Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ер-азаматтың үй тірлігіне араласқаны дұрыс па?

26.05.2022, 9:20 567

Елімізде гендерлік теңдік туралы сөз жиі қозғалып жүр. Тіпті нәзік жандылар митингке шығып, талап-тілегін билікке жеткізіп әлек. Олардың айтуынша, қыз асхананың ханшайымы емес, елдегі ішкі-сыртқы мәселеге араласуы қажет. Иә, қазақта қыз баласына әрдайым қатаң қараған. «Қызға қырық үйден тыйым» деп ата-бабамыз бекер айтпаған болар. Сол себепті қыз баласы да өзінің арман-мақсаты үшін қоғаммен күресіп жатқаны дұрыс. Бірақ  бұл гендерлік теңдік мәселесі «кіші мемлекетке» де өз әсерін тигізді. Есеппен емес, ессіз сүйіп қосылса да өзара түсініспеушіліктер кесірінен елімізде ажырасу көбейді. Бұның себебі көп. Бірақ «ең ақымақтығы» – үйдің тірлігін бөлісе алмай ажырасу. Дегенмен ер мен әйел бүкіл абырой мен қаңқу сөздерді ысырып қойып, отбасындағы тірлікті бірге атқара ала ма? Әлде әйел үйдің, ер-азамат түздің адамы деген стереотип қалыптасқаны дұрыс па? Осы жайында  әртүрлі  типтегі  әйел  адамдармен ой  өрбітейік.

Нұрсәуле Дүйсенбайқызы,

облыс  әкімі  жанындағы  әйелдер ісі және отбасы демографиялық

саясат  жөніндегі  комиссия  мүшесі:

– Менің 32 жылдық отбасылық өмірден түйгенім: шаңырақ от­ба­сы мен анаға, балаларға ортақ құттыхана мешітке айналуы үшін қазақ салт-дәстүріне сай асыл дінімізде нақты көрсетілгендей әрқайсысының өз орны мен міндеттері, жауапкершілігі болуы тиіс. Қазір жақсылап жоспарлап, үйле­сімді замануи технологияларды пайда­лана білсе, жұмыс істейтін болса да  бір үйдің тірлігін бір келіншек бала­ларымен шыр айналдыра алады. Нақты айтқанда асты газ пісіреді, шайды тефаль қайнатады, кірді, ыдысты машина жуады. Бұрындары ер-азаматты түздің адамы деп айтатыны олар аң аулап, мал бағып, көбіне сыртта жүрді. Қазіргі таңда атқаратын қызметіне қарай болмаса сәл өзгерді. Біз ер-азаматтан балаларды  балабақшаға,  мектепке, үйір­мелерге апару бойынша қолғабыс күтеміз. Үйге келген кезде тәрбиесі мен сабағына қарау жеткілікті. Үйдің тіршілігі дейтіндей бүгінгі күні бір әйел­ден артылатын жұмыс жоқ. Сонда да әйел адам өзімен-өзі баламен бөлек қалып жатады. Отбасы жайында ақыл­дасу, тіршілігін жоспарлау деген нәрсе кенжелеп қалып жатыр. Сондықтан шаңырақтың бағыт-бағдарын, болашақты жоспарлап, балала­рымыздың  өмірі  бірінші  кезекте  ер-азаматтың мойнында болуы керек. Іс жүзінде өзіне есеп беріп, бүкіл жүкті өзі алып отырса, әйел  адам  еш  жаққа кетпейді. Ақылы бар әйел ер адамға майда-шүйде тірлікке араласуына жол бермейді. Егер мұның бәріне күнде­лікті  араластырсақ,  ерле­ріміз  майдаланып  кетуі  мүмкін.

Аружан  Алданазарова,

мұғалім:

– Негізі ер адамның үй тірлігіне аралас­қаны дұрыс емес деп айтып жатады. Иә, ер-азаматтың несібесі – түзде. Бірақ әйел адам ауырған кезде, жүкті кезінде кейбір тірлікке көмектесуге болады. Бірақ бүкіл тірлікке жағаласып жүргені дұрыс емес. Құрбыларымның үйіне қонаққа барғанда ас үйде бұлармен бірге жүгіріп, қазанға түсіп кете жаздап, кішкентай бала құсап аяққа оратылып жүргендері біртүрлі ерсі көрінді. Тіпті киімдерін өздері жуып, өздері үтіктейтінін көріп қысылатынмын. Сондықтан ер адам отбасындағы тірліктің қайсысымен  айналысуын  білуі   қажет.

Айгерім  Серік,

жас ана:

– Ер-азаматтың үй тірлігіне көмектесіп тұруында еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Өзінің де үйі, өзінің де әйелі. Кейде бала қарап, шаршап қалған кезде немесе қонақ келіп үлгермей жатқанда азды-көпті жұмысын  бөлісіп, бірігіп істегенде тұрған ештеңе жоқ. Үй таза, әйелдің көңілі де тоқ болады. Дегенмен ер адам өз орнын білуі қажет. Күнде демей­мін, арасында ауырып қалған жағдайда болмаса, әйелінің көңілін көтеру мақсатында үй тірлігін өзі жасау ездік емес, ерлік деп санаймын.

Жақсыгүл  Серғазықызы,

студент:

– Ер-азаматтың үй тірлігіне араласуы – меніңше қалыпты жағдай. Себебі бұл – тірлікті істеу ғана емес, әйеліне көмектесу арқылы ерлі-зайып­тылар арасында жақсы байланыс ор­нату. Қазіргі таңда ер адамдар әйелдеріне «неліктен ақша сұрай бересің?» деп те дау-жанжал болып жатады. Бұны құптамаймын. «Мен еркекпін, қыз баласының тірлігін істемеймін» деп жүретін ер-азамат отбасын ұзаққа ұстап тұра алмайды. Бұл принциптің кесірінен екеуі де опық жейді. Сол себепті ер адамдар әйеліне көмектесіп, ненің не екенін білуі керек. Әйел заты өзінің туып-өскен жерін тастап, жыраққа келіп отырғанда жылу іздейді. Ең алдымен, жарынан қолдау күтеді. Сондықтан гүл етіп бағаласаңыз, ол да сізді төрге сүйрейді. Ал  егер  тәкаппарлығыңыздан  қайтпайтын  болсаңыз, көрге  сүйрейтіні  анық.

ТҮЙІН. Ортақ үй, ортақ қам-қарекет. Отбасындағы «қызмет» – өзара түсіністікпен шешілетін ішкі іс. Дей тұрғанымен, осындай ұсақ-түйектен отбасының қабырғасы жарық береді. Жоғарыдағы пікір берген қыз-келіншектің барлығы дерлік түбі бір пікірді айтты. Барлығына ер-азаматтан тек қолдау болса жетіп артылады. Дамыған заманда күйбің тірлік аз. Нәзік жандылардың айтуынша, ер адам еңбекқор болса, үйдегі тірлік бір өзіне ауырлық әкелмейтіндей. Дегенмен ер де мынаны ұғыну керек, жеке әлем болып, өз принципіне қадалып, сөзге үйір болса, шаңырақты ұстап тұру қиын. Әйелінің үлгермей жатқан шаруасына көмектесіп, баласына қамқорлық таныту ұят емес.  Кезінде ел қорғаған батыр ағаларымыздың өзі ана деген атаулыға құрметпен қараған. Сондықтан әйел мен ер отбасындағы тірлікті міндет қылып, бір-біріне артудың қажеті жоқ. Сайып келгенде, бәрі түсіністікте…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: