Соңғы жылдары әлеуметтік желілер, оның ішінде Тик-ток платформасы балалардың мінез-құлықтарына айтарлықтай әсер етіп келеді. Әсіресе ерекше танымалдыққа ие болған, айталық, түсініксіз трендтің бірі бізге де жетті. Квадроберлер деп аталатын тренд түсіруші топтар легі – жасөспірімдер мен балалар. Квадробер дегеніміз кім? Толықтыра өтсек, жануарларға ұқсас қылық көрсету, төрт тағандап жүру, итше үріп, мысықша мияулау жоғарыда аталған квадроберлерге тән әрекеттер деседі.
Батыстан келген бұл тренд қазір ТМД елдерінің түкпір-түкпірінде ашық түрде жарияланып жүр. Көршілес Өзбекстан мемлекеті аталмыш дертке душар болған балалардың ата-аналарына айыппұл салуды қолға алуда. Ал, елімізде бұл әдетке қарсы үрдіс қалай жүруде? Халықтың басым көпшілігі дабыл қағып, тоқтатуға асықса, сондай-ақ оң көзқарас танытушылары да аз емес. Айтуларынша, бұл тренд түрі балалардың ойын бөліп, жануарларға деген көзқарасын өзгертіп, қоғамды басқа қырынан көруге көмектеседі дейді-мыс. «Бала балалығын жасайды, шалалығы қатар жүрген жеткіншек ертең-ақ бой түзеп, есейіп ес жияды. Бұл құбылыстар, ойындар айтарлықтай қорқатын дүние емес, уақытша» деп ақтауда. Ал, дүрбелең салған ата-аналар балаларының бұл әрекеттеріне түрлі шара қолданып, наразылығын білдіруде.
– Трендтің де дұрысы, бұрысы бар. Әр трендтің оң және теріс жақтары болады. Әлеуметтік желілерді дұрыс қолдану – балалардың шығармашылығы мен ой-өрісін дамытудың жақсы тәсілі деп білеміз. Алайда, шектен тыс, санасыз түрде еліктеу баланың өзіндік тұлғалық дамуын баяулатып, оның жеке «Менін» түсінуіне кедергі келтіреді, – дейді ата-ана Жарқынай Ғабитқызы.
Ал, көпшіліктің қолданысында жүрген Kaspi.kz қосымшасында квадроберлерге арналған киім үлгісі қолжетімді бағада сатылымда. Атап айтатын болсақ, арнайы жануардың бетпердесі – 1000 теңге, костюмдер 6000 теңге мен 8000 теңге аралығында. Бұл трендті түсірушілерге тиімді болса, қарсы тараптағы ата-аналардың қорқынышын одан әрі үдете түспек. Бірі баласын психологқа жетектесе, енді бірі ұялы телефонға шектеу қоюда. Бұл тұрғыда балалар психологі, маман Әйкерім Жүсіпқызы кеңесімен бөлісті.
– Мұндай трендтер балалардың әлеуметтік және эмоциялық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, баланың өзін-өзі көрсетуі мен ұқсастық іздеуі маңызды даму кезеңі болып табылады. Алайда, ит пен мысық мінезін қайталау ұзақ уақыт бойы жалғасқан жағдайда бұл шынайы өмірден алыстап, виртуалды өмірге тәуелді етуі ықтимал. Шынайы әлемнен алыстау, эмоцияның тұрақсыздығы, әлеуметтік байланыстардың әлсіреуі секілді мәселелер туындайды. Аталған мәселелердің алдын алу яки туындаған жағдайда мына кеңестерге сүйеніп әрекет етіңіз. Ата-ананың айнасы – бала. Сондықтан, тәрбиеге аса мән берген жөн. Ұялы телефонын жиі қадағалаңыз, балаңызбен диалог жасап, оның ішкі әлеміне бір сәт көз жүгіртіп қойыңыз. Шығармашылық қабілетін бағалап, дұрыс бағытқа бұрыңыз. Виртуалды әлемге тәуелді болмауын бақылаңыз. TikTok-тағы трендтердің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын ескерсек, балаларды бұл платформалардан толықтай алыстату мүмкін емес. Бірақ олардың мазмұнын іріктеп, пайдалы әрі қауіпсіз контентке бағыттау – болашағымызға салынған инвестиция. Осылайша, балаларымыздың шығармашылығын дамыту арқылы оларды шынайы өмірдегі ең құнды қасиеттермен – мейірім мен парасаттылықпен тәрбиелей аламыз, – дейді ол.
Батысты қоя бергенде, жанымыздағы Ресейде бұл «Квадроберлер» тренді жалпақ тілде субмәдениетке айналған. Арнайы спорт түрі деп қабылданған. Сонымен қатар, ата-аналары да осы субмәдениеттегі баласын арнаулы жануарларға арналған екпе салу орнына апарады-мыс. Бұл көрші елде қалыптасып жатқан мәдениетті қабылдауы деп түсінеді деседі.
Ал сіз бұл субмәдениетке қалай қарайсыз? Қалаңызда квадроберлерді көрдіңіз бе?
Перизат ШАЙХИСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!