– Кет, кет дедім ғой мен саған! – деген Айзеренің шыққан жан дауысынан үй іші шошып оянды. Шырт ұйқыда жатқан баласы да оянып кетті. Жолдасы Ерсін өң мен түстің арасында қалғандай орнынан тұрып, Айзереге қарады. Қараса келіншегі бөлменің қақ ортасында тұрып алып, басындағы орамалымен жан-жағын серпіп, әлдекімді ұрғылағандай болып тұр екен.
– Жаным, Айзерем, саған не болды? Біреуді көріп тұрсың ба? Не болды, айт деймін! – деп сұрақтың астына алған күйеуін тыңдап жатқан келіншегі жоқ.
– Кет, албасты, жексұрын, жолама, тыныштық бер маған! – деген күйі тұра берді…
Екеуінің отау құрғанына он жылға жуық уақыт болды. Осы жылдар ішінде Айзередей ешкім қиналмаған болар. «Бір балаға зар болып өтемін бе» деген қорқынышы үкілеген үмітін езіп жібергендей еді. Сонда да Алладан күдер үзген жоқ. Сұрай берді, Құдай берді. Арада он жыл өткенде құрсағына бала бітіп, тілеуі тасыды. Оның үстіне туған-туыс, көрші-көлем, ағайынның барлығы көрген жерде балалы болуды әңгіме етіп, кейбіреуі сырттай мүсіркеп өтетін. Мұндай жағдай жолдасы Ерсінге де, Айзереге де соққы болып тиетін. Тәубесінен қайтпағанның тілеуі де болатыны осындайдан-ақ байқалады. Айы-күні жеткен соң баласын бауырына алып, әулетімен мәз-мейрам, арқа-жарқа күй кешкен еді.
Бала босану кезінде Айзере қатты қиналды. Жаны мұрнының ұшына келердей болып, алдымен Алланың, содан соң жанында жүрген медбике, дәрігерлердің арқасында қол-аяғын бауырына алды. Баласының кіндігін кесіп, кеудесіне аз-маз жатқызғаннан кейін дәрігерлер оған бір-екі сағатқа дейін ұйықтап қалмау қажеттігін айтты. Өйткені жын-шайтан босанған әйелді айналшықтап жүреді екен. Аңыз-әпсаналарда осындай деректер келтіріледі. Босанған бойда әйел жуынып-шайынып, Құран сүрелерін оқып жату керек. Көзі ілініп кетсе, шайтан қаумалап ақыл-есінен айырады-мыс. Дәрігердің ескертуін Айзере естіді, алайда босанған соң қанша ұйықтамаймын десе де, өзін бақылауда ұстауға мүлдем шамасы келмеді. Жиырма сағаттан аса толғақтың әсері қойсын ба, ас-су ішпей, әбден қалжыраған Айзеренің көзі ілініп кетті.
Ұйқыдан тұрса, басы мең-зең. Айналасында не болып, не қойғанын білмейді. Есінде бала босанғанынан басқа ештеңе жоқ. Тұра сала баласын іздеді. Бірақ, басындағы әлдебір шуыл кетпей қойды. Тұрса басы айналып, теңселетін сияқты көрінді. Бірақ, мұны ол өзінің әлсіздігінен деп ойлап, онша мән бермеді. Үйге шыққан соң да осы қалпынан арыла алмады. Басындағы әлдебір майда шуыл енді біртіндеп үдей бастады. Бірде түн ортасы ауған кезде біреу Айзеренің маңдайынан шерткендей болады. Ол уақытта баласы, жолдасы да шырт ұйқыда. Әлгі дыбыстан оянып кетіп, қараса бас жағында өзінің енесі келіп тұр.
– Апа, не болды? – деді Айзере жүрегі дүрсілдеп, дірілдеген дауыспен.
– Тұр, кетеміз, – деді ол. Бірақ, дауысы өзінің енесінің дауысынан сәл өзгеше сияқты көрінді.
– Қайда кетеміз, апа, сіз ұйқысырап тұрсыз ғой, – деп Айзере енесінің қолынан ұстап бөлмесінен шығарып жіберді.
Орнына жатып ойланды. Өйткені әлгінде енесі келер алдында құлағындағы шуыл екі еселеніп кетті. Таң атысымен енесінен түн ортасы ауа неге келгенін сұрап еді, енесі ешқайда бармағанын айтты. Айзеренің жүрегі дүрсілдеп, денесі тітіркеніп кетті. Бірақ, ешкімге ләм-мим деген жоқ. Келесі күні де дәл осыған ұқсас оқиға өрбіді. Айзере бұл күні дөңбекшіп ұйықтай алмай жатты. Өткен түнде енесінің бейнесінде келіп, маңдайынан шерткен сонда кім болды деген сауал өзін жеп барады. Жауабы жоқ. Жаман дүниелер ойына келе береді. Бірақ, өзін тылсым дүниенің қитұрқылығына қимайды. Жынданған шығармын деп ойлады ол. Бұл күйден арылмаса, жағдайы мәз емес. Осындай ойлардың құрсауында жатқанда құлақ тұсынан дауыл тұрғандай, қарқыны қатты желдің ысқырығындай дыбыс естілді және барған сайын күшейе түсті. Ол Айзеренің жатқан төсегінің үстінен айналып жүргендей болды. Әлдебір түсініксіз сөздер де естіле бастады. Бір кезде әлгі айналып жүрген дыбыс кілт тоқтап, Айзеренің көзінің алдына өзінің күйеуінің бейнесіне айналды да, «орныңнан тұр да, менімен жүр» деп ишара жасайды. Бағанадан бері қара терге малынып, көрпенің астында бүркеніп жатқан Айзере көзінің қиығымен жанындағы Ерсінге қарап еді, ол қамсыз қалың ұйқыда жатыр екен. Демек, осы болып жатқан оқиға тек маған ғана көрінеді екен деп түйді. Бас жағынан қолына ілігетін бірдеңе іздеді. Іліккені орамал екен, орнынан атып тұрып әлгіні ұрғылай бастады.
– Кет, кет, көзіме көрінбе, албасты неме! Тыныштық бер жаныма! – деп бар дауысымен айғайға басты. Шошып оянған Ерсін дереу Айзереден не болып жатқанын сұрады. Жөнді жауап бермеген соң, ауаны ұрғылап жатқан келіншегін бауырына тартып, жұбатқандай болды.
Айзере бұл туралы осыған дейін жан жары Ерсінге де тіс жармай келді. Уақыт өте келе өтіп кететін шығар деген ойы болған. Бірақ, барған сайын үдей түскен жайтты айтпай жүре алмады. Босанғалы бері болып жатқан оқиға, өзінің жай-күйін күйеуіне ақтарып салды. Жарының жүдеу тартқан жағдайына алаңдаған Ерсін келіншегін ауыл молдасына апаруды жөн санады. Жын-шайтанның айналшықтауының себебі, босанғаннан кейін әйелдің бірден ұйқыға кетуі екен. Молда оған дем салып, Құран сүрелерін айтып, жаттап жүруге кеңес береді. Арада көп уақыт өтпей әлгі түсініксіз дыбыс, бейнелердің барлығы біртіндеп жоғала бастағандай болады. Осылайша Айзере өзінің бастапқы қалпына оралады.
Ұлтымызда әйел босанар уақытта түрлі ырымдар жасалатын болған. Бұл ырымдар көбінесе жасалынып жатқан іс-әрекеттің магиялық құдіретіне сенуден туған. Мәселен, пышақты қайрап тамақ дайындау, жарысқазан, толғатқан әйелдің шашын тарқату, үйдегі теңдердің бауын шешіп босату, әбдіре, кебежелердің аузын ашу деген сияқты. Сондай-ақ арша тұтатып аластау, күкірт түтету сияқты әрекеттер толғатқан әйелден әртүрлі жын-шайтан, албастылар аулақ болсын деген ырыммен жасалынады. Қазақ отбасында аяғы ауыр әйелдер босану кезінде жеңілдігі болады деген ниетпен молдаларға дұға оқытып, оны тұмардың ішіне салып, мойнына немесе өңірінің ішкі көрінбейтін жағына тағып алады. Кейде тұздан ішірткі жасатып, мойнына тағып жүреді. Толғағы әбден піссе де, әйел қиналғандай жағдай болса, әлгі тұмардағы тұзды ерітіп ішсе, әйел жеңіл босанады деп сенген. Әйел босанған соң оның ішін дәкемен қатты тартып таңып, жылы жауып жатқызады. «Босанған әйел жас нәрестедей пәк» болады деп санайтын тәжірибесі мол аналар жын-шайтан жоламасын деген ниетпен оның бас жағына Құран, пышақ қойып, мүмкіндігінше босанған әйелді жалғыз қалдырмай үнемі қасында болуы керек.
Қазір заман басқа, заң басқа. Қоғамда барлық босанған әйелдің күтімі бірдей деңгейде емес. Көпшілігі, әсіресе жастар босану кезіндегі, босанғаннан кейінгі ырым-тыйымдарға мән бере бермейді. Сондықтан үлкендер жағы қыз балалардың құлағына осындай дүниелерді құйып отырса игі іс болар еді.
Кенже ҚЫСТАУБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!