Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақтың бас ұстазы жұмыс сапарымен аудандарды аралады

31.08.2022, 10:00 215

HALYQLINE.KZ Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет Қазалы ауданына іссапармен барып, аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге бірқатар білім ордаларында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Басқарма басшысы алдымен Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысына барды. Өткен жылы басталған білім ордасының құрылысы жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Мердігер компанияға белгіленген мерзімге дейін пайдалануға берілуі қажеттігі айтылды.

Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке де қосымша ғимарат салу – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Себебі бүгінгі таңда аталған білім ордасындағы оқушылар саны жыл сайын көбейіп, орын жетіспеушіліктер байқалуда. Аралау барысында Мейрамбек Зинабдинұлы бұл білім ордасына да арнайы барып, жай-күйін көріп қайтты.

Мұнан соң Қазалы қаласындағы №140 орындық «Өрімтал» балабақшасында болып, ондағы құрылыс жұмыстарының барысын көрді.

Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Алдымен бүгінде құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілгелі жатқан №169 орта мектеп ғимаратының құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания басшыларына бірқатар сын-ескертпелер айтылып, қыркүйек айында толық жабдықтармен пайдалануға берілуі үшін жұмыстарды жеделдету тапсырылды.

Мұнан соң, басқарма басшысы Бірлік ауылындағы №55 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігер компанияға қыркүйек айының соңына дейін жұмыстар аяқталу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің басшысына жөндеу жұмыстары аяқталғанша оқушыларды мектеп жанындағы екі ғимаратқа қауіпсіздікті сақтай отырып, кедергісіз оқытуды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: