10 жасар оқушы Асылжан Бақытжанқызы 6 бірдей Нобель лауреатынан хат алыпты. Таңғалдырған жайт туралы кейіпкерімізің әкесі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, баласы 1-сыныпқа бармай тұрып «Ғалым болғым келеді» депті.
Бақытжан Бұқарбай желіде: «Қызым 1-сыныпқа бармай тұрып «Ғалым болғым келеді» деп, микроскоп сатып әперуді сұрады. Басында аса мән бермегенмен, табандылығымен дегеніне жетіп, мені әбден сүйсіндірді. Содан бері оған ғылым және адамзатқа аса пайдалы жаңалықтарды ашқан ғалымдар туралы айтып беріп барынша қолдау көрсетуге тырысамын. Осы қысқы каникулында Нобель сыйлығының лауреаттарына хат жазып көруді ұсындым. Қазір көзі тірі 16 әйел ғалым бар екен, барлығына хат жолдадық. Солардың алтауы жауап берді. Ең бірінші болып Катарин Карико соңғы 2 жылда әрі-бері көп ұшып дәрістерден шаршағанын, қазір бір жобаға кіріскенін, зейінін тек соған бөлгісі келетінін жазып, өзінің кітабын оқуға кеңес берді.
Клаудиа Голдин қызыма «Егер қызығушылығыңызды сақтай алсаңыз, қолыңыздан бәрі келеді. Менде де барлығы осылардан басталған еді» деп жазды. Ал 85 жастағы Ада Йонат қызым ағылшынша сөйлесе алса, бейнеқоңырау арқылы әңгімелесуге ниетті екенін білдірді. Төртінші хабарласқан Фрэнсис Арнольд қызыма шаблонмен өмір сүрмеуге, өз жолын табуға кеңес берді. Профессор Анн Л’Юилье өзін қызықтыратын нәрсені таңдау керегін айтты. Донна Стрикленд фотосына қолтаңбасын қойып жолдайтынын жеткізді. Сөйтіп, біз бір күнде заманымыздың 6 ғұламасынан хат алып, зор қуанышқа кенелдік», деп жазған.
Осы жазбадан соң талабы таудай баламен аз-кем әңгімелескенді жөн көрдік, Болашақ Нобель лауреатымен сөйлескендей күй кешкенімізді қоса кеткіміз келеді.
– Асылжан, 1-сыныпқа бармай тұрып ғалым болғыңыз келетінін айтыпсыз. Мұндай ойға не түрткі болды?
– Әкем ғылымға қатысты өте көп видео жасайтын. Сондағы видеоларда микробтарды микроскоппен көрсетіп жататын. Бұл маған қатты ұнап қалды, содан кейін мен осындай шешімге келдім.
– Сеніңше ғылым деген не, ғалым деген кім?
– Меніңше, ғалым зерттеулер жасайтын, жаңа нәрсені ашатын адам болуы керек. Ал ғылым – әртүрлі бағыттары бар кең сала. Биология, химия, астрономия деп кете береді.
– Соның ішінде қайсысы сені ерекше қызықтырады?
– Биология, химия және медицина.
– Неге үшеуі, біреуі емес?
– Себебі мен химиялық эксперимент жасағанды ұнатамын. Ал биологияда жан-жануарларды, дене мүшелерін зерттеген қызықтырады. Медицина қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап табуым үшін керек.
– Осыған дейін қандай химиялық эксперимент жасадың?
– Досым сыйлаған химиялық эксперимент жасайтын жинақ бар. Бәрін толық қолданып үлгермедім, біреуін пайдаланып кристалл шығарғым келді. Бірақ ештеңе шықпай қойды.
– Сонда араласатын достарың ғылымға қызығатын болып тұр ғой?
– Солай десе де болады, сыныптағы бір бала археолог болғысы келеді. Өйткені ол динозаврларды ұнатады. Мектебімде ғылыми тәжірибе жасауға болатын арнайы кабинеттер бар.
– Ғылымда тәжірибе жасайтын құралдар көп қой. Неге дәл микроскопты таңдадың?
– Өйткені микроскоппен көзге көрінбейтін кішкентай әлемді көруге болады. Сондықтан осы құралды қатты қаладым.
– Микроскопты алғаныңа қанша уақыт болды, онымен қандай жұмыс істеп көрдің?
– Бұл құралды алғаныма шамамен 4,5 жыл болды. Микроскоппен қарап зерттейтін жәндіктер көп, соларды қарадым. Мысалы, асшаяндардың мұртын көрдім. Күзде үйге бір жәндік кіріп кетті, пердеде жабысып тұрған, кейін өліп қалыпты, соны қарадым, міне, қорабымда сақталып тұр (пинцетпен көрсетіп – ред). Менде тағы инелік, ара мен шегіртке бар. Инелікті Алакөлге барғанда әкем ұстап берді, кейін микроскоппен қарау үшін сіріңке қорабына салып қойдық. Ал жақында металды әдейі суға салып, шығарып кептірдім. Тот басып қалды, сол жағдайды микроскоппен қарадым.
– Нобель сыйлығының лауреаты айтқан көп кеңестің қайсысы ұнады, олардың ақылын қалай қолданбақшысың?
– Маған Фрэнсис Арнольдтің айтқаны ұнады. Мен мұны елдің бәрі істегенді істеме, жұртты қайталай берме, жаңалық аш деп түсіндім. Ғылыммен айналысқанда осы кеңесті жаңа зерттеулер жасау, жаңалық ашу үшін қолданамын.
– Қандай ғалымдардың еңбегіне қызығасың? Олардың ішінде қазақ зерттеушілері бар ма?
– «Ғылымдағы әйелдер» дейтін кітапты ұнатып оқимын. Содан соң менде «Мария Кюри кім?» деген кітап бар. Мұнда оның өмірбаяны мен қалай жаңалық ашқаны туралы айтылады. Ал қазақ ғалымдарынан Кемел Ақышевтің «Алтын адамды» тапқаны қатты қызықтырады. Біз Есік қорғанына саяхаттап барғанбыз. Қазір Қазақстан тарихынан дәл сол тақырыпты өтіп жатырмыз.
– Кітап көп оқитын сияқтысың, қандай кітапты қайталап оқисың?
– Итбастың сериялық кітаптары бар. Мұның үшеуі қазақша, алтауы ағылшынша. Бәрін қазақша алушы едім, бірақ итбасты әр айда шығармайды, оның үстіне кейбір сөздер қате жазылған.
– Ғылымды игеру қиын деп ойламайсың ба?
– Топпен, бірнеше адаммен жұмыс істесем, жеңілірек болады. Егер менімен 1-2 адам жұмыс істесе, қарсы емеспін.
– Білуімше, сурет салғанда ұнатады екенсің, осы қабілетіңді жетілдіріп, дизайнер болғыңыз келмей ме?
– Бұл хобби болып қалсын, себебі мұны сәтті жұмыс деп ойламаймын.
– Табандылығың тәнті етеді, тілегіңге жетіп, үлкен ғалым болуына тілектеспіз.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ.
egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!