Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде 5 жасар баланы теуіп, аяғын көгерткен тәрбиешіге айыппұл салынды. Енді ол 1 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналыса алмайды. Қызметкердің ісі Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
15 қаңтар күні болған жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіге тараған. Видеода тәрбиешінің баланы аяқпен тепкені анық көрінеді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Прокурор тәрбиеленушіні 3 жылға белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыруды және 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды сұраған.
Бірақ сотталушы кінәсін мойындады. Ісіне өкініп, кешірім сұрады. Қатаң жаза тағайындамауды өтінді. Мұнымен жәбірленуші тарап келісті. Жағдайдың бәрін ескерген сот тиісті үкім шығарды.
«Сот жағдай бойынша оның қоғамға қауіпін, істің сипатын, сотталушының отбасылық жағдайы мен жеке басын, қылмысты алғаш рет жасағанын ескере отырып, қызметкердің шынайы өкінгенін назарға алды. Соның нәтижесінде сот тәрбиешіні ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сотталушы 80 АЕК көлемінде яғни 314 560 теңге айыппұл төлеуге міндетті. 1 жылға дейін педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салу туралы жаза тағайындалды», – деді Облыстық соттың баспасөз хатшысы Мейрамгүл Өтеғұлова.
Айта кетсек, медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша баланың оң жақ санында көгеру бары дәлелденген. Негізі ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотталушыға 3 жылға дейінгі мерзімге өз қызметімен айналысудан шектеу, 160 АЕК айыппұл, не 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, 40 тәулікке дейін қамаққа алу түріндегі жаза көзделген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!