Қолына бір бума ақша ұстап отырып, «ешқайда шықпай-ақ, үйде отырып табыс тапқыңыз келе ме?» деп жарнамасымен әлеуметтік желілерді жандырып жүргендердің қазір қарасы қалың. Көрген көз қызыға қарайды, міндетті түрде әлгінің парақшасына кіреді. Парақшада осыған дейін және алдағы табыстары және жетістіктері міндетті түрде көрсетіледі. Тауып жатқан ірі көлемдегі сомасына сілекей шұбырып отырғанда, «мына нөмірге хабарласыңыз, мен сізге қалай ақша табу керек екендігін көрсетемін» деген сөзден кейін көрсетілген WhatsApp нөміріне қалай хабарласқаныңды білмей қаласың. «Ақшаның арбауына түстің» деген осы ма әлде бұл тұрмыстық қажеттіліктің қарекеті ме?
«Бақсам бақа екен» демекші, әлгіндегідей хабарландырулардың дені – желілік маркетингтің өкілдері. Қандай да бір компанияның өнімдерін сатып, оның тұтынушыларының санын көбейтуге ықпал ету арқылы табыс табуға болады. Желілік маркетингтің жүйесі көпке мәлім: адамдар «қауымын» қалыптастырып, командада «көшбасшы» атануың қажет.
Бүгін халықтың санасы жаңарып, психологиялық таным-түсінігі өзгере бастаған. Әсіресе жаңа буынның «бай болсам, бақуатты болсам» деген талап-тілегі зор. Олар алдымен сананы тазартып, ынта-жігерді бизнеске бұрғысы келіп тұрады. Мұны бүгінгі жастардың түрлі психологиялық семинар-тренингтерге қатысып, индивидтік дамудың даңғыл жолына түскендерінен ап-анық байқауға болады.
Үйде отырып табыс табу қыз-келіншектерге тым қолайлы. Неге дейсіз ғой? Біріншісі, күні бойы кеңседе отырып келуі оған шарт емес. Екіншіден, әйел тұрмыстық тіршілікке үлгереді. Үшіншіден, ана ретінде үйдегі бала тәрбиесі де сырт қалмайды.
– Тұрмысқа шыққаннан кейін араға уақыт салып, бала күтімі бойынша демалысқа шықтым. Бірнеше жылдан соң қарап отырмай тиын табудың жолдарын іздестіре бастадым. Күйеуім кеңселік жұмыс істеуіме қарсы болды. Ақыры желілік маркетингпен айналысуға бел будым. Алғашында «командама адам жиналмай қала ма?» деп қорқасоқтағаным рас. Бірақ, өзімді қамшылағанымның арқасында жетістікке жеттім. Компания маған еңбегіме қарай ақша төлейді және мен сапалы өнімдерін пайдаланып отырамын. Қазір командам кеңейіп, табысым да еселеніп жатыр. Мен осы табысыма ризамын және отбасыма да осы жұмысым тиімді. Көпшілігі желілік маркетингті алдамшы деп қабылдайды. Негізінен олай емес, жұмыс істесең, зейнетін көресің, – дейді желілік маркетинг арқылы үйде отырып табыс табушы Анар Қабдеш.
Нәзік жандылардың берекелі ұясындағы табысты жұмысы мұнымен бітпейді. Instagram әлеуметтік желілердің ішіндегі ең танымалдысы болып тұр бүгін. Жас та, жасамыс та осы арқылы кәсіптерін иіріп әкетіп отыр. Бір ғана шарты бар, ол – аудиторияңның керегесі кең болу керек. Яғни, сізге жазылушылардың саны он мыңдаған болса, сіздің де жұмысыңыз жүретін болады.
Сонымен, қазір қыз-келіншектер аудиториясына кімдер ықпалды? Отбасылы әйелдерге көбіне тұрмыстық тақырыпта жазатын блогер әлдеқайда қызығырақ. Мысалға алайық. Үй шаруасында отырған келіншекке ата-енемен қарым-қатынас, күйеудің көңілін табу, қонақ шақыру, бала тәрбиесіндегі еске ұстайтын қасаң қағидалар және тағы да осы секілді тақырыптар жақын. Осындай сұранысты аудиторияны пайдаланып блогерлер арнайы посттар жазу арқылы оқырмандарының қарасын көбейтеді. Сол арқылы үйде отырып, жарнама жасап-ақ тиын-тебенін таба алады. Қысқасы, қазір блогы барлардың бағы жанып-ақ тұр. Қолыңда ұялың мен жылдамдығы жоғары интернетіңіз болса болғаны.
– Блогер болу басында ойымда болған жоқ. Үйде отырып телефонымды ермек қылатынмын. Инстаграмда парақша ашып, өз ойымды, керек кеңестерді жазып, салып отырдым. Оқырмандар саны біртіндеп көбейе түсті. Бертін келе парақшамды бизнес-аккаунтқа айналдырып, оны ары қарай табысты жүргізудің жолдарын қарастыра бастадым. Курстарға қатысып, өзім секілді блоггер ханымдармен кездестім. Ісім оңға бастады. Олай дейтін себебім, маған «жарнама жасап беріңізші!» дейтіндер көбейіп, ұсыныстар келіп түсе бастады. Мен оларды ақшаға жасап беріп отырдым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Қазір шүкір, үйде отырып-ақ балаларымның нәпақасын тауып отырмын,- дейді Айжан есімді блогер.
Түйін. «Еңбегің болмаса, елге өкпелеме» дейді. Бүгін тасада отырып біреуді «бай» деп күндейтін, «кедей» деп күлетін заман емес. Қымбатшылық қыспаққа алған заманда жүгіре жүріп, нан табудың қамына кірісетін уақыттың нақ өзі. Нарық «нан тап» дейді, «жай жат» демейді. Белгілі айтыскер, ақын Айнұр Тұрсынбаева да «Түпсананы өзгертіңіз!» деген тақырыппен жарты Қазақстанның санасына сең жүргізіп жатыр. Әрбір жазбасындағы пікірлерде сан жоқ. Көпшілігі айтыскердің мотивациялық семинарларының нәтижесіне сансыз алғыстарын жаудыра, жарыса жазған. Демек, сана өзгерген қоғамда үйде отырған әйелге де табысты болуға ешқандай кедергі жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!