Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киенің кесапаты

08.08.2020, 12:00 958

HALYQLINE.KZ Түн. Бөлме іші тастай қараңғы. Мүлгіген тыныштықты арасында ауылдың шәуілдек иттерінің үні бұзады. Төрт күн­ге созылған қарлы боранның дәурені өтіп, қыстың мамыражай түні орнаған. Кешегідей емес, ауа райы да сәл жылып, тіршілік біткен иығынан ауыр жүк түскендей күйде. Боранның әсерінен ауыл жарықсыз қалғаны болмаса, ел іші қалыпты тіршілігіне көшкен. Күннің суықтығынан өзге бөлмелер салқындау болғасын Асқар пеші бар асханаға жататынды шығарды. Әйтпесе, әкесі барда­ салынған он екі бөлмелі зәулім үйден бөлме табылған жоқ емес. Соңғы уақытта Асқар үй ішінде шылым шегуге дағдыланып алды. Асқар жатқан керeует­ әлсін-әлсін сықырлайды. Мұндай ұйқысыз түндері соңғы уақытта жиілеп кетті. Түйе жүн көр­песін аяқ жаққа ысырып тастап, шылым тұтатты. Ауыр күр­сініп, қабырға жақтауында ілулі тұрған сурет­ке үңілді. Осыдан екі жыл бұрын, бауырлары аман, әке-шешесі тірі бақытт­ы шағы көз алдына елес­теді. Темекіні сораптай тартып, өміріндегі боранды уақыттарға көз жүгіртті.

Қыстың жерге ең алғашқы қары түскен шақта Асқар мылтығын асынып, қансонарға аттан­ды. Аңшылық қасиет әкесінен дарыған болатын. Бүгінде Асқар ата кәсібін тастамай, жалғастыруда. Ауылдан ұзамай-ақ аңшы қанжығасын майлады. Екі қоян мен қыр­ғауыл дорбасының түбінен орын тапқан. Аңшылыққа бейім­делген Алыпсоқ тасадан жемтікті шеттетіп шығарып, Асқардың атуына бейімдейді. Ауыл қарасы үзілген шақта аңшы бағытын Сарыкөлге бұрды. Сол маңдағы малшы ауылына соғып, аққа мұртын малуды, көлден құс атуды мақсат тұтқан болатын. Аты малшы ауылы болғанымен, мұнда Шоңбайдың үйінен басқа ешкім жоқ. Ауылдың сиырын бағып, нәпақасын табатын  бақташы қария бұл маңды мекен­ еткелі қашан? Ағарған сағынған жан ауылдан алыс емес малшылардың қонысына ат басын­ бұрып, айраннан ауыз тиіп жатады. Тіпті, құдайы қонақ болып, жатып алатын кездері де болады. Әсіресе, мұнда аңшылар жиі соғып, көл құстары мен балығын­а қырғидай тиетіні бар. Шоңбай қарт та – қолы ашық, мейманшыл жан.

Сарыкөл мен малшылар қонысының арасы таяқ тастам жер. Қыстың қай мезгілі болмасын, бұл көлдің берекесі тасып, аңшылар мен саятшыларды бір ренжітпейді. Қыс айларында мұз астындағы балығы, өзге мезгілдерде құсы мен аңы талайдың қанжығасын майлап, ырысын тасытып жатады. Асқар бүгін дорбасын қаз-үйрекке толтырып, әкесіне майлы табиғи еттен ауыз тигізбек. Әкесі сатып әперген мылтықтың арқасында аңшы жігіт әрбір аңға шыққан күнінде құр қайтпайтын-ды. Бұл жолы да солай болмақ.

Асқар Шоңбайдың қыс­тауына жақындағанын аңғармай да қалды. Малшының үйі түтіні бұрқырап, мен мұндалап, қы­зықтырып тұр. Шоңбай қарт та атынан түсіп, аңшыға ұзақ қарап қалды. Сірә, Асқарды жақында тіктірген түлкі тымағынан танымаса керек. Кепе маңына жақындаған Асқарды көріп, жымиды да:

– Аңшы бала, дәл уақытында келдің. Кеше батыстан бір топ құс келді. Сірә, саған бұйырған шығар. Бірақ, кеше бес-алты жігіт келіп қонып, таң қылаң бере көлге бағыт алған-ды. Несі­беңді атып қояр ма?

– Ассалаумағалейкүм. Амансың ба, ақсақал? Ай, несі бар, алсын. Мына қос ауыздан құтылар деймісің қалғаны?

– Жә, құс қашпас мылты­ғыңнан, үйге жүр. Мен де малдан жаңа келдім. Азанғы сәре­сімді ашпаған  ем,  ауқаттанып  алайық, – деді де қарт аңшыны ертіп үйге беттеді.

Үй іші жылы. Шағын екі бөл­мелі үйдің қабырғасы түлкі, қасқыр терісінен көрінбейді. Дастарқан да жайнап тұр. Құрт, май, бауырсақ, ірімшікке көмкерілген берекелі дастарқанға жайғасты. Шоңбайдың бәйбішесі даярлаған шайды терлей отырып ішкен аңшы жігіт маужырай бас­тады. Тіпті, шаршағаны енді білініп, буын-буыны босап ұйқы қысты. Еріксіз жұмылып бара жатқан көзін уқалай салып, орнынан жігерлене тұрды да:

– Қой, ақсақал, жеңгейдің шайынан соң ұйықтап қалар жайым бар. Ана жігіттер құсты қырып кетпейінше мен де өз несіб­емнен құр қалмайын.

– Мақұл дейік. Жылы-жұмсағыңнан дәм татқызуды ұмытпассың. Атты міне кетіп, суара сала­мысың, әрі жолыңды қысқартады, – деп қарт малшы терлеген маңдайын сүртті.

– Жарайды, Шәке. Менің соқ­пай кеткен күнім болды ма? Осылай ренжітесіз-ау, – деп қарқыл­дай күліп Асқар есікке беттеді.

Атқа отырысымен, көлге жақын­дады. Құстарды шошыт­пайын деп, көлігін  төбе жанын­дағы жыңғылға байлады. Көл жағас­ындағы қалың қамыстың арасына ептеп еніп, көл орта­сына көз жүгіртті. Көл беті құстан көрінбейді. Асқар жайлап басып су бетіндегі құс тобына мылтық кезенді. Қос құлақшаны бірдей тартып, қос шүріппені қатар басты. Көл бетіндегі қаз-үйрек топырлай көтерілді көкке. Ал Асқар мылтықты қайта оқтап, қайта атты. Ұшқан құстардың дені көтеріліп үлгерді де, үш-төр­теуі су бетіне жалп етті. Аңшы жігіт жүгіре басып, Шоңбай қарт­тың қайығы тұрған орынға беттеді. Жалма-жан ескекті есіп, көл ортасындағы құстарды жинай­ бастады. Кенет жаралы аққуды аңғарды. Құс жанталасып, көкке көтерілмек ниетте. Сынық қанаты дес бермеген соң қайықтан қашыққа кетуге ты­рыс­ты. Асқар жаралы құсты қауырсынынан ұстай алғанда, құс та жанталасып, шоқып алды. Қанатын сабалап, дес бермегіне қарамай қайыққа салды. Бір аққу көл бетінде айналшықтап ұшып жүр. Қанаты сынған аққудың бауырында оқтың мылжаланғанын аңғарған Асқар­ құстың жаны қинал­масын деп лажсыз бәкімен бауыз­дап тастады. Жағаға жақын­дап, қайық жақтауына отырған шақта сыртынан:

– Алла-ай, балам, не қыл­дың? Киесі ұратын болды ғой енді. Қарамадың ба атар кезіңде? – деген Шоңбай қарттың сөзін естіді.

–  Ақсақал әдейі емес, байқамай қалдым. Барын білгенде атпас та едім ғой. Үйрек, қаздың ішінде осы да бар екен. Не шарам бар қылар?! – деп Асқар тымағын атып ұрды да, төмен салды басын.

– Е-е, Асқар балам, тағдырдың жазуы да! Өзіңе-өзің қылдың-ау. Апар да аққуды көміп таста, ит-құсқа жем қылма бейшараны.

Басы салбыраған күйі аңшы жігіт аққуды аяғынан көтеріп, көл жағасындағы төбеге көмді. Қарт малшыға үйректің барын тастап, өзі ауыл қайдасың деп тартып отырды. Киенің ұратынын сезгендей…

* * *

Сол оқиғадан бері бар-жоғы екі-ақ жыл өтті. Бірақ сол екі жыл өмірінде соққан бораны болды. Алғашында әкесі қайтты. Онан соң анасы, қос інісі, қарындасы жол апатына ұшырап, түгел мерт болды. Үйленген жары да бірінші балас­ын босану үстінде өмір­ден озды. Сол екі жылда от­басы ойрандалып, Жантастың шаңырағының шырқы кетті.

Аққуды атқан Асқарды бүгінде ауыл жұрты «кие ұрған адам» дейді. Олай дейтін себе­бі, Шоңбай қартқа барған аңшылар ауылға жеткізген. Әңгіме желдей есіп, ауылдың өсекші әйелдеріне таралған сыңайлы. Кие ұрған отбасымен қатынасу да ауыл адам­дары үшін өліммен бірдей. Жалғызбасты Асқар бүгінде өзіне келер киенің кесапатын күткен секілді…

Дастанбек САДЫҚ,

«Халық» газетінің мұрағатынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: