Қыздар, мен сендерге өз сырымды бөліскелі тұрмын. Өтінемін, мені сөге көрмеңдер. Онсызда өз ісіме әбден опық жеген жанмын. Басымнан өткен жайды жарияға жар салғандағы мақсатым біреу-ақ, ол – өзгелер менің жолыммен жүрмесін, қайталамасын деген ой.
Осыдан біраз уақыт бұрын қоғамда «ашық-шашық киінгеннің бәрі жезөкше емес» деген пікір жиі-жиі жазылып жатты ғой, естеріңде болар. Ол әлгі қысқаметражды кинодан шыққан болуы керек. Кинода «Полицияны киген киімінен танисың», «Дәрігерді де ақ халатынан бірден ажыратуға болады», т.с.с. ой айтылып, бір жігіттің қысқа киген қызға «сізді жезөкше деп ойлап қалдым» дейтіні бар. Осы жайт қоғамда қатты талқыланды. Көбі жазды, айтты. Ал мен үнімді шығара алмадым. Себебі…
Жас күнімнен ашық-шашық киінетінмін. Әкемнің қайтқанына көп болған. Жұрт менің бұл жүрісімді осы оқиғамен байланыстырса керек. Негізі олай емес еді. Шетелдің актрисаларына қатты қызығатынмын, «солар секілді киінгенде тұрған не бар?» деп өз-өзімді кез келген жерден ақтап алатынмын. Ел-жұрт қарсы сөз айтқан сайын, мен одан әрі үдете түсетінмін. Бірақ…
Алдымдағы 7 жас үлкен ағамды көп жерде, көп ортада басын төмен қаратып, еркек емес, ез еткенім бар. «Қарындасыңа қарамайсың ба?» дегенді көзімше де көп адам айтты. Обалына не керек, ағам әрдайым «ұзын ки» деп айтатын. Мен үйден шығарда жабық киініп шығып, көшеде «өз стиліме» оралатынмын. Шыны керек, студенттік жылдарда группаластармен жиі-жиі қыдыратынбыз. Құрбы-құрдастармен бейтаныс ортадағы отырыстарға да барып жүрдік. Сол кездерден көптеген фотолар естелік болып бүгінге жетті. Бірақ, мен үшін қызыға қарайтын емес, өкінішпен, жанымды жегідей жейтіндей ащы естеліктер боп қалды…
Ақиқатын айту керек, қоғам киген киіміңе қарай бағалайтыны рас. Ешқандай артық қылтың-сылтыңым болмаса да, жұрт мені «бұзылған қыз» деп ойлайтын. «Қойшы, жұрт не ойласа да бәрібір, бастысы ондай емеспін ғой» деген ой түбіме жеткендей. Өйткені, бара-бара «бәрі солай ойлайды» деген сөз менің ыза жерді басуыма себепкер болғандай. Одан өзге бір-екі жайттың да себеп екенін жақсы білемін. Студенттік шақтағы көңілді кештердің бірінде ашық-шашық киіміме қараған болуы керек, сонда танысқан жігіттердің бірі арам ойын жүзеген асырғысы келген еді. Кейіннен мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Мінсіз мүсінімді көрсе еркек біткеннің есі кетіп, ойша істерін істеп тастағысы келетінін іштей сезетінмін. «Ашық кигенім өзгені жалықтырмайды, өзімді жабықтырмайды» деп ойлаушы едім. Қателесіппін…
Барлығы мен ойлағандай болмады. Бір сәтте жаман ойдың, жеңіл ақшаның жетегінде кете бардым. Өз-өзімді тани алмадым. Артынша өз-өзімнен жиіркендім. Мені бұған итермелеген барлығының мен жайлы жаман ойы шығар. Мен солай ойлаймын…
Жас күнімдегі «сән қууым» бүкіл өміріме кері әсерін тигізді. Тұрмыс құрдым. Мен есігін аттаған үй группаласымның нағашылары болып шықты. Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі деген рас екен. Абырой болғанда, группаласым менің «Қойшы, жұрт не ойласа да бәрібір, бастысы ондай емеспін ғой» деген ұстанымда жүрген кезімді ғана білетін. Бұл ойдан да, басқадан да «беріліп» қалғанымнан бейхабар еді…
Әр нәрседен бір секем алып, қызара бөртіп жүргенімде бір масқараға тап болдым. Қайын сіңлім жиенінің үйіне барғанда ескі альбомдарды ақтарыпты. Онда менің ашық-шашық олай да бұлай түскен суреттерім тізіліп тұр. Тіпті, айтуға да ұят. Нағашы жеңгесі, яғни мен үшін группаласым студенттік шақтағы бүкіл естелігін отқа тастамайтыны анық. Мұны қайын сіңліме «жас кезімдегі ессіздігім ғой» деп ешкімге айтпауын өтіндім. «Олай киінбе» деп айту үшін де өзің соған лайық болуың керек екен ғой! Қазір өткен оқиғаға өкінумен, өзімді кінәлаумен өмір өтіп жатыр. Қарап тұрсам, бәріне өзім ғана кінәлімін. Сол уақытта қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болғанын енді ғана түсінгендеймін. Өзімше сән қуамын деп, көптің пікіріне құлақ аспағаным жаныма батады.
НҰРГҮЛ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!