Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім беру ұйымдарының бейнеті азайды

14.05.2020, 10:45 1031

HALYQLINE.KZ  Бізде есеп беру мәселесі құзырлы органдарға қарағанда қарапайым педагогтерде қиынырақ. Мұның астарында қағазбастылықтың қамыты тұр. Енді бас мұғалім педагогтерді қажетсіз қағазбастылықтан арылтып, тек сапаға жұмыс істейтін боламыз деп сендіріп отыр. Бұл орта білім беретін мектептерде ғана емес, жоғары оқу орындарының оқытушыларына да қатысты. Егер кімде-кім мұғалімге артық жұмыс жүктейтін болса, 120 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.

– Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактіл­ері  бойынша арыз түскен жағдайда, ҚР  БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері  ҚСжАЕК  органдарында  жоспардан  тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді  ұйымға­ барып­  немесе  қашықтан  жүргізеді, – деді  ҚР Білім  және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов­  әлеуметтік желідегі жазбасында.

Педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын рас­тайтын фото және бейнежазбалар, жазбаша тапсырмалар, бұйрықтардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар ұстаздар қауымының құқығына  қол салғандық болып­ есептеледі. Осы  фактілер дәлелденсе,­ артық жұмыс  жүктеуші  жауап  береді.

Қазір билік  басындағылармен  әлеуметтік  желілер  арқылы тығыз байланыс құру  оңтайлан­дырылған. Министрдің  дені  желіде­ жазбаларымен бөлісіп отырады. Бас мұғалімнің «Фейсбук» желісіндегі жазба­сынан  түйгеніміз, енді мұғалімдер небәрі екі-ақ құжатпен ғана бас ауыртуы керек. Егер мектеп мұғалімі болса, ол сынып журнал­ы мен сабақ жоспарын ғана күн­делікті толтырып отырады. Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңынд­а критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ. Сондай-ақ мұғалім жас педагог­тің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.

Қазір жоғары оқу орындарының оқы­тушылары да қағазбастылықтан кенде емес. Кәсіби маман даярлайтын ұстаздар қауы­мының қағаздан бас көтере алмай, жеке бастар­ының есеп-қисаптарын толықты­рамыз деп жүргенде студенттердің білім деңгейл­еріне ден қою ісі кейінге қалып қояды. Осыны ескерген ҚР Білім және ғылым министрлігі кафедраның жұмыс жоспары­, комиссияның хаттамасы, қызмет­тік оқу жоспары сынды құжаттардың тіпті қажеттілігі жоқ деп санап отыр. Осылайша мұғалімдердің мойнынан артық жүкте­мелерді азайтып, керісінше кәсіби білікті маман­ даярлауына көп уақыт жұмсайтындығы  қадағаланбақ.

– Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамада­н  тыс  есеп  беретіні, олардың өзіне тән  емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары  мен  оқулықтардағы олқы­лықтар туралы және тағы сол сияқты мәсе­ле­лер айтылады. Бірақ бұл проблеманың барлығы­ шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді. Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей­ байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін артты­рып отыруы керек, – деді министр Асхат­  Аймағамбетов.

Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық білім беру деректер қорының жүйесін жаңарту жұмыстарын қолға алып жатыр екен. Онда әрбір адамның базалық ақпараттары сақталады. Көптеген мемлекеттік құрылымдар, атап айтқанда, әкім­діктер, білім беру, полиция бөлімдері, санитар­лық-эпидемиологиялық  қызмет, т.б. Ұлттық білім беру деректер қорынан мәлімет алуды қиынсынып, мектептерге сауал­ жолдай­ды. Осындайдан білім беру орын­дарында артық жұмыстар туындайды. Енді бұл жүйе толықтай жойылмақ. Баланың балабақшадағы, кейін мектептегі, колледж немесе ЖОО-дағы үлгерімі жайлы ақпарат, білім беру мекемелеріндегі толық мәлімет базада қамтылады. Сондықтан мектеп басшыларына сауал хаттарға жауап беруге уақыт жұмсаудың енді қажеті жоқ. Қысқасы, білім басқармалары мен білім беру бөлімдері ақпарат­ қажет болған жағдайда білім беру мекемелеріне хат жолдап, артық жұмыс жүк­теулеріне  тыйым салынады. Бұл жолы да  тәртіпке  бағынбағандарды  жаза күтіп тұр.

– Бұған дейін базаны толтыру жылына тек екі рет, күзде және көктемде жүргізілетін. Сәйкесінше, жүйедегі ақпарат жыл соңына қарай өзектілігін жоғалтатын. Нақты мәлімет алу үшін өзге ұйымдар мектептерге сауал хат жолдауға мәжбүр болатын. Енді ақпарат 24/7 режимінде толтырылып, жаңар­тылып отырады. Айта кетерлігі, базаға­  ақпараттың  басым  бөлігін  бұрынғыдай қолмен енгізіп отыру қажет емес. Себебі Ұлттық білім беру деректер қоры ЖТМДҚ («Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қоры) сынды ақпараттық жүйелермен интегра­цияланды. Сәйкесінше, белгілі бір адамның ЖСН мен аты-жөнін базаға жазсақ, қажет ақпарат шығады, – деді ҚР Білім минист­рі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі  жазбасында.

ТҮЙІН. Министрлік те мәселенің ау-жайын бағамдағаннан кейін саналы шешімге келіп отыр. Әйтпесе қатпарланған қағаздан бас алмайтындардың бірі – мұғалімдер. Негізі, сандық ғасырда қағаз кеміріп отыру да әбестік. Жүйе іске қосылар болса, ілкімді іс болар еді.

Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: