«Анаңды сағынсаң, нағашыңа бар…». Қандай керемет сөз! Мен іргелі де жаужүрек Қаракесек руының жиенімін. Мұны қашанда мақтаныш тұтамын! Нағашыларымнан тараған ұрпақ бүгінгі таңда ауылда, еліміздің сан қиырында ғұмыр сүруде. Темірді жұмсартқан Дәуіт пайғамбардың өнері, яғни ұсталық менің нағашыларымды да айналып өтпеген. Иса көкемнің ұрпақтары неше атасынан бері «ұста дүкен» ұстаған жандар. Иса атам есімі көпшілікке жақсы мәлім, әулие, емші Алпамыс Назарұлы бабамен түйдей құрдас әрі төс қағыстырған дос болыпты. Қос абыз бірін-бірі қатты сыйлайды екен.
Бірде Иса атамның жасқа толмаған Жұмағұл есімді немересі қатты ауырып қалыпты. Сәбиінің өмірі үшін алаңдаған анасы Мінәсар әжем (ол кезде жас келіншек) ұлын алып, Өтеген-Нұрымбет (Жанқожа батырдың әкесі мен әкесінің ағасы) бабаның бейітінің маңында отырған Алпамыс бабаның үйіне келіпті. Сонда атақты емші: «Ой, келін шырағым-ай! Қыстың көзі қырауда маған келіп, несіне әуре болдың?! Әулие өзіңнің отыңның басында отыр (Иса атамды айтқаны) ғой!», – десе керек. Алпамыс баба сәбиге дем салып, бата беріпті. Міне, ғажап! Сол-ақ екен, күйіп-жанып жатқан нәрестенің беті бері қарапты. Қазір сол кездегі сәби Жұмағұл ағам зейнет демалысына шықты. Байқоңыр қаласында тұрады.
Баба мен нағашы атам «кім дүниеден бірінші өтсе, екіншіміз намазын шығарсын!» деп уағдаласыпты. Алла тілектерін қабыл қылыпты. Нағашым дүниеден озғанда Алпамыс баба намазын шығарып, ақыреттік сапарына құрдасын өз қолымен шығарып салыпты. Тірлігінде іргелері ажырамаған қос дос мәңгілік мекенде де қатар жатыр… Имандары жолдастары болсын!
Ауылдың ішінде, нақтысы Иса атамның ұлы Төлеген көкемнің ескі жұртына жақын жерде темір тормен қоршалған ұста дүкеннің орны бар. Бала кезімізде сол маңайда ұста дүкен болғаны еміс-еміс есімде қалыпты. Анам марқұм бізге «ұста дүкеннің қасына ойнамаңдар, дәретке шықпаңдар, төстің үстіне отырмаңдар!» деп жиі ескертуші еді. Ал ересектердің «түнде есігі жабық, ішінде адам жоқ ұстаханада өзінен-өзі көрік басылып, дүрсілдеп балға соғылады» дегенін талай естідік. Ұстахананың қоршалуында да тылсым сыр жатқанын кезінде нағашымның менімен жасты ұлы, марқұм Жұмағазыдан есітіп едім.
«Бірде таңертеңгі шайға енді отырған едік. Есік ашылып, елге танымал ағамыз ішке енді. Өңінен қобалжып тұрғаны сезіледі. Сәлемдескеннен соң, анама «Апа, кеше мектептен кеш шыққан оқушы қызым сіздердің ескі үйлеріңіздің жанынан өте бергенде, ерекше көрініске тап болыпты. Мөржеден ұшып шыққан жартылай сынған қылыш әудем жерге көтеріліп, қайтадан мөрженің ішіне кіріп кетіпті» деген болатын» деп Жөкең әңгімесін түйіндегенде тұла бойым шымырлап кеткен еді.
Ескіден келе жатқан түйенің көнінен жасалған көрікті Алматыдан арнайы келген ғылыми қызметкерлер «мұражайға қоямыз» деп сұрап алған екен. Ұлы нағашымыздың тері сіңген қасиетті көрік құнды жәдігер ретінде көпшіліктің көзайымына айналса, неге қуанбасқа?!
Аталарының ұсталық өнерін ұрпақтары жалғастырды. Жоғарыда есімі аталған Жұмағұлдың бозбала шағында жасаған пышақтарына біз қызыға қарайтынбыз. Бірде сабы киіктің мүйізінен жасалған қайқы қылыш соғып, баршаны таң-тамаша қалдырды. Жүзі ұстарадай өткір қылышын үйіре сілтеп, бақшаның қоршауын бұза-жара кірген әңгі есектің қос құлағын қырқып түсіргені есімде. Оны айтасыз, жуандығы білектей талдың бұтағын оп-оңай бөліп тастайды…
Ал Жұмағұлдың ағасы, яғни нағашымның үлкен ұлы Жалғаубай болса… есімізді білгеннен совхозда темір ұстасы болып жұмыс істеді. «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген сөз менің Жалғаубай нағашыма арналғандай. Совхоздың гаражында орналасқан Жәкеңнің ұстаханасына қашан барсаңыз да, шағын шеберхананың іші адамға лық толып тұрушы еді. Бір қолымен көмірдің шоғын көн көрікпен алаулата үрлеп, екінші қолымен білектей сом темірді анау-мынау жігіт орнынан қозғалта алмайтын дәу балғамен (кувальда) жаныштай, соққылаған нағашым маған ертегідегі алыптай көрінетін. Жәкеңді ауылдың кәрі-жасы қатты сыйлаушы еді. Темірдей тәртіптің адамы, совхоз директоры Шынтас Жалғасбаевтың өзі Жәкеңді ерекше құрметтеп, бағалады десем, жалған емес. Ауылда Жалғаубай ұстаның соққан бұйымдарын пайдаланбаған үй жоқ шығар… Жәкең шын мәнісінде, шаруашылықтың жүрегіндей болатын.
Аудан орталығындағы іргелі мекеме басшыларының өзі Жалғаубай ағам соққан кетпен, қоларбаға қатты қызығып, талай мәрте тапсырыс бергені маған жақсы мәлім. Нағашым сөзге келмейді. «Құдай қаласа, «зәкөн мөре» қыламын!» деп қысқа қайырады. Уәделі мерзімде келсеңіз, тапсырысыңыздың мінсіз, шынымен де, «зәкөн мөре» болып тұрғанын көресіз. Басқа адам еңбегіне ақы сұрар еді. Жалғаубай ұстаның сөздік қорында ондай ұғым атымен жоқ. Ұятың қысып, аздаған бірдеңе тастап кетсең өзің білесің… Болмаса «Алла разы болсын!» деген шын тілегіңнің өзі жетіп жатыр… Егер алтын қолды Жалғаубай ұстаның орнында өзге пысықай біреу болса… шіріген бай атанар еді. Ал Жәкең үшін «Бәрекелді!» деген жылы лебізден асқан сөз жоқ… Әрі осы ұстанымнан өзі өмірден өткенше айныған емес….
Саябақтың ауласына іргелес Жалғаубай нағашымның ұстаханасы әлі тұр.
Жуырда Жалғаубай нағашым түсіме енді. Мейірлене күліп «жиенім» деп еркелетіп жатыр. Ертеңіне мал шалып, Иса атамның, Алпамыс бабаның, Төлеген мен Жалғасбай көкемнің, Жәкеңнің, басқа да нағашыларымның аруағына арнап құран бағыштаттым. Мұратбек молданы ертіп бейіттің басына, Төлеген көкемнің ескі жұртына жақын жердегі темір тормен қоршалған ұста дүкеннің орнына барып зиярат еттік. Санамда қасиет қонып, құт дарыған киелі ұстаханада көрік басылып, балға соғылып жатқандай әсерге бөлендім.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!