Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Перзентханадағы «жындар жиналысы»

10.10.2024, 10:40 213

Әншейінде көпке дейін көз ілмей жататын апам бұл жолы кірпік қақпады. Менің де ұйқым келіп тұрғаны шамалы. Содан кереуеттегі кісіге:

– Неге  ұйықтамай  жатырсыз? – дедім.

– Е-е, өткен-кеткенді  ойлап  ғой… – деп  сөзіне  іркіліс  жасап  қалды.

– Не өтіп еді? – демеймін бе мен де. Сонда, «айтпаймын, қорқасың, жұм  көзіңді, ұйықта» деп сөйлеп тастады апам. Ал енді ұйқы қайдан  болсын? Апамның әлгі «өткен-кеткенін» мен де ойлауға кірістім. Пеші бар қабырғаның келесі бетінде жып-жылы жерде жатқан  мен әрі аунап, бері аунап, ұйықтаған адамның кескінін көрсетейін  десем  де  ақыры  қолымнан  келмеді.

– Апа-ау,  айтыңызшы,   не   ойлап   жатырсыз? – дедім  тағы  еркелеген  үнмен.  Апамның  ойында қыран-топан  ойдың  текетіресі  болып  жатқанын бірден  байқадым. Көзі жұмулы бол­ғанымен, дереу ашты да «қорықпайсың ба?» деді. Құрғақ естілген дауысының өзі зәремді зәр түбіне жеткізді. Бір жұтынып алып «жо-оқ» дедім. Апам да әңгімесін бастады.

– Бұрын  кие, қасиет ұғымдары көп айтылушы еді, қазір оны әңгімесі­не араластырып жүргендерді аз байқаймын. Соған қарағанда, бұрынғыдай тылсым дүниенің де бола бермейтінінен шығар. Ауылда тұрған соң, қорқынышты, ойға келмейтін әңгімені көп естуші едік, бірақ жас болған соң, «Құдай сақтасын» деп, күн-түн демей жалғыз жүрсек те, тірлігімізге кірісіп кететінбіз. Адамдардың пейілі ақ болған соң да, жамандық бола қалса, дереу қылаң беретін. Тіпті, дию, жын, пері дегендерді көретіндер де көп еді. Олардың қатарында мен де  бармын.

Перзентханада кіші ұлымды босандым. Өмірге сәби әкелген ана бірден ұйқыға кетуге болмайды деген «заң» бар еді ғой. Ұйқым кеп сілейіп отырсам да дәрігерлер көз ілуге келісім бермеді. «Кемінде екі сағат өтуі керек, сосын екпе егіп болған соң ғана ұйықтайсыз» деді. Оған шыдай алмай жатырмын. Қолыма түрі өзіме ұқсаған сәбиімді алып, бір емірендім де, әлсіз болған соң «әлдендіргіш үйшігіне» салуға алып кетті. Бар ойым – ұйықтап қалмау. Медбикелер көзімнен таса кетсе болды, көз жұмуға дайынмын. Сол кезде мені босандырған акушер «егер жынды болып қалғыңыз келмесе, көз ілмеңіз, палатаға шығарған соң барып, сонда ұйықтайсыз, әзірге екі-үш сағат шыдаңыз. Кейбір келіншектер босана салып ұйқы­ға кетіп, жынды болып оянып жатады, мұны жын кірген дейміз» деп қалды. Ойым сан-сақта. Ұйықтайын десем, әлгілер әбігерге түсіре ме деп қорқасоқтап қалдым. Содан палатаға өттім. Бәрі аяқталған соң, ұйықтай беруге рұқсат алдым. Бірде құлағыма түсініксіз әуен­дер, сөздер естіле берген соң, мазам кетіп, әрең дегенде тұрып жүре бастадым. Терезеге үңілсем, бір топ адам от жағып, сауық-сайран салып отыр. Неге екенін білмеймін, айналамда ешкім жоқ, перзентхана бос. Дереу төменге түсіп, әлгілерді тоқтатуға әрекеттендім. Сыртқа шығып қарасам, түрлері қорқынышты, үсті-­басы жүн-жүн, мүйіздері де сұрықсыз орналасқан бірнеше мақұлық алдымда тұр. «Әй, кетіңдер» дей бердім. Жаным шыға жаздады. Перзентхана маңында жын-перінің жүретіні рас екен ғой, сонда мен жынды болдым ба деген ой «топ» ете қалды. Ал әлгі­лер болса, ғайып болар емес. Бар күшімді жинадым да білетін сүрелерді іштей қайталай бердім. Көздеріне тура қарауға батылым бармай тұрды. «Жындар жиыны­на» кедергі келтіргендей сезіндім өзімді. Не болса да бұл жағдайдан құтылатын бір жолы болу керек. Бар дауысымды салып айғайлап, жүгіре бергенімде төсектен аяғым шығып, өңімде жүруге талпынып жатыр екенмін. Солай түс көргенімді түсіндім. Дегенмен, перзент­ханада жын-перінің  болатыны  жаңсақ  әңгімеге  ұқсамай­ды.  Оған түсімде болса да куә болдым. Кейде сол кес­кін әлі де көз алдыма келе береді. Сонда «жындар жиыны­на» кедергі келтірмедім бе деп ойлап қоямын. Жаңа да көз алдыма сол кес­кін  келіп, ойға  шомдым, – деп  көз  ілді  апам.

Ал  менде  біраз  үнсіздік. Өз  демімнен  қорқып  жатыр­мын. Көзімді  жұмсам, мен де жындармен арпалысатындай  сезіндім. Бір  кезде  мен  де  ұйықтап  кетіппін.

Қ.КЕМЕЛ.

Коллажды жасаған жасанды интеллект

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: