Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, әйел заты қашанда елдің рухани тірегі, ұлттың ұйытқысы болған. Ана – өмірдің, білім мен тәрбиенің бастауы. Ал бүгінгі заманда қазақ әйелдері тек ошақ қасында ғана емес, қоғамның барлық саласында, соның ішінде ғылым мен технологияның күрделі әлемінде де өз орнын ойып тұрып алуда.
Кешегі Ұлт азаттығы үшін күрескен аналар мен ағартушылық жолында тер төккен ұстаздардың ісін бүгінгі қазақ қыздары жалғастырып келеді. Ғылым жолы – ауыр да жауапты, табандылық пен ізденісті талап ететін жол. Соған қарамастан, нәзік жанды, бірақ қуаты рухты қазақ әйелдері бұл салада өздерінің білімімен, еңбегімен, жаңашылдығымен көзге түсіп, ел намысын әлемдік деңгейде танытып жүр. Олардың ішінде түрлі ғылым жолындағы, спорт саласындағы, түрлі бағытта елеулі жетістікке жеткен арулар бар. Бұл – әйелдің мүмкіндігі мен қабілетінің шексіз екенінің дәлелі. Бүгін біз сол ғылымдағы қазақ әйелдерінің еңбегін, табандылығын, өмірлік ұстанымдарын үлгі етіп, олардың жетістігі арқылы жаңа ұрпаққа әсіресе, жас қыздарға «Білім – әйелдің ең үлкен күші» екенін жеткізгіміз келеді.
Әйел затының нәзік жанды екенін мойындасақ та, олардың әлсіз деген ұғыммен байланысы жоқ екенін тарихтың өзі дәлелдейді. Көп жағдайда қыз баланы қорғансыз, нәзік деп сипаттаймыз, алайда ел басына күн туған шақта ерлермен иық тіресіп, елдің тағдырын шешкен ержүрек қазақ әйелдерінің ерліктері – бұған айқын айғақ.
Мұндай ел ісіне мығым, сөзі өткір, ісі тыңғылықты, сымбаты келіскен, отының да түтінін түзу шығарған қазақ ханымдары мен бегімдері аз болмаған. Қай дәуірде де ұлттың намысы мен рухын қорғап, елдің бірлігі мен халықтың игілігі үшін аянбай еңбек еткен аруларымыздың ізі тарих бетінде сайрап жатыр. Мәселен, Бопай ханым, Айғаным ханым, Ұлбике ақын, Аққағаз Досжанова секілді нәзік жанды жандардың өмір жолы – қазақ әйелінің парасаты мен қайсарлығының айғағы. Олар нәзіктігімен қатар, ақыл мен ерлік, білім мен ізгілікті бойына тоғыстырған тұлғалар еді. Бүгінгі уақытта осы ардақты жандардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, тағдыр жолын, ерлігін және еңбегін қайта еске алып, үлгі ету – әр қазақ үшін парыз.
Сонау XVIII ғасырда өмір сүрген Бопай Сүйіндікқызы – осындай қайсар арулардың бірі. Ол – тек Әбілқайыр ханның жары ғана емес, саяси істерге тікелей араласқан, ел бірлігі мен мемлекетті сақтауға өз ықпалын тигізген көрнекті тұлға. Бопай ханымның даналығы мен батылдығы сол дәуірдің ер-азаматтарының өзінен кем түспеген.
Абылай ханның келіні, Уәли ханның жары, Шоқанның әжесі Айғаным ханым – қазақ әйелдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып ғылым мен білімнің маңызын түсініп, ұрпақ тәрбиесін ел болашағымен ұштастыра білген дана тұлға. Ол Сырымбет ордасында білім мен мәдениеттің ұрығын сеуіп, онда кітапхана ашып, балалары мен немерелерін оқуға баулыды. Ресей ғалымдарымен байланыс орнатып, қазақ даласына өркениет пен ағартушылық идеяларын әкелді.
Ұлбике Жанкелдіқызы – XIX ғасырдағы қазақтың суырыпсалма ақыны, ағартушылық ойдың жаршысы. Ол айтыс өнері арқылы әйел теңдігін, білім мен парасаттың қадірін дәріптеді. Өз дәуірінде қыз баланың оқуға, ғылымға ұмтылуының маңызын жырмен жеткізді.
Осылайша әр дәуірдің шеберіне айнала білген қазақ аруларының ішінде Аққағаз Досжанова да бар. Ол – халық медицинасының өкілі, қазақ қыздары арасынан шыққан ең алғашқы жоғары білімді дәрігерлердің бірі. Аққағаздың еңбегі тек дәрігерлік қызметпен шектелмей, қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыруға, балалар мен әйелдердің денсаулығын қорғауға, халықты гигиена мен жұқпалы аурудан қорғау ісіне бағытталды. Оның өмір жолы білімге құштарлық, қайсарлық пен қоғамға қызмет ету үлгісін көрсетеді, бұл қазақ қыздарына ғылым мен медицина саласында табысқа жетуге шабыт беретін жарқын мысал болады.
Осындай аналар мен арулардың ғұмыры – қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлі мен рухани биігін айқындайтын жарқын айна. Ал олардың ізін жалғап, бүгінде ғылым мен техникада, медицина мен педагогикада, инженерия мен саясатта табысты тірлік етіп жүрген қазақ қыздары – сол ұлы дәстүрдің заңды жалғасы.
Иә, қазіргі уақытта ел абыройы мен ұрпақ болашағы үшін тынбай еңбек етіп жүрген, жаңалық ашып, жаңару жолында ізденіп келетін жүрек жұтқан қазақ әйелдері аз емес. Олардың әрқайсысы – ұлт мақтанышы, ертеңгі ұрпаққа үлгі болар тұлға.
Бүгінгі қазақ қыздары жайлы айтар болсақ, әңгімені Бауыржан батырдың келіні Зейнеп апаның табандылығы мен даналығынан бастауға болады. Ол – ерлік пен парасаттың, ұлтқа деген адалдық пен аналық мейірімнің айрықша үлгісі. Зейнеп апа өз өмірін ұлт руханиятына, әйел теңдігі мен отбасы құндылығын дәріптеуге арнады. Оның өмір жолы – қазақ әйелінің төзімі мен қайсарлығының, ізгілік пен имандылықтың жарқын айғағы.
Қазіргі қазақ қыз-келіншектері Зейнеп апаның даналық жолынан үлгі алады десек артық емес. Себебі, жолына тек ізгілік пен мейірім төсеген Зейнеп Ахметова – адамгершілікті биік қойған, ұлттың анасы атанған тұлға. Ол тәлім мен тәрбиені, сөз бен өнегені өмірінің басты мұратына айналдырды.
Одан кейін биология ғылымдары бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ әйелдерінің бірі Найля Базанованың есімін ерекше атап өткен жөн. Ол – Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, профессор, еліміздің «Еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағының иегері. Ғылымға өмірін арнаған Найля Уразғұлқызы ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясы саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосты. Бүгінде оның есімі ұлт ғылымының тарихында алтын әріппен жазылған. 2025 жылдан бастап әйел ғалымдарға арналған «академик Найля Базанова атындағы марапат» тағайындалуы – осы бір асыл тұлғаның еңбегі мен өнегесіне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Бұл марапат қазіргі қазақ әйелдерінің ғылымдағы жетістіктерін дәріптеп, жас ғалымдарға шабыт беретін игі дәстүрге айналды.
Бүгінгі күні Найля Базанова сияқты білім мен ғылымды өмірінің мәніне айналдырған көптеген қазақ әйелдері бар. Иә, Қазақстан ғылымында әйелдердің рөлі айтарлықтай артып келеді. Солардың ішінде ерекше көзге түсетін тұлға – биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закария. Ол еліміздің биотехнология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы көрнекті зерттеушісі ретінде танымал. Оның ғылыми жұмыстары микробиология мен биотехнология бағытында жүргізіледі. Күнсұлу Закарияның жетекшілігімен 200-ден астам ғылыми жоба іске асырылып, 22 халықаралық жобаға басшылық жасалған. Ғалым COVID-19 пандемиясы кезінде Қазақстанда әзірленген «QazCovid-in» (QazVac) вакцинасының құрылуына тікелей үлес қосты. Бұл жетістік отандық ғылым мен медицина саласындағы ірі қадамдардың бірі саналады. Күнсұлу Закария – Қазақстан ғылымында әйгілі тұлға ғана емес, үлгілі әйел ғалым. Ол өз мамандығы бойынша терең зерттеу жүргізіп, қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін еңбек етіп келеді.
Қазақ әйелдерінің ғылым мен қоғамдағы орны – ұлттың өркендеу деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Бүгінде елімізде ғылым жолында қызмет етіп жүрген әйелдердің саны айтарлықтай көбейген. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректеріне сүйенсек, ғылыми-зерттеу саласында қызмет атқаратын мамандардың шамамен 52 пайызы – әйел. Бұл қазақ қыздарының ғылымға деген қызығушылығы мен қабілетінің өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
Нәзіктігімен қатар табандылықты, мейіріммен бірге зерделі істі ұштастыра білген қазақ әйелдері бүгінде ел ғылымының жаңа белесін бағындырып, мемлекет дамуының қозғаушы күшіне айналуда. Қазақ ғылымындағы әйелдердің бәрі – ұлттық рухтың символы, ұрпаққа бағыт-бағдар берер жарық шамшырақ.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Фото: жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!