Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кесенелер қандай қасиетке ие?

19.05.2022, 9:40 1978

Қазақта әулие-әнбиенің кесенесін аралап, басына түнеп, «тағдырын әулиеге тапсырып», «жоғын түгендейтіндер» бұрыннан бар. Мұны маңызды ырымға санайды, тіптен өзі тірі тұра бұл дүниеде жоқ адамдардан жәрдем тілеуі  дұрыс  па?

Халқымыз ежелден о дүниелік болған ата-бабаларына тағзым етіп, артынан құран бағыштап, сол үшін жеті шелпек таратып, үйден иіс шығарса, «әулиелер риза болады» деп сенген. Бір бабасы түсіне кірсе, құрбан шалып, оның атынан садақа беруді әдетке айналдырған. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұғымға аса мән беріп, әулетінен шыққан әулиелердің жатқан мола­сын көркейтіп, оны риза ету қамын жасай білген. Бұның барлығы ырымға ықылас қоюдан басталғаны даусыз. Қазақ ырым етер, ырымы қырын кетерді де ұмытпаған  жөн.

Қазірде аты әлемге тараған, Ислам дәуірі адамдарының кө­зін көрген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Ясауидың ұстазы сана­латын Арыстан бап кесене­сі, бертін келе тарихта алтын әріптермен таңбаланып қалған Бабад­жа қатын, Домалақ Ана, Үкаша ата сынды кесенелер де өз алдына қасиетті, киелі жер деп айтылады. Бұл тек бір парасы ғана, Қазақстанды былай қойғанда әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған кесене, мазар мен күмбез орны келушілерді қабыл­дап, туристік орынға айналуда. Бұрындары дертіне дауа іздеп, перзентке зар болғандар баратын, қазірде жай көріп, тамашалап қайтатындардың саны артуда. Әулиелердің қасиеті құр кетпесін деген ниетпен мазар басында тарихшылар мен имамдар керемет іздеп келгендерге кесене тарихын түсіндіріп, қасиетті суы болса туристердің шөлін қан­дыруға көмектеседі. Десек те, соңғы уақытта бұл жерлердің киесін қашырып алғандаймыз, себебі кесене басына зиярат етуге емес, селфиге түсіп, мақтан қылатындардың саны артқанын байқап  жүрміз.

Сайып келгенде әулиелерден жәрдем тілеу дұрыс па, кесенелерді киеге санап, зиярат етуден не пайда, сауапты іспен айналысамыз деп жүріп, сауатсыздық қылып жүрген жоқпыз ба? Осы сауалдар төңірегінде Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Қайырбек Отызбаев әулиелер басына, кесе­нелерге барғанда сақтау қажет ережелермен  бөлісті.

– Дүниеден өткен жақын­дарымыздың,  ел ішінен шыққан әулие  кісілердің  қабірін зиярат ету – сауап­ты іс. Әйтсе де зия­рат жасауда шариғат бекіткен әдебінен аттамай, шегінен ас­пауы­мыз қажет. Әуелі зиярат жасаушы кісінің ниеті дұрыс болуы қажет. Бақилық болған әулие­лерге,  марқұмдарға Құран сауабы тисін, екінші кезекте қабірге бару арқылы өлімнің хақ екенін түсініп, ақыретті еске алайын деген ниет­те болу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қабірлерді зиярат етіңдер, шындығында ол сендердің ес­теріңе ақыретті түсіреді», – деп айтқан. Қабірді зиярат ет­кенде ғұсыл-дәретпен бару, құран оқып, дұға  жасағанда  марқұмның  қабірдегі  өмірі мен ақыре­тінің жеңіл болуын тілеу – кесене басында жасалатын негізгі ережелердің бірі. Мұнан өзге әулие­лердің қабірін сипаудан, ұстау­дан, сүюден, тәу етуден, оған жалбарынып, дұға  тілеуден  аса  сақ  болу  керек, – деді  ол.

Кейбір адамдар ауруға шалдыққан  баласын  кесенеге әкеліп, ем тілейді. Мұнда ішімдікке салынып, арақтан бас көтермейтін сайтан су жетегіндегілерді де кездестіруге болады, дені сау адам аз-кем. Кесенеге келетіндер тәу етуден бұрын тәубеге келуі керек секілді.

– Әулиелердің қабіріне зия­рат жасап барғанда тәу етудің әдебін білмей, әулиеден дертіне шипа сұрау, бала сұрау, қасиеті жұқсын деп орамалын мазарға сүрту, арқасын кесенеге үйкелеу сынды шариғат қатаң тыйым салған істерге кетіп жатады. Бұл дегеніңіз  иманға керағар, шари­ғатқа теріс әрекет болып саналады. Қабір иелеріне сауабы тисін әрі қабірді зиярат етудің сауабын алайық деген игі ниетке сақтық етпесе, шариғи сауатсыздыққа апаруы әбден мүмкін. Зиярат еткен кісі марқұмдар рухына Құран бағыштап, оған дұға етуі керек. Бұлардың мәйітке көп пайдасы тиеді. Ал дүниелік және ақыреттік қажеттілікті сұрап, дұға тілегенде Алладан сұрау қажет. Дұғаларды қабыл етуші тек Алла Тағала екенін ұмытпаған жөн, – деді  Қайырбек  Отызбаев

Бірер айдан соң Құрбан айт мейрамы келе жатыр. Бұл кезде адамдар кесенелер басына мал сойып, құран бағыштап, мазарат жанында ас беріп жатады. Бұл туралы да дінтанушының пікірін білдік.

– Әулиенің басына барып, яғни қабір басында мал шалу – мәкруһ амал. Біз бұдан тыйылып, сақтануымыз қажет. Құрбандыққа мал шалып, марқұмға сауабы тисін деген ниетпен үйінде садақа етіп, жоқ-жітікке таратса, абзалы осы. Осы орайда, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зират және зия­рат етудің мәдениеті» құжаты қабылданғанын да айтқанымыз жөн. Мақсат – әр өңірдегі зират көтерудің, қабірге зиярат жасау мен аруақ құрметтеудің әркелкі салт-жоралғыларының көрініс тапқанын ескеріп, зират пен зия­рат мәдениетінің баршаға ортақ үлгісін барлық аймақта шариғат талабымен қалыптастыру, – деді дінтанушы.

Киелі орындар қол жайып әулие­лерден дұға тілеу үшін емес, оны  қадірлеп, тарихымыздың үлкен бір бөлшегі ретінде қарап, өзге мемлекеттерге бай тарихымызды таныстыруымыз үшін қажет. Қазақ – қашанда өткенін ұмытпаған, бүгінін  ұлықтаған  халық. Өткеніміз тарихи орындар­мен, киелі жерлермен, қасиетке толы аңыз адамдармен өлшенеді. Әулиені Алламен, кесенені қағбамен  шатастырмайық.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер:
  • Адамнан сураганнан емес алладан сурасан буйирин шыгады деген.Ким жетискеннен аулие амбиелерди жагалайды дейсин. Аллам берип калар деп умиттенип тунеп жагалайды гой.Бурыннан бар бул ырымдар

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: