Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сабырлы жетер мұратқа…»

01.06.2023, 9:40 420

Бабамыздан қалған «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген сөзге қарасақ, шынымен де бұл мінез кімнің бойында болса, сол пенде бар іске тек төзімділікпен, асқан байыптылықпен қарап, қай нәрсені де ой елегінен өткізіп, ақырын күтпек. Сабырлық қажыр-қайратпен ұштасып, адам бойындағы ар-ұждан, ынсап сияқты қасиеттерге негізделеді. Сабырлы болу әрбір істің ақырын аяғына дейін байыппен күту, әділеттілікке сенімін жоғалтпай, байсалды әрекет жасаудан көрінеді. Адам бойындағы немқұрайдылық, жалқаулық сияқты жаман қасиеттер сабырлықпен теңеспейді. Сабырлыққа қарама-қарсы ретсіз ашушаңдық басым болса, ол адамның ақылға келмей, әрбір істің байыбына бармай шешім қабылдауы – салмақсыздығының көрінісі. Алла Елшісі бір хадисінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған жақсылығы деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып, Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан  да  Алла Тағала  «сабыр  және  намаз  оқу арқылы  көмек  сұраңдар»  деп бұйырған»  дейді.

Атадан қалған маржан сөздерді санамызға салып көрсек, Майлы қожа бабамыз: «Сабыр – ақылдың серігі» дейді. Сабырсыз адам ашуға тез бой алдырып, асығыстық жасап, кейін өкініп жатады. Тілден келетін зиянның кесел екенін де байқаған аталарымыз «Сабырсыз адам мақтанып сөйлер, сапырыстырып, ақтарып сөйлер» деп жанымыздағы адамдардың көңіліне қаяу салмас үшін абайлап сөйлеуге шақырған. Көп сөз көбік сияқты, көпіріп көбейіп  тұрғанмен, еш мәні де, салмағы да жоқ. Сондықтан сөйлер сөзіңді де сабырмен, ой елегінен өткізіп сөйлеген абзал. Мұхтар Әуезов: «Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі» деп тектен-текке айтпаса керек. Сабырлық адамға екі жолмен дариды: бірі – туабітті, екіншісі – өзін-өзі тәрбиелеу. Қандай да бір ашуға, қуанышқа да сабырлықпен қарау – адами қасиеттің ең үлкен белгісі. Сабыр – аталарымыздан қалған өнеге ғана емес, Алланың пендесіне берген сыйы. Адамзат басына сәл қиындық түссе, қара аспанды төндіріп, Жаратқанды жазғырып, жерден алып, жерге салып, «Бұл Құдайға не жаздым?» деп қиналып жататындар да аз емес. Тіпті өзіміздің жұмысымыз алға баспай, кері кетіп жатса да, «бұл Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деп айтатынымыз тағы бар. «Ашу –дұшпан, ақыл – дос» деген салмақты ойды болары болып, бояуы сіңгесін барып, қорытынды шығарып отыратынымызға кейде таңғаламын. «Нағыз күшті – күресте қарсыласын жеңген емес, басына қиындық түскен кезде сабырлық қылған» деген мағыналы сөзді де естен шығармай, оның астарына мән бере білген де маңызды. Себебі адам – пенде. Сүйексіз  балық  болмайтыны  сияқты,  кемшіліксіз  де  адам  болмайды.  Алып шыңдардың  жолы  жазықтардан  басталады. Әрине  сабырлылар  үшін… Басы  удай  ащы,  соңы  балдай  тәтті  нәрсе  бар  болса, ол – сабырлық.

Сабырлы болу – қиындыққа тап болған кездерде ұстамды болу. Әрбір қиындықтың түбінде жеңілдік болары әбден сөзсіз, бірақ нәтижесіне дейін шыдам керек. «Адамның қорғаны – сабыр» демекші, өз өміріміздің дұрыс болуына өзіміз тікелей жауаптымыз. Сондықтан сабырмен жақсы тілек тілеп, әрбір   атар   таңнан  елдің  амандығын  сұрайық!

Аяна БАЙНИЯЗОВА,

Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған

мектеп-лицей-интернатының 8 «A» сынып оқушысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: