Өткен ғасырдың 80-жылдары болатын. Жарты әлемді билеген Совет өкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда қоймашы болып жұмыс істейтін едім. Көктем мезгілі. Совхоз директоры Шынтас Жалғасбаев маған Қарақұм беткейінде орналасқан қой қырқым пунктін және шопанның тұрғын үйі мен қора-жайын жөндеуден өткізетін құрылысшылар бригадасын бастап баруымды тапсырды. Жекен Мусаев есімді ағамыздың «МТЗ-80» маркалы тракторының тіркемесіне мініп, жолға шықтық. Бас-аяғы он шақты күнде совхоз директорының тапсырмасын тап-тұйнақтай қылып орындап, ауылға бет алдық. Жол-жөнекей шағыл құм ішіндегі жалғыз үйге аялдадық. Осы үйде атақты Қарамолда әулие тұратынын, бабаға сәлем беріп шығатынымызды естігенде денем қалтырап кетті. Бала кезімізден атақты әулие Қарамолданың даңқына қанығып өскендіктен молда атаның дидарын көріп, қолын алуға асықтық. Жарықтық Қарамолда әулие өте жылы жүзді адам екен. Біздің имене ұсынған қолымызды ілтипатпен алып, дастарқан басына шақырды. Тракторшы Жекен ағамыздың белгілі зергер Мусаның ұлы екенін естігенде Қарамолда ата әкесінің хал-жағдайын сұрап, ілтипат білдірді. Шай үстінде молда атаның жүзіне ұрлана қарап, бәріміз толқып отырдық. Сол кездесу арада қаншама жылдар өтсе де санамда әлі сайрап тұр.
Атақты әулиемен бір мәрте болса да жүздесіп, қолын алғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Менің Мақсым Майлыбаев есімді кластасым бар. Мектеп қабырғасында жүргенде сабаққа үлгерімі де өте жақсы болды. Мінезі салмақты, жалғандықты жаны сүймейтін адал азамат. Қара күшке де мығым. Өздігінен ешкімге соқтықпайтын, намысына тисе ешкімге есесін жібермейтін мәрт мінезді досымды танитындар ерекше бағалайды. Бала кезімізде біздің ауылдағы Күлжан ақсақалдың ұлы Өтеу көкеміздің үйіне жиі келуші еді. Сол Мақсым досымның Қарамолда әулиенің немересі екендігін жақсы білетінмін. Жақында Мақсым досыма қоңырау шалып, әулие атасы туралы дерек сұрадым. Құрдасым көңілімді қалдырмады. Енді көпшілік назарына Мақсым Майлыбаевтың Қарамолда ата туралы жазған деректерін ұсынып отырмын. Мақсым өзінің жазбасын ататегі туралы шежіреден сыр шертетін деректен бастапты.
– Мөңке атамыздан 3 ұл туады: Майлыбай, Қалдыбай, Сайын. Майлыбайдан – Ермағамбет, Баймағамбет. Қалдыбайдан – Алмағамбет (Қарамолда). Сайыннан ұрпақ жоқ.
Ермағамбет пен Алмағамбет екеуі қатар туылады. Алмағамбет атамыздың шешесі көп ұзамай қайтыс болады. Майлыбай атамыздың кемпірі Оралша әжеміз екеуін егіз қылып емізеді. Екеуі таласа бергесін бір емшегінің ұшына қызыл жіп, біреуіне көк жіп байлап қойған дейді. Үлкендердің әңгімесінде Алмағамбет атамыз 1892 жылы дүниеге келген. Атамыз сонау 1917 жылы революцияның ол жақ-бұл жағында (қазір дәл уақыты белгісіз) Өзбекстанның Бұхара маңындағы «Көкілташ» жер асты медресесін бітіріп келіп, ауылда молдалық жасайды. Сөйтіп жүргенде Кекіл деген әжемізге үйленеді. Бір күні Кекіл әжеміздің жеңгелері күйеу баласын көргісі және сынамақшы болып үйіне келеді. Сол кезде атамыз есіктің алдында жатқан кебісті (аяқкиім) көздерінің алдына дәу бақа қылып көрсетеді. Мұнан соң жеңгелері бұлайша ойнамайтын болады.
Молдаларды қыспаққа алған заманда Қарамолда атамыз Дауылкөл маңында Ленин колхозының жылқысын бағып, Ақирек Қарақуысты мекендеген. Соғыстан кейін Қарақұм беткейіндегі «Жетімшағыл» деген жерде қоныстанған. Ол кезде колхоз басшылары жұмысқа ат мінеді екен. Молда атамыз жылқының жайылып жүрген жерінен құрық салмай небір асауларды ноқталап берген дейді.
Мен 6-7-сынып оқып жүрген кезімде Жақсылық ағама еріп атамның ауылына барғанмын. Бір көргенім түскі ас ішкенде дастарқанда шыбын көп болатын. Бәрі дастарқан басынан тұрып кетісімен мен ауылдағы әдетіммен шыбын ұрғыш істеп алып, қара үйдегі шыбынды ұра бастадым. Осы мезетте Бибі әжем келіп «Атаң көрсе ұрысады» деп шыбын ұрғышымды тығып тастады. Сөйтсем ол кісі тіршілік иесінің бәріне тиіспейді екен. Есейген кезімде көп адам атамды арнайы іздеп барып дертіне ем алғанын көрдім. Қарамолда атамыз туралы ел арасында көптеген әңгіме бар. Мен болсам өзімнің көрген, естігенімді жаздым. Атамыз дүниеден қайтқан соң қасиетті қара орнында ұзақ жылдар бойы Жақсылық ағамыз отырды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Жәкеңнің дүние салғанына 2-3 жыл болды. Құдайға шүкір, қазір қара орнында Айжамал жеңгем және ұл-келіндері бар, – дейді Мақсым Майлыбаев.
Біздің қолымыздағы деректе Әлмұхаммед (Қарамолда) Қалдыбайұлы Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінде тәжіктің атақты ғұламасы Садриддин Айни, белгілі шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен бірге оқығандығы туралы айтылған.
Ал, төменде келтірілген мәлімет Қарамолда әулиенің кереметінен сыр шертеді.
Қарамолда атамыздың алдына ем алуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан адамдар жиі келетінге ұқсайды. Тіпті болгариялық көріпкел Ванганың «Қазақстанда, құмның арасында бір қария кісі тұрады. Науқастарыңның емі – сол кісіден» деген нұсқауымен шетелден келген сырқаттардың құлантаза жазылып кеткені әлі күнге ел ішінде айтылып жүр. Қарамолда атамыз жас балаларды пышақсыз сүндеттейтін болған. Солардың бірі – қазалылық Нұрлан Қанат есімді азамат:
– Бала күнімізде әкем інім екеумізді молда атаға сүндеттетуге апарды. Әулие баба жертөле алдында отыр екен. Біз қорыққаннан жылап жібердік. Молда ата бізді еркелетіп, жұбатып жатыр. Атаның мейіріміне жұбанып, жылағанымызды тоқтаттық. Молда атаның кереметінің арқасында пышақсыз сүндеттеліп шықтық. Әулие баба бізге «байғазы» деп қолымызға ақша ұстатқаны есімде қалыпты. Әкем арнайы апарған қойды қораға кіргізіп кетті. Айжамал апа жайған дастарқаннан дәм татып, үйге оралдық. Ауыл арасында біз сияқты молда ата пышақсыз сүндеттеген балалар баршылық. Бүгінгі күні сол балалардың бәрі де азамат атанды. Кезінде молда ата отырған қос бөлмелі жер үй қазір киелі орынға айналған. Қарамолда әулиенің әруағына сыйынып барушылар легі толастаған емес. Ата қоныстанған мекеннен алынған топырақты емге пайдаланушылар жиі кездеседі, – деп өткен күнді еске алды.
Шәкен ауылының тұрғыны Амантай Сейталиев – аталмыш елді мекендегі игі істерді ұйымдастырушылардың бірі. Мұнан бірнеше жыл бұрын Амантай, өзге де ел ағаларының бастамасы, молда ата ұрпақтары және халықтың демеушілігімен Шәкен ауылынан еңселі мешіт салынды. Алланың жердегі үйіне әулие, ғұлама Әлмұхаммед Қалдыбайұлының есімі берілді. Бұл абыз бабаға деген өзі барша ғұмырын арнаған ел-халқының шексіз құрметі болатын. «Халық – Құдайдың бір аты» деп тегін айтылмаса керек. «Жақсыдан – шарапат», ғұмыр бойы халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік дүниеге аттанғаннан кейін де ел-жұртына шапағатын тигізіп жатқан әулие Әлмұхаммед Қалдыбайұлы (Қарамолда) бабамыздың есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізіліп, Қазалы ауданы орталығынан көше атауы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!