«Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада». Осы мәтелді ұран етіп келген қазақ елінде айтуға ауыз бармайтын ауыр бір кеселдің пайда болғаны өкінішті. Шырылдаған періште пейіл баланың бүгінгі ахуалына ана емес, ана құқығынан айырушы тарап араша түсуде. Бұлай деуімізге еліміздегі болып жатқан соңғы оқиғалар дәлел. Айтпағымыз да – осы. Жоғарыдағы мәтелді керісінше бұрмалауға тура келіп тұр. «Баланың көңілі – анада, ананың көңілі – далада». Мұнымен не айтқымыз келді? Жатырын жалға берген жалдамалы «көкек» аналар жайында емес, өз бауырына басып, түн ұйқысын төрт бөліп, әлдиімен аялап өсірген балаларын қатыгездікке қиған «жауыз» аналар жайында…
ҚАСКӨЙ АНАЛАР ДЕРЕГІНЕН…
Ана бала өміріндегі ең алғашқы қорғаныш болса, бұл жағдайларда ең алғашқы қорқыныш деп атауға тура келеді.
Елімізде соңғы айларда шұғыл ақпарат бетін бермей жүрген бір емес, бірнеше дерек ел талқысына түсіп, резонанс тудырғаны бар. Атап айтар болсақ, Жетісу облысындағы баласын жылу батареясына байлап ұрған ана, экс-күйеуінің кегін кішкентай бөбегінен алған ана, айта берсек, таусылар түрі жоқ. Өкініштісі де сол, бұл жағдайлар соңғы айларда белең алып кетті. Баласын жатқа тапсырған ананы бұл аналардың жанында ақтап аларсың. Себебі, баланың болашағына алаңдап, балалар үйіне өткізген жатбауыр анадан өз бауырына басып өсірген, кейіннен тасбауыр анаға айналған әйел-ананың жағдайын жеткізу тіптен мүмкін емес. Анығына тоқталайық. Бүгінде бұл оқиғаларға құзырлы органдар етене қатысып, жәбір көрген балаларға медициналық-психологиялық көмек көрсетіп, ал әлгі қаскөй аналар арнайы түзету орындарына тапсырылды. Тіпті енді бірін ана құқығынан айырды. Одан бөлек, Шымкент қаласында екі бірдей баласына тірідей қорлық көрсеткен ананың жағдайы да мәлім болды. Кәмелет жасына толмаған екі жасөспірім баласының бетіне үтік басып, шаштарын қайшымен қырқып, денелерінің сау-тамтығын қалдырмаған. Айта кетерлігі, бұл деректі әлгі жәбірленуші балалардың әжесі, яғни әйелдің енесі жария етіп, шұғыл көмек сұрап, көпшілік алдына байланысқа шыққан деседі. Мұнымен мұндай жағдай тоқтап қалған жоқ, жақында ғана Тараз қаласының тұрғыны терезеден балаларын тастап жібергендігі жайлы ақпарат тарады. Тағы да анасы. Тағы да жәбірленуші – туған баласы…
КІМ КІНӘЛІ?
Оқыс оқиғалардың соңы әлбетте әділеттілікпен аяқталады. Еліміздің заң жүйесі жұмысының нәтижелі болуынан бүгінде осы сынды оқыс оқиғалардың біршамасы сот ісімен тамамдалып, тиісті жазалары тағайындалды. Ендігі туындайтын сұрақ мынадай: Ананың осыншалықты қатыгездікке баратынына кім кінәлі? Күйеуі ме әлде күйбің тірлік пе?
Осы турасында кеңінен талқылау мақсатында психолог Айдана Керімбаймен пікірлескен едік.
– Баланы ұру немесе психологиялық қысым көрсету – ананың дисрегуляцияланған эмоциялық реакциясының көрінісі. Бұл мінез-құлық көбіне экономикалық стресс, тұрмыстық жүктеменің артуы, психикалық ресурстардың жеткіліксіздігі және эмоционалды қолдаудың болмауынан туындайды. Эмоциялық күйзеліс пен фрустрацияны басқара алмаған әйел өз психикалық энергиясын дұрыс бағыттай алмай, агрессияны ең осал нысан – баласына бағыттайды.
Психологиялық тұрғыдан қарағанда, мұндай әрекет өзін-өзі реттеу қабілетінің әлсіздігін, эмоциялық интеллекттің жетіспеушілігін және стресс жағдайында адаптивтік мінез-құлық дағдыларының төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар, патриархалды қоғамдағы әлеуметтік қысым, тиісінше қолдаудың жоқтығы ананың психикалық ресурстарын одан әрі төмендетіп, күйзелісті күшейтеді, — дейді маман.
Ал жәбір көрген, жарақат алған балаға арнайы психологиялық қолдау орталығы, тиісінше, жағдайына қарай емдеу орталығы, тіпті кейде оңалту орталығының да көмегі қажет болады. Осы ретте бала дәрігері Гульвира Қанатқызының айтуынша, баланың медицицналық тексерісі басынан аяқ ұшына дейін толық өтіледі.
– Мұндай жағдайға душар болған балалармен жұмыс істеу, әрине, оңай емес. Алдымен қайта қалпына келтіру жұмыстары, яғни балаға психологиялық қолдау көрсетіледі. Дене жарақаттарына байланысты емхана мен аурухана тексерістен өтеді. Оның ішінде, ультракүлгінді сәулелер арқылы тексеру әр ағзасын, қан талдауы, керек болған жағдайда гинекологиялық тексерістер де жүргізіледі. Баланың аталған жайтқа түсуінің кейінгі салдары өте ауыр. Жақында ғана естіген жаман жаңалығымыз, Шымкенттегі қатыгез ананың әрекеті. Балаларын ұрып, денелерін көгертіп, беттеріне үтік басқан. Мұндай қорлықты көрген баламен алдымен психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Дене, ағза жарақаттарын жазу, емдеу ісі бойынша ауруханаға жатқызылып, тиісті ем-шарасын жүргізеді, — дейді педиатр Г.Төремұратова.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Осы және өзге де оқыс оқиғалардың қоғамға жария болып, шешімін тапқаны біз бен сіз естіп, көрген, білгендеріміз ғана. Ал шешімін таппай, әр бұрышта бір бүгілген біршама тағдырдың тасада тұрғаны өте өкінішті.
Бала мен ананың өмірі деп, әкеден араша түскенде, бұл жағдайлар тіптен кімнің кімге қарсы тұрып, ортадағы бүлдіршіннің бүгіні мен болашағына бейжай қараған «бейбақтардың» бейнесін тануға түрткі болды…
Психология, денсаулық дерегін зерделеп болсақ, заңдық жүйенің жай-жапсарына ауысайық.
Бүгінде елімізде ҚР Конституциясының баптарында белгіленгендей, аса ауыр қылмыс деп кәмелет жасына толмаған балаларға күш қолдану шарасы тек бөгде қылмыскерге ғана емес, өз туғанына да тағайындалуда. Оған дәлел, жетісулық «жауыз» ананың жағдаяты. Сот үкімі ана құқығынан айырып, денсаулық деректеріне байланысты, яғни психологиялық әл-ахуалы әлсіз болғандықтан жазадан босатылды. Десе де, өз туған балаларына жат атанып, ана құқығынан айырылды. Заңгердің пікіріне сүйенсек, қоғам «тәрбие» деген желеумен жасалатын зорлыққа төзімді болмауы тиіс. Балаға қол көтеру – құқықбұзушылық. Ал құқықбұзушылық әрқашан құқықтық салдарға әкеледі.
– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен «Бала құқықтары туралы» Заңына сәйкес, балаға қатысты физикалық немесе психологиялық зорлық – қылмыстық жауапкершілік тудыратын әрекет. Баланы жүйелі түрде ұру немесе қорлау – ҚР ҚК 140-бабына сәйкес «Балаға қатысты нашар қарау» және 141-бапқа сәйкес «Зорлық-зомбылық көрсету» санатына жатады. Егер балаға дене жарақаты салынса, іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 106, 107 немесе 108-баптары бойынша сараланады. Бұл баптар денсаулыққа қасақана ауыр, орташа немесе жеңіл зиян келтіру жағдайларын қамтиды. Медициналық сараптама қорытындысы құқықтық бағаның негізі болады. Жүйелі түрде ұрып-соғу немесе психикалық азап көрсету 110-бап «Қинау» бойынша қаралуы мүмкін. Егер балаға қатыгездікпен қарау тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамаумен байланысты болса, 140-бап «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» қолданылады. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, ата-ананың немесе заңды өкілдің бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамауы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Қауіп нақты болған жағдайда сот ата-аналық құқықты шектеу немесе одан айыру мәселесін қарай алады. Бұл шаралар ең алдымен баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған, — дейді заңгер Жасұлан Мизамаддинов.
ТЕҢСІЗДІК ТӨРДЕ ТҰРҒАНДА, ӘДІЛДІК ЕСІКТЕН СЫҒАЛАЙДЫ
Отбасындағы агрессияны жеке мінездің әлсіздігімен ғана түсіндіру жеткіліксіз. Бұл мәселенің әлеуметтік, мәдени және гендерлік қабаттары бар. Осы тұрғыда гендерлік зерттеуші Айгерім Құсайынқызы қоғамдағы патриархалды құрылымдар мен әйелге бағытталған қысымның салдарын бірнеше рет көтеріп келеді.
Оның қоғамдық талқылаулардағы ұстанымына сүйенсек, гендерлік теңсіздік тек еңбек нарығындағы немесе саяси өкілдіктегі мәселе емес. Сондай-ақ, отбасындағы билік динамикасына тікелей әсер ететін фактор. Әйел экономикалық және әлеуметтік тұрғыда тәуелді күйде қалғанда, зорлыққа қарсы тұру мүмкіндігі шектеледі. Ал, мүмкіндік шектелген жерде қысым жүйелі сипат алады. Тиісінше, ер адамның әйелге бағытталған психологиялық немесе физикалық қысымы тек ерлі-зайыптылар арасындағы жай ғана жанжал саналмайды, керісінше, билік теңсіздігінің көрінісін айқындайды. Әйел өзін қауіпсіз сезінбеген ортада оның эмоциялық тұрақтылығы да бұзылады. Жиналған қорқыныш пен күйзеліс кей жағдайда ашуға, ал ашу бақылаусыз әрекетке ұласуы ықтимал. Мұндай жағдайда бала «қауіпсіз нысанға» айналуы мүмкін.
Дегенмен, гендерлік зерттеушілер үнемі бір шекараны нақтылайды: құрылымдық қысым – түсіндіретін фактор, бірақ ақтайтын себеп емес. Ал, әйелге жасалған зорлық баланың жәбірленуіне негіз бола алмайды. Керісінше, бұл – зорлықтың тізбекті сипат алатынын дәлелдейтін құбылыс. Егер бір буын тоқтатылмаса, келесі буын зардап шегеді.
– Қоғамдық қысым көбіне әйелден төзімділік талап етеді, ал ер адамнан жауапкершілік талап етпейді. Нәтижесінде агрессияның салдары ананың мінезі арқылы көрініс табады да, түпкі себеп тасада қалады.
Сыни тұрғыдан қарасақ, баласына қол көтерген ананы айыптау оңай. Бірақ неге сол әйелдің өзі қандай ортада өмір сүріп отырғанын, қандай қысымға ұшырап жатқанын сирек талдаймыз? Егер отбасында ер адам тарапынан жүйелі зорлық болса, онда мәселе тек – «тәрбиелік қателікте» емес, отбасылық құрылымдағы теңсіздікте, — дейді А.Құсайынқызы.
Қорыта келе, бұл оқыс оқиғаның немесе мезгілсіз қылмыстың астарын ақтарып, бір емес, бірнеше себеп-салдарын сараладық. Десе де, баланың қорғаны болатын алғашқы адамы ана болса, сол анаға сана мен сабыр тіледік. Баланы анамен сынамасын дейміз…
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!