HALYQLINE.KZ Шетелдік балалар телеарналарының Қазақстан аумағындағы эфирін толығымен мемлекеттік тілде көшіру мәселесі пысықталуда. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған.
«Балаларды мемлекеттік тілде сөйлеуге ынталандыру үшін қазіргі уақытта қазақ тілінде мультфильмдер мен телебағдарламаларды өндіруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта «Balapan» телеарнасы белсенді жұмыстар атқаруда. Бүгінде телеарна 8 жасқа дейінгі көрермендер үшін толығымен мемлекеттік тілде хабар таратады. Оның эфирінің 80 пайызын анимациялық өнімдер құрайды.
Аудияторияның талғамына сай «Balapan» арнасы 2010 жылдан бері 64 000 сағат көлемінде 246 телеөнім әзірледі, оның ішінде жалпы хронометражы 15 мың минутты құрайтын 80 анимациялық жоба бар. Аудиторияны ұлғайту мақсатында аталған өнімдер телеарнаның Youtube арнасында орналастырылады», – делінген Ералы Тоғжановтың жауабында.
Оның атап өтуінше, 2020 жылдан бастап телеарна үздік шетелдік туындылардың интернет құқықтарын сатып алу жұмысын жүргізіп отыр. Нәтижесінде 7 шетелдік компаниямен келісімшарт жасалып, мемлекеттік тілге аударылған шетелдік мультфильмдердің 700 сериясы «Balapan»-ның Youtube каналына жүктелді. Бұл бастама өз жалғасын табады.
«Ресейлік «Мульт» телеарнасымен жасаған келісімге сәйкес, 2019 жылғы сәуірден бастап аталған телеарна Қазақстан аумағындағы эфирінің бір бөлігін мемлекеттік тілге көшірді. Нәтижесінде ресейлік телеарнаның «Текшелер», «Қонжықтар», «Сиқырлы шам» және басқа да мульфильмдері қазақ тілінде көрсетіледі.
Қазіргі уақытта «Nickelodeon», «Tiji», «Мульт» және «Карусель» сияқты танымал шетелдік балалар телеарналарының Қазақстан аумағындағы эфирін толығымен мемлекеттік тілде көшіру мәселесі пысықталуда.
Бұдан бөлек, «Қазақ радиосының» желісінде «Балаларға базарлық», «Балапан саз», «Тапқыр бала» балаларға арналған бағдарламалар тұрақты түрде жұмыс істейді», – деді вице-премьер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!