Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғабит  Мүсіреповтен  бата  алған  Бақыткүл

05.03.2026, 10:45 70

HALYQLINE.KZ

Бақыткүл Әлмәмбетқызы 1963 жылы 20 тамызда Сәкен ағасынан кейін, қыздардың үлкені болып дүниге келді. Әкесі Әлмәмбет төрт ұлы мен үш қызы бар шаңырағы қуанышқа кенелген үлкен отбасының басшысы болды. Мектепте Бақыткүл үздік оқыды, әсіресе қазақ және орыс әдебиетіне қызығушылығы ерекше болды. Бұл түсінікті де еді, әкесі Әлмәмбет Әліш  КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі жазушы еді.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында Әлмәмбет ағамыз аудандық газеттің редакторы болса да, Алматыдағы шығармашылық ортамен тығыз байланыста болды. Жыл сайын Алматыдағы баспадан роман мен повестері шығып жатты, сол кездегі белгілі жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Дүкенбай Досжанов, Қалдарбек Найманбаевпен достық байланыста болды. Алматыға іссапармен бара қалса, қонақүйге емес, осы достарының үйіне түсетін.

Бақыткүл жоғарғы сыныпта жүргенде журналист боламын деп шешті. Әкесі Әлмәмбет қызының талабын іштей жақтырған жоқ, бірақ реті келген кезде айтармын деп жүргенде оның да сәті түсті.

1979 жылы Социалистік Еңбек Ері, академик-жазушы, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, классик жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов Москвадағы КСРО Жазушылар Одағының кезекті пленумынан қайтар жолда, Қазалы станциясына тоқтағанда, амандасып хал-жағдайын сұрау үшін қызы Бақыткүлді ертіп апарды. Қазалы станциясы үлкен теміржол торабы болғандықтан, «Москва – Алматы» поезы 15-20 минут тоқтайтын. Соны пайдаланып әкесі Әлмәмбет қызы Бақыткүлмен классик жазушының СВ купесіне кіріп барды. Амандық-саулықтан соң Әлмәмбет ағай: «Ғаба, қызым Бақыткүл келесі жылы оқубітіргелі отыр, батаңызды беріңіз» дегенде, сырбаз мінезді Мүсірепов: «Бақыткүл, қандай мамандық  иесі болғың келеді?» дегенде, әдебиет оқулығындағы классик жазушыны тірілей көріп тұрғасын қатты қобалжып әрең дегенде: «журналист болғым келеді» деп айтқан соң, Мүсірепов әкесі Әлмәмбетке қарады. Әлекең: «Ғаба, Бақыткүл қыздарымның үлкені болғасын, мен қызымның талабына қарсы бола алмадым» деп жауап қайтарды. Мүсірепов қалың лупа сияқты көгілдірігін көтеріп қойды да: «Бақыткүл, айналайын, мына қасыңдағы әкең екеуміз сол журналистік үлкен жолдан өтіп барып, жазушы болған жайымыз бар. Біздердің өз ортамызда журналист пен қасқырды аяғы асырайды деп айтылған сөз бар. Қыз үшін журналистік мамандық қол емес, қыз тұрмыс құрғасын бақытын отбасынан табады, сондықтан отбасынан ұзамаған дұрыс. Мен сенің адам баласын емдейтін дәрігер болғаныңды қалар едім» деп, батасын беріп кетті.

Осы кездесуден жарты жыл өткесін, 1980 жылы Бақыткүл Әліш сол кездегі Жаңақазалы посекесі, қазіргі аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі Кеңес Одағының батыры В.М.Счастнов атындағы №16 орыс мектебін Айымкүл Қылышбекқызы Рысбаеваның сыныбынан бітіріп, Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсті. 1986 жылы институтты бітіргесін Қызылорда қаласындағы ауруханада біржылдық интернатурадан өтіп, 1987 жылы Қазалы аудандық аурухананың аймақтық дәрігері болып еңбек жолын бастады. Жас маман өзінің ісіне жауапкершілікпен қарағандықтан, өзіне қарасты көше тұрғындарын жатқа білді, кімге қандай ем қолдануын қойындәптеріне жазып, дәрі егетін медбикелерді бекітті, үй жағдайында жазыла қоймаса, ауруханаға жатқызып жатты. Сосын кардиолог-дәрігер болып қызмет істеп, өзінің біліктілігін көрсете білгендіктен, 2002 жылдан бастап аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. 2009-2013 жылдар арасында терапия бөлімінің меңгерушісі болып, 2014 жылдан 2020 жылға дейін бас дәрігердің орынбасары қызметін қайтадан атқарды. 2013 жылы ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілді.

2020 жылдың тамыз айынан бастап Қазалы аудандық көпбейінді аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Осы жұмысты 2024 жылы қыркүйек айына дейін, зейнетке шыққанша дейін абыройымен атқарды. Толық төрт жыл бас дәрігер болып істеуі Ковид індеті бұрқ ете түскен қарбалас кезге тап болды. Қазір айтуға оңай, ол кезде ойлануға да уақыт болмаған кездер болды. 2020 жылы бас дәрігер болып тағайындалған соң бүкіл елге Ковид індеті ілезде тез тарады. Не істеу керек? Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығындағы бұрынғы туберкулез ауруханасы болған ғимараттың тең жартысын оқшаулау жұмыстарын бастап кетіп, індет жұқтырғандарды жатқызатын инфекциялық станционарды облыс бойынша алғашқылардың бірі болып дереу ашты. Індет басылғанша 600-ден астам дерт жұқтырған науқастар жатып ем алып, жазылып шықты.

Бақыткүл сол кездегі дәрігерлердің жанкешті еңбегін аса толғаныспен еске түсіріп әңгімелеп берді. Біріншіден, ауру жұқтырған науқаспен байланыс жасау дәрігердің өзіне қауіпті еді. Сол кезде ауру жұқтырған білікті дәрігер Іскендір Жұмағазиевтің өзі қайтыс болып кетті. Соған қарамастан аурухана дәрігерлері еш ойланбастан өздерінің Гиппократ антына адалдығын көрсетті. Ауру жұқтырған аяғы ауыр келіншекке баласын тіліп алу (кесарево сечение) операциясын жасап, сәби мен анасын аман алып қалған дәрігер Айгүл Медетбаеваның ерлікке тең келетін еңбегінің өзі неге тұрады десеңізші?!

Ал сондай кезде өзін ойламастан әрі қорықпастан науқастармен толық қатынаста болған дәрігерлер Алмат Нұрлан, Қази Аян, Оспанов Жасарал және бозкөлдік дәрігер Әлия Қартабаеваныкі қазіргі уақытпен қарағанда нағыз ерлік екен ғой. Ал, ол кезде ойлануға мұрша болған жоқ. Осындай ауыр кезеңде бас дәрігер ретінде Бақыткүлдің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті көрінді.

Жалпы аудандық көпбейінді аурухананың басшысы ретінде атқарған Бақыткүлдің басқа да жұмыстарына тоқталып өтейін. Тендер ұтып алған мекеме жаңа емхананы салып жатқанда да, кеңес заманында салынған ескі емхананы жаңадан салынып біткен емханаға көшіру жұмыстарының басы-қасында уақытпен санаспай  жүрді. Ал, ескі емхана ғимаратына «Жетес би» емханасын көшіртіп әкелді. Бұған дейін «Жетес би» емханасы жеке сектордағы ғимаратты жалға алып, 600 мың теңге төлеп отыратын. Облыстық денсаулық басқармасына кей елді мекендегі емханалар аппатық жағдайда екендігін ескертіп, білдіріс жазған болатын. 2023 жылы Кәукей, Бозкөл және Абай ауылына жаңа емхана салынса, қашық елді мекендер Жұбан және Жалпақта медициналық бекет аштыруға қол жетті.

Бақыткүлге дейін аудандық аурухана басшылығы жиі ауыстырылғандықтан, аурухана қарыз болып қалған-ды. Жалақы уақытылы берілмегендіктен түрлі әңгіме айтылып жатса да,Бақыткүл мән берместен, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп жұмыс істеп, кредиторлық қарыздан толық құтылып, медицина қызметкерлеріне жалақыны уақытылы төлеуге қол жеткізді. 2024 жылы зейнеткерлікке шығамын дегенше, жалақыны беруді қалыпты жағдайға түсірді.

Қазіргі уақытта Бақыткүл Әлмәмбетқызы Қазалы көпбейінді аудандық аурухананың эксперт-дәрігері болып жұмысын жалғастырып жатыр. Жолдасы Асылбек Жиенбаев та «ҚР Денсаулық саласының үздігі» және 40 жыл аудандық аурухананың реанимация бөлім менгерушісі болды, 2025 жылы «Ардагер анестезиолог-реаниматолог» төсбелгісімен наградталды. Бүгінгі күні қажет маман ретінде консультант-дәрігер болып жұмысын жалғастыруда.

Ерлі-зайыпты екеуі қырық жылдан бері алғыс арқалап келеді. Баяғы жаугершілік заманда басып алған жерлерінде басқыншылар екі мамандық иелеріне тиіспеген екен. Олар – құдық қазып, су шығаратын мұғарап және адамды емдейтін емші-сынықшы. Себебі, екі мамандық иелері адам өмірі үшін қажет. Осы жерде Әйтеке бидің мына сөзі тағы да еске түседі: «Өмірдің не екенін, мың бұралаң жолда көресің. Көңілдің не екенін, құс болып тұғырға қонғанда білесің. Адалдың не екенін, орындалған істе көресің» дегендей, мақаламның басты кейіпкері Бақыткүл осы кезге дейін үлкен өмір жолынан өтті, құс болып тұғырға да қонды. Бірақ өз ісіне адалдық танытып, пендешіліктен аулақ жүрді.

Сондықтан болар, Асылбек пен Бақыткүл ұлы Тойлыбекті тәрбиелеуде бойларындағы осы қасиетті, осы ұстанымды ұстанды. Тойлыбек те өз қызметінде адалдықты ту етіп ұстанып келеді. Қазіргі уақытта Тойлыбек Астана қаласында тұрады, Мемлекеттік басқару академиясын аяқтаған, Қазақстан Республикасының Үкіметі аппаратында экономика бөлімінің бас консультанты қызметінде. Келіні Айсұлу жоғары білімді химик-маман, бүгінде Асылбек пен Бахыткүлдің екі немересін бағып отыр. Немерелері Аруназ 4-сынып озат оқушысы, Алдияр мектепке даярлық тобында.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан Журналистер  және  Халықаралық  Жазушылар  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: