Біріккен ұлттар ұйымының бала құқықтары жөніндегі декларациясында «Бала туғанға дейін де, туғаннан кейін де ақыл-есі жетілгенше ата-анасының, қамқоршысының тарапынан қамқорлықта болуы тиіс» деп жазылған екен.
Халқымыз мұны «бала – адамның бауыр еті» деген бірауыз сөзбен жеткізген. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Дегенмен, көпшілік ата-аналар балаларын бақылаусыз қалдырып кететіні жасырын емес. Себебін сұрасаң, «Бала қарап отыруға уақытым жоқ. Жұмыс істеп, ақша табуым керек» дегенді айтады. Алайда баланы қараусыз қалдыруға әсте болмайды. Өйткені, баланың қауіпсіздігі – тікелей ата-ана жауапкершілігінде.
Соңғы жылдары қоғамда баланың терезеден құлап кетуі, суға батып кетуі жиілеп кетті. Оның нақты себебі неде? Оған тоқтам бола ма? Бүгінгі тақырыпта осы жөнінде ой өрбітпекпіз.
ҚАРАУСЫЗ БАЛА ҚҰЛАМАҒАНДА ҚАЙТЕДІ?
– Өңірде баланың қатысуымен болған әрбір оқиға бала қауіпсіздігіне салғырт қарағаннан болуда. Мәселенің ең өзектісі – ата-аналардың терезе торына сеніп, баланы қараусыз қалдыруында. Айта кетерлік жайт, терезе торы аса сенімді болмайды. Өйткені, күн ыстығына күйіп, суықтан уақыт өте сетінейді. Салдарынан бала салмағын көтермей жиегі жыртылып, соңы қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Өткен жылы облыс көлемінде ата-анасының қарауынсыз қалуы салдарынан балалардың терезеден кұлап кетуі бойынша 17 жағдай тіркелген. 1-7 жас аралығындағы балалардың терезеден құлап жарақат алу жағдайы алаңдатарлық. Өткен жылы қала бойынша – 16, Шиелі ауданында 1 оқиға тіркелген. Салыстырмалы түрде 2023 жылы аймағымызда 14 бала терезеден құлап кеткен. Өкініштісі сол, біреуі қаза болған. Көп жағдайда балалардың терезеден құлау жағдайы ескертпені ескерусіз қалдыруында, – дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Бейбітхан Спанов.
Оқиғаның алдын алу бойынша есепті кезеңде 2588 тұрғынға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 2476 дана үнпарақ таратылған. Жергілікті мерзімді басылымдарда 103 мақала жарық көрген. Сонымен қатар, мамандардың қатысуымен 5 мәрте сұхбат жарияланып, лед экран арқылы 30 рет ескерту жұмыстары жүргізілген.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар айында 1 жағдай болған. Қала орталығындағы білім ұяларының бірінде бір оқушы мектептің 2-қабатынан 1-қабатына құлап кеткен. Сондықтан әрбіріміз бала қауіпсіздігіне қоғам болып сақтықпен қараған ләзім. Бала – жарқын болашақ кепілі. «Сақтансаң, сақтайды» деп тегін айтылмаса керек-ті.
ҚҰТҚАРЫҢЫЗШЫ!
Су – тіршілік көзі, бірақ тілсіз жау. Осыны әрбір адам қаперде ұстау керек. Ал, балалар қыс айында үйде болғанымен, жазғы демалыс кезінде көбінде ата-ананың бақылауынсыз су айдындарында шомылып, соңы қайғылы жағдайға соқтырып жатады. Сондықтан бала қауіпсіздігін басты назарда ұстаған абзал.
– Облыс бойынша әртүрлі жағдай себебінен 2024 жылы 11 бала суға кету дерегімен қаза болды. Оның ішінде Қызылорда қаласы – 2, Сырдария ауданы – 1, Шиелі ауданы – 4, Жаңақорған ауданы – 1, Қазалы ауданы – 2, Арал ауданы – 1. Сонымен қатар құтқарушылар көмегімен бес бала құтқарылды. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 3097 рейдтік профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Рейд барысында 90745 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 46178-і – жасөспірім. Сондай-ақ аймақ бойынша 69421 оқушыға «Судағы және мұздағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыптары бойынша интерактивтік және практикалық сабақтар өткізілді. Ата-аналардың «WhatsApp» желісіне балалардың судағы (мұздағы) қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау бойынша бейнероликтер мен жадынамалар жарияланды. Республикалық Kundelik.kz платформасына судағы (мұздағы) қауіпсіздік жөніндегі жадынамалар мен мақалалар енгізілді. Kundelik.kz платформасына облыстың 295 мектебінен 100714 оқушы тіркелген. Міне, осындай ақпараттар бізде жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Осы іспеттес жағдайлар ұдайы жалғасын таба береді, – дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Жандос Жүгінісов.
БАЛАНЫ ҚОРҒАУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ
Өзекті мәселе төңірегінде бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғанованың да ойын білгенді жөн көрдік. Білікті педагог бала қауіпсіздігі қай қоғам үшін де маңызды екенін айтады.
– Қазір қыс мезгілі болғандықтан, балалар бос уақыттарының көбін үйде өткізуде. Ертең күн жылт етіп жаз айы келісімен бала біткенді қамап отыра алмайсың. Ашығын айтайын, бәріміз бала үшін деп өмір сүріп жүрміз ғой. Қатарынан кем болмаса екен деп таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейміз. Жұмыстан үйіне келген анасы кешкі тамақты әзірлеумен әлек болады. Балаларымыздың біреуі жоғары оқу орнында білім алса, қалғаны мектепте оқиды. Әрқайсысында заманауи ұялы телефон, ноутбуктері бар. Уақыттарын соған телмірумен өткізеді. Олардың не көріп отырғанын күнде бақылаймыз деп айта алмаймын. Бірақ ғаламторсыз тағы қалдыра алмаймыз. Қазір берілген үй тапсырмасын орындау, сабақтың өзі телефонға байланып қалған заман ғой. Қажеттілік туындағасын балалардың бетін қайтара алмайтынымыз тағы бар. Үйден қашу, көшеде қыдыру, бөтен адамның үйіне бару сынды жағдайлардың барлығын олар интернет арқылы көріп қайталауда. Жаз мезгілінде балалар су айдындарында көбірек уақыт өткізеді. Достарымен су жағасында демалғанды жақсы көреді. Ата-аналары жұмыста болғандықтан қадағалаусыз қалады. Көтеріп отырған мәселе дұрыс. Қазіргі қоғам үшін өте өзекті. Менің ойымша, балаларды қосымша үйірмелерге, спорттық жарыстарға көптеп қатыстыру керек, – дейді бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғанова.
Иә, қазіргідей алмағайып заманда көбіміз ақша табу жолына түсіп кеттік. Баланың қарны аш болмаса, киімі бүтін болса, басқасына бас ауыртпайтын болдық. Алайда ең маңыздысы бала қауіпсіздігі мен тәрбиесі екенін естен шығармайық.
«Бала ақ парақ секілді, не жазсаң соны оқисың» деген ұлы ұстаз Әл Фарабидің сөзінің астарында аласармас ақиқат жатыр.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!