Жаз – бала біткеннің асыға күтетін мезгілі. Қалыптасқан қағидаға сай биыл да аймағымызда балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ. Биыл Қызылорда облысы бойынша 10 лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 7-еуі – мемлекеттік, ал қалған 3-еуі – жеке. Аймақта 7 ауысыммен 9000-ға жуық бала тынығады.
Қала сыртындағы жазғы тынығу лагерьлерін қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар 15 мамырға дейін аяқталып, қазір балаларды қабылдауға толық дайын. Сондай-ақ, облыс бойынша мектептің барлығында мектеп жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылады. Онда 100 мыңға жуық оқушы қамтылады. Ең бастысы, жазғы тынығу лагерьлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар барады. Бұдан бөлек, 1326 бала жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі лагерьлерде демалады. Ол ірі компаниялар қатарында «ҚазГерМұнай», «ҚазАтомПром», «РЗА» ЖШС, «СКЗ-У», «Гежуба цемент зауыты», «Таң» ЛТД ЖШС және өзге мекемелер бар.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында аймаққа 600 орынға квота бөлінді. Оның ішінде 300 оқушы Алматы қаласындағы «Спутник» балалар сауықтыру лагеріне, 280 оқушы басқармаға қарасты Жаңақорған ауданындағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында демалады.
«Жасыл ел» де – жастарға біраз мүмкіндік беретін жоба. Ол бойынша биыл 1871 оқушы мен студент маусымдық жұмыспен қамтылады. Жазғы тынығу кезінде оқушылар Сыр өңірінің тарихи орындарына және еліміздің басқа қалаларына, яғни Астана қаласы, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Шымкент, Тараз, Сауран мен Сығанақ қалашығы мен Түркістан облысының киелі жерлері, Қорқыт ата ескерткішіне барып, 17000-нан аса балаға экскурсиялар мен арнайы турлар жасалатын болады.
Анықтама үшін:
№ | Орталық және лагерь атауы | Демалатын бала саны |
1 | Арал ауданы «Қамбаш» қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы | 840 |
2 | Қазалы ауданы «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығы | 875 |
3 | Сырдария ауданы «Жалын» тынығу лагері | 910 |
4 | Жалағаш ауданы «Ақтерек» сауықтыру лагері | 560 |
5 | Шиелі ауданы «Сыр ұланы» лагері | 700 |
6 | Жаңақорған ауданы облыстық қосымша білім беру және олимпиадалар орталығы | 2100 |
7 | Қызылорда қаласы «Зерентай» балалар тынығу лагері | 420 |
8 | Жаңақорған ауданы «Тау самалы» лагері | 525 |
9 | Қызылорда қаласы «Арай санрайз» | 1260 |
10 | «Аңсар – кәусар» лагері | 700 |
Мектеп жанынан ұйымдастырылатын лагерьлер жаппай 2 маусымнан бастап жұмыс істейді. Жалпы, балалардың бос уақыты болмайды. Тиімді ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Мектеп жанындағы аулалық клубтар, бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін волейбол, баскетбол, футбол, қазақша күрес, таэквондо ұйымдастырылады. Өнер, тіл ұстарту бойынша ән айту, домбыра, сурет салу, кілем тоқу істері кең көлемде қамтылмақ.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Сонымен қатар, демалыс уақыты балалардың жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайтып, оларды сауықтыру кезеңі болып табылады. Қызылорда облыстық білім басқармасы аймақтағы оқушылардың демалысын ұйымдастыру жұмыстарының жоспарын осылайша таныстырды. Жоспар жүзеге асырылса, балалар физикалық, шығармашылық тұрғыда толысып, қажетті ресурстарын толтырады деген үміттеміз.
Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!