Балалық – адамдардың ең тәтті әрі керемет шағының бірі. Балалар жастайынан өсемін десе, үлкендер сол бір шаң мен балшықпен ойнаған балалық шаққа оралғысы келеді. Қазақ халқымыз «Қолымнан келсе ысырар едім уақытты артқа, оралғым келеді алаңсыз балалық шаққа!» деген екен. Әрине, ол – күллі адамның арманы. Тіпті, ол – менің де кішігірім армандарымның бірі.
Енді мен өз балалалық шағыма келсем. Менің балалық кезім түрлі қызық пен түрлі шытырман оқиғаға толы. Мен қызығы қайнап жатқан ауылда емес, қызуы таусылмас қалада дүние есігін ашып, өстім. Ал енді менің бір шытырман оқиғам есіміме байланысты. Осы әңгімені анамнан естісем бір күліп, бір таңғалам. Отбасымның тұңғышы, асыға, сағына дүниеге келгеннен соң есімімді Сағыныш деп атағысы келеді. Бірақ менің есімімді арайлап атқан таң мен әрқашан күлдіріп жүрсін деп Арайлым деп қойды. Әрине, ол басқалар үшін мүлде қызық болмағанымен, ол мен үшін естен кетпес дүние. Менің бар қызығым балабақшада өтті. Ол жердегі көптеген досым мен қызықты оқиғалар әлі есімде. Достарыммен ойнап, бір ойыншыққа таласып, бір-біріміздің бетімізді бояп отырушы едік. Тіпті тамақ үстінде тамағымды байқамай артқа лақтырып, одан су ішіп мұрнымнан шыққаны есіме түссе, өзіммен-өзім күліп, жиіркеніп те қаламын. Балабақшада ұлдармен вальс билемей қашқан кездерді-ай! Менің ең қызық күндерім нағашы атам мен әжемнің үйінде өткен шығар, шіркін! Атам жаздың әдемі кешінде менің велосипедімді жөндеп, біз оны қуана айдап, тағы сындырып, мәз болып әкелуші едік. Атам сонда да жалықпастан істеп беруші еді. Ал әжем болса, ас үйде тамақ істеп болып, келіңдер деп шақырып алып, «егер осы тамақты бітірмесеңдер, далаға шықпайсыңдар» деп қорқытатын. Біз балалар болып жапырлай жеп, атам істеп берген велосипедті айдап, ойнап жүретінбіз.
Бұршақ астында қалып, үйге жетеміз дегенше қол аяғымыз көгеріп, ауырып келгенде үйдегі атам мен әжем ұрысып үйге кіргізіп, далаға шығармай қоюшы еді. Біз оларға ренжігендей ары қарай кетіп қалатынбыз. Осы бір көрініс дәл менің алдымнан өтсе, сол болып жатқан оқиғаны да, атам мен әжемді де сағынатыным бар…
Әр адамның ең қызық баспалдағының бірі – ол мектеп. Біз мектепте біресе күліп, біресе ұрысып, не татуласып, қайта ренжіп қалатын кездер болғанымен, мектеп – мен үшін естен кетпес кезең. Тіпті мені уайымдап, 6 жыл бойы қолымнан жетелеп, қайтқанда да алдымнан күтіп алған анамның көрінісі көз алдымда. Мен бір өзі қайтқан балаларға тамсана қарайтынмын, осыны үйдегілерге айтып, бір бұртиып алатыным бар.
Осы жақында болған оқиғаны айтсам. 7 мамырда ер-азаматтардың мерекесінде субұрқаққа барып су атысқан едік. Үлкен кісілер бізге тамсана қарап, балалық шағының дәл солай болғанына таң қалып күліп, сағыныш сезімі кернеп, мұңайып та қойды. Міне, менің балалық шағым ауылда болмағанымен, осы қалада неше түрлі тосынсый мен таңғажайып оқиғаға толы. Тіпті мына жазғандарымнан көп десем де болады.
Енді қорытындылай келе, менің түсінгенім біз есейеміз, бірақ сол балалық шаққа оралмаймыз. Агата Кристидің мына бір сөзі бар: «Бұл өмірде ең үлкен бақытыңыз – бақытты балалық шығыңыз» деген екен. Әрине, балалық шағың қызық өтсе, өмірің де ғажап пен тосынсыйға толы болады.
Арайлым ЖАЛҒАС,
Қызылорда облыстық білім басқармасының
Қызылорда қаласы бойынша қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы жанындағы
“Жас тілші”үйірмесінің оқушысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!