлікті жетік меңгеріп, еліміздің болашағы жас буынд­ы тәрбиелеуге үлес қосар маман болып, сол жолда­ педагогикалық шеберлігі мығым ұстаздардан білім үйренгіңіз келсе, таңдауыңыз Қорқыт Ата атындағы­ Қызылорда мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті», «филология» және «журна­лис­тика» мамандығы дер едім. Әдебиеттанудың, лингвис­тиканың, журналистиканың өзекті мәселелерін қарас­тырып, сапалы білім, өнегелі тәрбие алып кәсіби маман­ болып шыңдалғыңыз келсе, біздің маман­дықтың  түлегі  болуға  асығыңыз.

Гүлзира  ОРАЛОВА,

Қорқыт  Ата  атындағы  Қызылорда  мемлекеттік

университетінің  аға оқытушысы

Пікірлер:
  • Ұстаздық етпес жалықпас үйретуден балаға» — деген ұлы Абай бабамыз. Сіз жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Сіз — жастардың болашағын айқындап, бүгін еккен дәндіңіз ертеңгі жеңісті-жемісті күннің кепілі. Ұлжан Нахатқызы болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады.Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбегіңіз үшін, мен шексіз алғыс білдіремін!Сіздің шығармашылық ізденістеріңіз бен ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін. 

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: