HALYQLINE.KZ 2002 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік ұйымы жыл сайын қараша айының үшінші бейсенбісінде Философия күнін өткізу туралы жариялады. Бұл күн әлемнің ЮНЕСКО-ға мүше 80-нен астам елдерінде атап өтіледі. Қызылорда университетінің «Экономика және құқық» институтының «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы 2011 жылдан бастап дәстүрлі түрде Дүниежүзілік философия күнін атап өтіп келеді.
Осы себепті 2020 жылдың 19 қарашасында Дүниежүзілік философия күніне орай қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына байланысты «Абайдың философиялық мұрасы» атты онлайн форматта республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізілді. Конференцияға оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, студенттері қатысты.
Конференция модераторы Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Әбікенов Жарқынбек Оралбекұлы болды.
Алғашқы сөз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры физика-математика ғ.к., профессор Прмантаева Бекзат Айдарбекқызына берілді. Проректор бұл іс шара университетіміздің жас ғалымдары мен оқытушыларын, докторанттар мен магистранттарды Ұлы Абайдың философиялық мұрасын зерттеуге ынталандыратынына сенім білдіріп, қатысқалы отырған еліміздің танымал ардақты ғалымдарымызға университет басшылығы атынан алғысын жеткізді. Аталмыш іс шараны жалғастырып Экономика және құқық институтының директоры Құлмырзаев Нұрлан Серікұлы конференция қатысушыларды алғысын білдіріп құттықтады.
Рухани-тағылымдық, ғылыми бағыттағы іс-шарада белгілі абайтанушы, қазіргі рухани ақсақалдарымыздың бірі, Абайтанушы ретінде ғылыми негізді қарым-қатынасын зерттеп, абайтануды жаңа белеске көтерген ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай дүниетанымының рухани нәр алған бұлақ көздері» тақырыбында баяндама жасады.
Адами биік қасиеттерге ие ардақты тұлға, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосып, бар саналы ғұмырын қазақ мәдениеттануының негізін қалауға арнаған танымал ғалым Тұрсын Хафизұлы Ғабитов «Абайдың мәдениеттанулық мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, көптеген зерттеушілерге ғылыми бағыт-бағдар берді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлемдік классикалық философияның көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақша сөйлеткен тұлға ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, филос. ғылымдарының докторы, профессор Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы «Абай шығармаларындағы діни бірегейлік мәселесі» тақырыбында ойшылдың шығармаларының қырларына ерекше тоқталды.
Елімізге белгілі Абайтанушы ғалым, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аға оқытушысы, PhD доктор Кемербай Рауан Амантайұлы «Абай және қазақ фәлсафасы» тақырыбында баяндамасын жұртшылық назарына ұсынды. Абай музейінің даму тарихы мен даму кезеңдерін зерттеп жүрген жас ғалым Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі ғылыми хатшысы Елекенова Раушан Әлиханқызы «Абай музейі руханият ордасы» баяндамасын презентация арқылы, Абай мұражайындағы бағалы жәдігерлермен таныстырды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті, философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, филос.ғ.д. Қожамберлиев Баймырза «Абайдың хакімдік қырлары» тақырыбында, философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, мәдениеттану магистрі Жанбатыр Амангелді Сапабекұлы «Абай шығармаларының лингвомәдени кеңістігі: ұлттық және адамзаттық концептілер» тақырыбында өзіндік құнды пікірлерімен бөлісті.
Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған мазмұнды, тыңдаған қауымға берері бар мұндай ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта университет аясында өз жалғасын таба беруі керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!